Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Адам папиллома вирусына қарсы екпе салудың маңыздылығы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Адам папиллома вирусы – қатерлі ісік «ошағы»
774
оқылды

Жиынға қатысушылар еліміздің мектептерінде 11 жастан бастап барлық қыз балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салу мәселесін талқылады. Сондай-ақ бұл вирустың жатыр мойны обырын тудыратыны туралы халық арасында ақпараттың аздығы мен түсіндіру жұмыстарының жоқтығына тоқталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлі­метінше, адам папиллома вирусы – кең таралған ин­фекция. Адамда папиллома вирусының 100-ден астам түрі кездессе, олардың 14-і онкогенді, яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Дәрігерлердің айтуынша, ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы осы вирус екенін дәлелдеген. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын әлемде 300 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұмады және инфекциядан қорғанудың жалғыз тиімді әдісі – вакцинация. АҚШ пен Аустралия сияқ­ты елдер жасөспірім қыздарға иммундау бағдар­ламаларын 15 жылдан астам уақыт бұрын енгізді. Вак­цинацияның экономикалық тиімділігі көптеген зерттеуде дәлелденген. Вакцина – АПВ салдарынан болатын ауруларды және өлімді 70%-дан 97%-ға дейін төмендетеді. Қазір әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда АПВ-ға қарсы вакцина қолданылады. Ал халықаралық ғылыми зерттеулер жатыр мойны обыры қатерлі ісік дерті түрлерінің ішінде екпе арқылы толықтай алдын алуға болатын жалғыз дерт екенін дәлелдеген.

Жалпы, елімізде алғаш 2013 жылы 12-14 жас ара­лы­ғындағы қыздарға АПВ-ға қарсы екпе салу пилоттық жоба ретінде қолға алынып, кейін 2015 жылы тоқ­та­тылған-ды. Биыл Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, тек ата-анасының келісімімен 175 мың қызға екі дозамен екпе салуды жоспарлап отыр. Вакцина сатып алуға 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, оған 351 мыңнан астам доза мөлше­рін­де вак­цина сатып алынған. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жыл сайын жатыр мойны обырына 2 000-ға жуық әйел шалдығады және 600-ден астам әйел бір жылда осы аурудан көз жұмады. Яғни, күн сайын жатыр мойны обырын жұқ­тырған 5 жағдай анық­талса, күніне 2 әйел осы дерттен қайтыс болады. Ал 25 пен 44 жас аралы­ғы­н­­дағы әйелдерде жиі кез­десетін қатерлі ісік па­то­логиялары арасында жа­­тыр мойны обыры 2-орында тұр. 

– Адам папиллома вирусына қатысты Оң­түстік өңірде, оның ішінде Жетісай, Түл­кі­бас, Сайрам аудандарында болдым. Тұр­ғын­дарды АПВ вирусына қарсы вакцина әрі оның қалай өтіп жатқаны қызық­тырады. Вакцина деген сөздің өзін қазір көп адам бас­қаша қабылдайды. Оларды «Бұл қандай вак­цина? Құрамы қандай? Соңы қандай бо­ла­ды екен?» деген сұрақтар мазалайды, – деді Астана қаласы мәслиха­ты­ның депутаты, журналист Ләйлә Сұлтанқызы.

Сондықтан халық арасында АПВ инфекциясы жөнінде және оның алдын алу үшін екпе салудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек дейді мамандар. Бұған дейін Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова оқушыларды жаппай вакцинациялау үшін АҚШ-тың көпвалентті вакцинасы таңдалып отырғанын хабарлаған болатын.

30 жылдық тәжірибесі бар онкогинеколог Бақытжан Әлібекованың айтуынша, бұл вакцина инфекцияның алдын алуға көмектеседі және аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.

– Қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гар­дасил». Вакцина қауіпсіз және вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аллергиялық реакциялардың ықтималдығы минимал­ды – 100 000 адамға 1 жағдай ғана, – деді Ба­қытжан Әлібекова.

Ал Ecomed Me­di­cal Group ЖШС директоры Жанерке Әжетованың айтуынша, 2023 жылы елімізде 6 түрлі вакцина тір­кел­ген. 

– Соның ішінде екі валенттік вак­ци­на­ның үш түрі, төрт валенттік вакцинаның екі түрі, соңғы жылдары пайда болған тоғыз валенттік Гардасил вакцинасы бар. Бұл – АҚШ-тың өнімі, сапасы жоғары. Халық арасында вакцина ауру тудырмай ма деген алаңдаушылық бар. Қарапайым тілмен түсіндірсем, бұл вакцина емес, ақуыз, яғни ақ дене. Осы антиген денеге енгізілгеннен кейін адамда вирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Нә­тижесінде, қыздардың аталған вирусты жұқтыруы, ауырып қалуы төмендейді. Вирус осылайша, өзімен-өзі жазылып кетеді. Сондықтан да міндетті түрде бұл вакцинаны салу керек. Өйткені вакцина дегеніміз вирус емес, – дейді Жанерке Әжетова. 

АПВ вакцинасы туралы әртүрлі аңыздар­ды жиі еститініміз жасырын емес. Мәселен, ел ішінде вакцина бедеулікке әкеледі немесе аутизм ауруымен туатын балалар санын арттырады деген қауесет бар. Алайда Жанер­ке Әже­това вакцина туралы түрлі аңыздың негізсіз екенін түсіндіріп берді. 

– АПВ – әлемде кең таралған вирус бол­ған­дықтан, вакцина алу ең тиімді шешім. Оның әлем бойынша 200-ден астам генотипі бар де­сек, соның 40 типі жыныстық қатынас жо­лымен жұғады. Ал қалған 160-тай типі тұр­мыстық жағдайда, қолдан қолға жұғу ар­қылы таралады. Бұл вирустар ылғалды жерде жақсы дамиды. Яғни, мон­ша, сау­на, бассейнге шомылатын кішкентай қыз­да­рымыз өздері білмей жұқтырып алуы мүм­кін. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. Қыз­дарымыз жас­тайынан вирус жұқтырып, кейін қатерлі ауруларға тап болса, өкінішті болмақ. Ел ішінде тараған аңыздардың тағы бірі – вакцина бедеулікке алып келуі мүмкін деген қарабайыр түсінік. Біздің Ecomed Medical Group клиникасы жылына қаншама келіншекке эко жасайды. Соның ішінде бірде-бір әйел осы вакцинаны салып, со­ның салдарынан бедеулікке ұшырады деген тұжырым жоқ. Керісінше, вакцина алмаған әйелдеріміз осы ауру­ға шалдығып, соңы жатыр мойнының қатерлі ісігіне алып келіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұның соңы әйелдің жатырын немесе жатыр мойнын алып тастауға әкеледі. Мұндай жағдайда әйел жүкті бола алмайды, сондықтан қыз­дары­мыздың болашағын қазірден ойлап, дер ке­зін­де вакцина алуы керек, – деді маман.

Онкогине­ко­логтардың айтуынша, жасөспірім қыз­дарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай вакцинациялаудың артықшылығы вирустың алдын алу және қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінен қорғауға бағытталған. Екпе 2 кезеңге бөлініп салынады. Жүргізілген зерттеулер бойынша, вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпайды және жыл сайын егу қа­жеттілігі жоқ. Сондықтан ата-аналар қыздарының ден­саулығы үшін алдымен АПВ туралы және оған қарсы екпе туралы берілген ақпаратпен толықтай танысу керек. Екіншіден, мектептегі арнайы дайындық пен оқыту курс­тарынан өткен медицина қызметкерінен барлық сұрақтарына жауап алуына болады. Үшіншіден, интер­нетте АПВ жөнінде мәліметтер мен бүкіләлемде жүр­гізілген зерттеулер жеткілікті болғандықтан, оларды оқып танысуға мүмкіндік көп.

– Егер қоғам иммунопрофилактиканың маңыз­дылығын түсінетін болса, ортақ күш-жігермен біз әйел­­дер­дің өмірін сақтап қала аламыз, – деді Л.Сұлтанқызы.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ