Республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жез­қаз­ған» тасжолының жұтаң тартқан күйі көп жылдан бері жұрт­шылықты алаңдатып келеді.
Жолдың күйі жұтаң
1,112
оқылды

Әсіресе, тарпаң жолмен жүйткіген темір тұлпар тізгіндеушілердің халі мүшкіл. Со­ған орай күре жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жол салу жобасы қолға алынғанына бірнеше жыл­дың жүзі болды. Алайда халық тарапынан әлі күнге дейін жолдың сапасына қатысты сын-ескертпелер арагідік бол­са да айтылып қалып жүр. 

Мемлекет басшысының ті­ке­­лей бақылауымен тасжолға қатыс­ты түйткілдің түйіні 2022 жыл­дың басында ғана тарқа­тыл­­ғандай болды. Соның ішін­де Сыр өңірі аумағына қарасты бөлігіне жөндеу жұмыстары қол­ға алынғаны бел­гілі. Бұл бірін­ші кезекте жол аза­бын тар­тып жүрген жолаушыларды қуант­ты.

Жалпы, аталмыш жолдың Қы­зылорда облысына қарасты бөлігі ауқымды. Атап айтқанда, Сыр өңіріне тиесілі жергілікті маңызы бар 3418,5 шақырым жол болса, оның ішіндегі 1014,5 ша­қырымы республикалық маңызға ие. 

Негізінен, Қызылорда об­лы­сы мен Жезқазған өңірінің арасы 430 шақырымға тең. Осы жол аралы­ғының көп бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Екі аралықта халық қо­ныстан­ған елді мекен жоқ, қо­нақ­үй де салынбаған. Ұялы бай­ланыс қызметі орнатылмаған. Кө­лігі бұзылып, далада қалған жо­лаушылардың күйі не болаты­нын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Халықтың жол сапасын сынға алып, дабыл қағуының бас­ты себебі осы болатын.

Қазір мамандар күре жол­дың Сыр өңірі аумағындағы бөлігінде құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқа­нын алға тартады. Үш жылға жос­парланған бірегей жоба ме­желі уақытында сапалы жүр­гізіліп, күйі қашқан күре жол адам танымастай кейіпке ене­тініне сендіріп отыр. 

«Қызылорда – Жезқазған» жо­лына байланысты айтар бол­сам, жұмыстар 2022 жылы бас­та­лып, кестеге сәйкес жүргі­зілуде. Жол негізінен үш қабат­тан тұрады. Нақты уақытта жолдың жоғары қабатының 145 шақырымына жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Ал төменгі қабатының 130 шақырымы салынды. Соңғы кезең бойын­ша бүгінгі күнге дейін 40 шақы­рым жол аяқталып тұр. Жұмыс­шы күші мен техника жеткілікті. Жоба 2026 жылы толық аяқ­тала­ды. Қажетті құрылыс зат­тары өзіміздің облысқа қарасты Жаңақорған ауданындағы «Шал­­­қия» кен орнынан жет­кізіле­­ді. Сондай-ақ абаттандыру жұмыс­тарын жасаймыз. Оның ішінде жол белгілерін қою, қоршаулар орнату жұмыстары жобаға енгізілген», – деп түсін­дірді бұл жайында «Қаз­авто­жол» Қызылорда облыстық филиалы директорының орын­басары Ерсайын Мұзафар. 

Жобаның жалпы құны 72,6 млрд теңгені құрайды екен. Құ­ры­лыс жұмыстарына 5 мердігер ком­пания тартылған. Оның 4-еуі қы­тай­лық болса, 1-еуі отан­дық ком­­пания. 

Ал халықтың талабына сәйкес, жол құрылысы сапасын тілге тиек еткенде тапсырыс бе­руші мекеме тарапынан дау­рығатындай мәселе туын­дама­ғанын жеткізді. 

«Негізінен, қүрылыс басын­да мердігер мекеменің жол сапасын бақылайтын арнайы зертханасы жұмыс істейді. Бұл тұрғыда «Жол ак­тивтерінің ұлт­тық сапа орта­лығы» респуб­лика­лық мемлекеттік мекеме­сінің зертханасы тұрақты түрде тексеріп, бақылау жүргізеді. Халықтың талап қоюы заңды­лық. Дей тұрғанмен, жол қүры­лысы әлі жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілген жоқ. Сон­дықтан құрылыс сапасына баға беруге әлі ерте деп ойлаймын», – деп түсіндірді Ерсайын Бо­лат­ұлы. 

Мәліметке сәйкес, әу бас­тан жоба шеңберінде Қызылор­да об­лысы аумағынан жаңадан айнал­ма жол салу, 204 шақы­рымдық жолды қайта жаңғырту жұмыстары жос­парланған. Сол сияқты 2 дана жол айрығы, үй жануарларына арнал­ған жол өткелдер, су арналарынан өте­тін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау өлшейтін арка­ларын орнату, 5 заманауи жылы дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткел­дері және 117 жол қиылысу мен түйісу­лерін салу көзделген.

Қазір халықтың көпжылғы арманына айналған Сыр өңірі мен Ұлытау арасын жалғайтын күре жолдың құрылысы кестеге сәйкес әлі жалғасып жатыр. Мамандар тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылатынына сенім білдірді. Ең бастысы, жол сапалы салынып, ха­­лық үдесі­нен шығады деп үміт­тене­міз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы