Бүгінде үлкенді-кішілі сахналарда домбырамен күй орындалып жүр.
«Жұмыр, Қылыш», «Торжорға», «Әсем Қоңыр» күйлерінің атауын қате жазып жүр – күйші
Фото: автордыкі
3,390
оқылды

Бұл үрдіске қуанамыз. Кәсіби күйшілер мен домбыраның әліппесін енді ғана ашқан жас домбырашылар қазақтың күй өнерін насихаттаса неге қуанбасқа?! Алайда көңілге кірбің  түсіретін бір жайт бар. Айтпасқа тағы болмайды. Ол күй атауларының дұрыс жазылуы. Бүгінгі жазбағымыз – осы.

Әрине,  «Адай», «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым» секілді танымал күйлер дұрыс аталып жүр. Оған ешкімнің таласы жоқ. Дегенмен осы аталған күйлер сияқты аса танымал болмаса да, оқу бағдарламасы мен концерттік сахналарда орындалып жүрген, бірақ күй атауы қате аталатын бірнеше күй бар. 

Әуелі Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» күйі жайлы жазайық. Бүгінде күйдің атауы жазылуының нұсқалары көп. «Жұмыр қылыш», «Жұмыр-Қылыш», «Жұмыр-қылыш»... осылайша түрлене береді. Бұл жазғанның бәрі қате. Күй тарихын оқымай, өз пайыммен айтатындар «Махамбет қылыштың жұмырлығына, өткірлігіне арналған күйі» деп айтатындарға таңғалғаннан басқа шара жоқ. 

Күй аңызын оқиық. «1838 жылы Исатай өлгеннен кейін жалғыз қалған Махамбет тағы да күш жинап, ханнан кегін алу үшін Жайық бойындағы Байбақты еліне барады. Байбақтының Жұмыр (шын есімі – Садыр) және Қылыш деген батырларымен кездесіп, жолдас болады. Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» күйі сол кезеңде шыққан. Осылай жасырын жүрген Махамбет жанына Жұмыр мен Қылышты ертіп алып, Байбақты елінің бір ауылында төрелермен отырған Баймағанбет Айшуақовтың үстінен түседі. Міне, осы жерде Махамбет пен Баймағанбет сұлтан  бірінші рет кездеседі. Баймағанбеттің жандайшаптары Махамбетті ұстауға жанталасады. Ал Махамбеттің жанындағы Жұмыр, Қылыш батырлар Махамбетті арашалап, ұстатпай топтан шығарып, аман алып кетеді. Осы оқиғаға байланысты Махамбет жанына ерген жігіттерге разы болып, «Жұмыр, Қылыш» атты күй шығарыпты». Бұл 1982 жылы «Қазақтың музыкалық фольклоры» еңбегінде жазылған. Күй мен аңызды жеткізген – Оразғали Сүйімбеков.

Көріп отырғанымыздай, күй екі батырға арналған. Сондықтан адам есімдері жазылғанда дефис пен сызықша керек емес, арасына үтір қойса жеткілікті. «Махамбеттің күйі «Жұмыр, Қылыш» деп жазуы керек.

 

Ендігі жазбағымыз Абайдың күйі жайлы. Бүгінде екі түрлі атап жүрміз «Торы жорға» немесе «Торжорға». Жасыратыны жоқ, бұл күйді тыңдап, шертіп жүрсек те, нақты күй атауы жайлы көп білмейміз. Сондықтан ақ-қараны ажыратып берер екі кітапқа үңілуді жөн санадық. Олар 1995 жылы жарық көрген Абай энциклопедиясы (бас ред. Р. Нұрғалиев) және 2016 жылы жарыққа шыққан «Шыңғыстау өнірінің шертпелері» (құр. Т. Ибрагимов, С. Малаев). 

Абай энциклопедиясында күй аңызы келесідей жазылады. «Күйді Ғ.Сармурзин 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Оспан ақын ауылында жылқышы әрі Абайға атқосшы болған кісі. Абайдың Жетісу елінен сыйлыққа келген Торжорға деген аты болған. Ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман Верный (Алматы) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында Ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп, танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады. Бұл жөнінде М. Әуезовтің «Абай жолы» романында тартымды суреттелген». 

Абай айналасындағы домбырашылық өнер жайлы зерттеліп, сарапталып жазылған «Шыңғыстау өнірінің шертпелері» еңбегінде де күй атауы «Торжорға» деп берілген.

Деректерден түсінгеніміз «Торжорға» деп жылқының лақап аты болса керек. Мысалы,  «Құлагер», «Тайшұбар» дегендей. Сондықтан Абайдың күйі «Торжорға» деп жазсақ, қателеспеспіз деп есептейміз.

 

Енді Динаның «Әсем Қоңыр» күйі жайлы бірер сөз.  Күй атауын түрлі жазып жүр: «Әсемқоңыр», «Әсем-қоңыр», «Әсем қоңыр»... Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» еңбегінде: «1937 жылы Дина көркемөнерпаздардың слетіне Алматыға келді. Ол мұндағы білім алып жатқан жастарды көреді. Олардың бақытты ұрпақ екенін көріп іштей сүйсінеді. Ол өзінің немересі Қоңырын еске алып, Қазақстанның бақытты балаларына арнап «Әсем қоңыр» (Әсемқоңыр) күйін шығарады» дейді. 

Дегенмен Қоңыр Динаның немересі емес, қызы екен. Бұл жайлы оралдық ғалым Қазыбек Құттымұратұлы Дина күйшіге арнаған мақаласында Қоңыр Шәпекқызы (1899-1967) жайлы толық дәлелді мәлімет келтіреді. Сонымен қатар Динаның өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген Айтолқын Тоқтаған өзінің PhD дәрежесін алуға арналған диссертациясында: «Әсем Қоңыр» кеңес жастарының бақытты шағын суреттейтін күй деп білгенімізбен, ол сондай-ақ Динаның Қоңыр есімді қызының жеке трагедиясына деген күйшінің ана ретіндегі толқынысынан туындаған күйі», – деп жазады.

Қай деректі алып қарасақ та, Қоңыр – адам есімі. Сондықтан оны кіші әріппен немесе басқа сөзбен қосарлап, не дефис арқылы жазуға келмейді. Осылайша, ең дұрысы Динаның күйі «Әсем Қоңыр» болуы керек деп есептейміз.

 

Динаның тағы бір күйі бар. Халық арасында үш түрлі атап жүр. Олар «Науысқы», «Науайы», «Науаи». Бұл күй атауларының түп-төркінін іздеп, ақпараттарды саралағанымызда алуан түрлі дерекке жолықтық. Бір дерек келесі дәлелді жоққа шығарады. Ал сол деректі тағы бір ақпарат теріс дейді. Бұл мақаламыздың мақсаты ғылыми дәлдік табу емес, күй атаулары жайлы ғана болғандықтан, деректердің барлығын жазып жату қажет емес деп шештік. Тек қысқа қайырайық.

«Науаи» – өзбек ақыны Әлішер Науаидың мерейтойына арналған күй дейді. «Науайы» – қазақ даласында ертеректе өмір сүрген Науайы есімді күйшіге арнау күй. «Науысқы» – әзілге негізделген күй. Дегенмен көпшілік «Науаи» мен «Науайы» екеуі бір екенін жазып, тіл заңдарының ерекшелігін алға тартады.

Өз уақытында сенсация болып, қазақ мәдениетін дүр сілкіндірген «Қазақтың 1 000 күйі» антологиясында мұрағаттан табылып, Динаның «Науайы» туындысы деп мына күй берілген. 

Дәл сол «Қазақтың 1 000 күйінде» Динаның «Науысқы» күйі деп берілген мына күй. Бұл күй 1955 жылы жарыққа шыққан пластинка «Құрманғазының күйі «Науысқы» деп жазылған екен.

 

Құрметті оқырман, біз шамамыз келгенше дереккөздерге сүйеніп, күй атауларындағы қателіктерді түзеуге тырыстық. Барлық жазғанымызды өз ойымыздан емес, білгендердің сөзінен алдық. Егер осы мақаланы оқып, көкейіне қондырып, болашақта дұрыс жазып жүрсе, осы жазғанымыздың мақсаты орындалды деп есептейміз.

Рүстем Нүркенов, күйтанушы