4 мың пәтер беріледі

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін Президент әділдік идеясы еліміздің мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өткені есімізде. Әлеуметтік әділдіктің ең негізгілерінің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру екені айдан анық. Тұрмыс дұрыс болуы үшін бірінші кезекте тұрғындарды баспанамен қамтуға баса назар аударылғаны жөн.

Осы орайда Жетісу облысында жыл сайын мыңдаған жан баспаналы болып жатқанын айта кеткен жөн. Тұрғын үйлер салу қарқыны биыл да жоғары деңгейде. Жыл соңына дейін өңір­дегі 4 мыңнан астам тұрғын қо­ныстойын тойлайды деген батыл жос­пар бар. Егер бұл меже орындалса, он­да облыс бойынша үй кезегінде тұр­ғандар саны бірден 14 пайызға азая­ды. Ол үшін келер жылға дейін өңір­де 350 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй тұрғызылуға тиісті. 

Биылғы 8 айда облыста 150,2 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға бе­рілген. Қыркүйекке дейін пай­да­лану­ға берілген баспаналар жыл соңы­на дейінгі жоспардың 43%-ын құ­райды. Сондай-ақ халықтың әлеу­мет­тік осал топтарынан кезекте тұр­ған­дар үшін 866 жалдамалы пәтер са­тып алуға 13,4 млрд теңге бөлінген. «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен 560 пә­терлік 9 тұрғын үй салынуда. Бар­лы­ғы жоспарға сай жүзеге асса, жыл соңына дейін 4 мың 117 пәтерде қо­ныстойы тойланады. 

Үйлі болу қуанышына кене­ле­тін­дер қатарында облыстың барлық аудан-қалаларының тұрғындары бар. Со­лардың арасында соңғы жылдары тұр­ғын үй мәселесі өте күрделі жағ­дай­да екені аталып жүрген Кербұлақ ау­данының орталығы Сарыөзек ауы­лында үлкен істер атқарылып жат­қа­нын айта кеткен жөн. Күні кеше то­ғыз жолдың торабында орналасқан ірі елдімекенде 60 пәтерлік жалға бе­­­­рілетін тұрғын үй халық игілігіне тап­сырылды. Жылдар бойы кезекте тұр­ғындар мен тозығы жеткен екі қа­батты үйлерде тұрып торық­қан­дар­дың және әлеуметтік осал топта­ғы­лардың арасынан бірден 60 отбасы үй­лі атанды. Солардың ішінде бо­л­ған, мүгедек жеткіншегін қоса ал­ған­дағы бес баланы бағып-қағып отыр­ған көпбалалы ана Татьяна Кузина­ның қуанышында шек жоқ. 

– Баспаналы болғаныма, қолыма пә­тер кілтін ұстап тұрғаныма әлі де се­­­­не алар емеспін. Осынау қуанышты сәт­­ті өте ұзақ күттік. 8 жыл кезекте тұр­­дық. Енді, міне, өз үйіміз бар. Бұл – отбасымыз үшін үлкен бақыт, зор қолдау. Үш бөлмелі пәтеріміз жарық әрі кең. Енді балаларым да алаңсыз ойнап-күліп, сабақтарын оқи­тын болды, – дейді батыр ана. 

Ауылдасымен қоса қуанған са­рыө­­зектік тағы бір тұрғын да өзде­рі­нің жағдайына түсіністікпен қарап, жа­нашырлық танытқан мемлекетке ал­ғысын жеткізуге асықты. 

– Ерекше күтімді қажет ететін балам бар. 2015 жылдан бері кезекте тұ­рамыз. Жалдамалы пәтерде көшіп-қо­нып жүру бізге ауыр тиетін. Міне, бү­гін көптен күткен пәтерге қол жет­кіздік. Ұлымның өз бөлмесі болады. Қа­зіргі қуанышымды, бақытымды сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Әр шаңыраққа осындай баспана нә­сіп етсін, – деген Гүлмира Қасы­мо­ва­ның толқынысын да түсінуге бо­ла­ды. 

Кербұлақ ауданы әкімдігінің мә­ліметінше, мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан баспана алу кезегінде 1 600-ден астам тұрғын тіркелген. Қазіргі кез­де ауданда осы мәселені шешудің бар­лық мүмкіндіктері қарас­ты­рылу­да. Күні кеше пайдалануға берілген 60 пәтерлі тұрғын үйден бөлек, жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік жа­ғынан осал санатындағы тағы 100 от­басы баспаналы болмақ. Олар үшін ау­данның әр ауылдық округтерінен жаңа жеке үйлер сатып алынуда. Қа­зірге дейін 17 үй сатып алыныпты. Та­ғы 50 үйді қазан айында, қалған 33 үйді қараша айында алу жоспар­лан­ған. Осылайша, жыл соңына дейін ауданда тұрғын үй кезегі 4,4 пайызға қысқарады. Яғни, баспана кезегіндегі адам­дар саны 1 467 адамға дейін азая­ды. Сонымен қатар алдағы кезде тағы екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылы­сын аяқтау жоспарланған. Оның бірі, «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есе­бінен салынып жатқан жалгерлік үй болса, екіншісі, тозығы жеткен үй­лердің тұрғындары үшін тұрғызылуда.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы