Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздегі колледждер мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған шәкіртақы өсті. Осыдан бірер ай бұрын Премьер-Министр Олжас Бек­тенов 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттерінің шә­кіртақысын арттыруды көздейтін Үкімет қаулысына қол қойған еді.
Студенттің наны нарықтың әніне сай ма?
1,735
оқылды

Нақтырақ айт­сақ, енді колледж студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандықтары үшін 43 574 теңге, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгеге жетеді. Ал бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға өседі. Бұл дегеніміз, жоғары оқу орнында білім алатын студентке 47 135 теңгеге дейін шәкіртақы төленсе, педагоги­ка­лық және медициналық бағытта білім алушылар үшін ай сайын 75 600 теңгеге дейін беріледі. Интернатурада оқитын студенттер – 85 376 теңге, ал резидентура са­тысында білім алушылар 123 122 теңге алады. Магистранттар мен док­торанттардың шәкіртақысы 15 пайызға артып отыр. Магистрлер ай сайын 107 061 тең­ге алса, сәйкесінше докторанттар 240 000 теңгеге дейін шәкіртақыға ие болады.

Жыл сайын шәкіртақы сомасында өзгеріс болса да, бұл студенттер­дің күнкөрісін қамтамасыз етуге жетпейді. Әсіресе, жатақханадан орын берілмей, пәтер жағалап жүрген студенттер үшін ай сайын төленетін шәкіртақы со­масы аздық ететін көрінеді. Одан өзге сту­денттің күнделікті оқу орнына барып-келу, үзіліс уақытында асханада тамақтану немесе көшедегі дүкендерде тез дайын­да­латын тағамдарды, фастфуд өнімдерін уа­қытша талғажау ету сынды қосымша шы­ғындары тағы бар. Әрі қарай өзіңіз бағам­дай беріңіз... 

Шәкіртақының өсуі әлеуметтік жағдайды түзей ме?

Нұрбибі Алчинова – Алматы қала­сын­дағы беделді оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің студенті. Биыл оқу жылы қар­саңын­да Нұрбибіге жатақханадан орын бе­рілген. Алайда жатақханада тұру бағасы – шәкіртақы сомасының жартысынан астам бөлігі. Нұрбибі жатақханада өмір сүре­тін студенттерден өзге пәтер жалдап тұра­тын құрдастары үшін шәкіртақы жет­пейтінін, сондықтан қатарластары сабақ­тан тыс уақытта қара жұмыс істеуге мәж­бүр екенін алға тартады. Кейіпкеріміз шә­­­­кіртақы сомасы артқан күннің өзінде студентке қосымша табыс қажет болып қала беретінін атап өтті. 

– Ай сайынғы 47 135 теңге бір ай бойы сту­денттің күн көруіне жетпейтіні айтпаса да анық. Мен жатақханада тұрамын. Айы­на 25 000 теңге төлеймін. Сонда шә­кір­т-а­қыдан 22 000 теңге көлемінде ақша ар­тылады. Ал пәтерде тұратын студент­тер­ге бұл ақша артылмақ түгілі бір айлық пәте­ра­қыны төлеуге де жеткіліксіз. Меніңше, шәкіртақының өсуі студенттің әлеуметтік жағдайының жақсаруына еш әсер етпейді. Бұл қанағатсыздық емес. Жыл сайын азық-түлік, киім-кешек пен жолақысының өсу пайызы шәкіртақының көбеюінен де артық болар, – дейді ол.

Әңгіме барысында Нұрбибіден сту­дент­­тің бір айлық қажеттілігін өтей­тін, қазіргі нарыққа сай шәкіртақы со­ма­сына ұсынар орташа бағасын сұрап көрдік. 

– Күнделікті шығындарды ескерсек, сту­дент ата-анасынан ақша алмай, табыс табу жолында мамандығына сай келмейтін қосымша жұмыстарға уақытын жұмсамай, тек өз саласын меңгеруге күш салып, алаң­сыз оқуы үшін нарыққа сай шәкіртақы кө­ле­мі де өскені дұрыс, – дейді алматылық сту­дент Н.Алчинова. 

«Студенттің қай жыртығын жамай­тынын түсінбейсің...»

Ал биыл бітіруші курсқа көшіп, келер жылы қолына маман екенін растайтын құжатын алғалы отырған Бағлан Тұрғанбек шәкіртақының өсуі студенттің әлеуметтік ахуалына айтарлықтай әсер етпейтінін, сон­дықтан көпшілігі ата-ананың қалта­сы­на ауыр салмақ салмаудың қамымен қо­сымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін атап өтті. 

– Әрине, шәкіртақының өс­кені жақсы. Бірақ ескеретін бірнеше жайт бар. Егер шәкіртақы 43 000 теңге болса, жуық­тап алғанда жыл сайын 20 пайызға арта­ды. Шәкіртақыға қосылатын баға ша­мамен 8 300 теңге. Елдегі инфляцияны ес­керсек, жолақының қымбаттауын, Ал­ма­тыдағы ескі, сапасы сын көтермейтін пә­терлердің шарықтаған бағасын есепке алсақ, шәкіртақыға қосылған 20 пайыз сту­денттің қай жыртығын жамайтынын түсін­бейсің. Қазіргі шәкіртақы мөлшері бел­гілі бір деңгейде студенттің базалық қа­жеттіліктерін өтей алады. Меніңше, айы­на 75-90 мың теңге көлемінде шәкір­т­а­қы алатын студент пәтерақысы мен жо­лақысын өзі өтеп, сабаққа алаңсыз келе алады, – дейді Бағлан.

Алматы қаласындағы медициналық университеттердің бірінде білім алатын ре­зидент Дина (ред-есімі өзгертіліп беріл­ді) оқумен қатар 1 ставка жұмыс істеуге мүм­кіндік бола бермейтінін, ал мемлекет­тен берілетін шәкіртақы отбасылы сту­дент­тер үшін екі миллионнан аса халық шо­ғырланған алып шаһарда өмір сүруге тіп­тен аздық ететінін айтады. Кейіп­кері­міздің сөзінше, оның қатарластары да осы күнге дейін аталған мәселені оқу орны бас­шылығына жеткізуге тырысқан. 

– Қазір тобымызда оқитын резидент­тер – 24 жастан асқан азаматтар. Сондық­тан көпшілігі отбасын құрған, өсіріп отыр­ған балалары бар студенттер. Рези­дент­терге ұсынылған шәкіртақы сомасы ма­териалдық қажеттіліктерімізді толық­қан­ды өтей алмайды. Себебі отбасылы резиденттер үйдегі бала-шағасын асырауы қажет. Тағы бір атап өткім келетін жағдай, резиденттерді көбі қызметке қабылдағысы келмейді. Қосымша жұмыс табу қиын. Алайда 0,5 ставка жұмыс істеуге рұқсат берілген. Біз резиденттерге тым болма­ған­да 1 ставкаға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе немесе шәкіртақы өссе екен дей­міз, – дейді білімін резидентурада шыңдап ке­ле жатқан Дина. 

«Біз жаппай жоғары білім беруге көшіп кеттік»

Әлеуметтану ғылымдарының кан­дидаты Рамазан Саттарұлы сту­дент­тердің шәкіртақы сомасын өсіру тура­лы тақырып қозғалғанда, ең алдымен мә­селенің түп-тамырын елдегі білім жүйе­сі­нен бастап қарастыру қажет екенін не­гіз­ге алды. Маманның сөзінше, қазіргі уа­қытта Қазақстанда жоғары білім беру сатысы бұқараландыру сипатында көрініс табады. 

– Шәкіртақы турасында әңгіме қо­з­ғал­ғанда, бұл ретте ең біріншіден білім мен оның құндылығы мәселесі туындайды. Эко­номиканың алға жылжуы үшін елі­міз­ге білімді мамандар қажет. Бірақ ол ма­ман­дар міндетті түрде жоғары оқу орын­дарында емес, сонымен қатар орта арнайы білім беретін ұйымдарда, бастапқы кәсіби білім беретін мекемелерде дайындалады. Бүгінде Қазақстанда жоғарғы білім беру сатысы бұқараландыру сипатында көрініс табады. Нақтырақ айтсақ, біз жаппай ж­о­ғары білім беруге көшіп кеттік. Шынында, біршама мамандықты ЖОО-да оқытудың қажеті жоқ. Меніңше, олар арнайы орта кәсіптік білім, алғашқы кәсіптік білім дең­гейінде қалуы қажет. Біз көптеген ма­мандықты ЖОО-ның оқыту жүйесіне бірік­тіріп қойдық. Біріншіден, баланы төрт жыл бойы университетте ұстаймыз. Екін­шіден, студентті шәкіртақы, баспа­на­мен қамтамасыз етеміз. Ал баланы бір орын­да 4-5 жыл бойы ұстаудың нәтиже­сін­де бюджетке салмақ саламыз. Алғашқы кә­сіптік білім алып, мамандығын 2-3 жыл­дың ішінде игеріп шыққан бала 18 жас­тан бастап кәсіп иесі атанып, өзін-өзі асы­рай алушы еді. Ол экономиканың дамуына үлес қосады, – дейді маман.

Әлеуметтанушы жоғарыда атап өткен мә­селелердің түйінін тарқату үшін жоғары бі­лімді бұқараландыру сипатынан айы­руы­мыз керек екенін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ Рамазан Саттарұлы студент­тер­дің әлеуметтік мәселесін шешуде мем­лекеттің жалдамалы пәтер құнының тө­мен­деуіне ықпал ете алатынын, онымен қо­са жатақханамен қамтамасыз етілмеген оқу орындары ашылмауы қажет екенін жет­кізді.

– Мынадай қымбатшылық заманда шә­кіртақының өсуі, әрине орынды. Алай­да шәкіртақының өсуі мардымсыз, студент үшін көлемі тым аз. Себебі шығын көбірек. Студенттің пәтерақысы, киім-кешегі, күн­­­­­­­делікті ішіп-жемі бар. Шәкіртақының ар­туы студенттің кішігірім жыртығын жа­мауы мүмкін. Бірақ толыққанды әлеу­мет­тік жағдайды шеше алады деп айта алмай­мыз. Нарықта бағаның өсуін қадағалайтын құзырлы органдар бар. Үкімет жалдамалы пәтерлердің ай сайынғы құнының төмен­деуіне ықпал ете алады. Мұны жүзеге асы­ру үшін жатақханаларды көптеп салу қа­жет. Әлі күнге дейін жатақханасы жоқ оқу орындары жабылуы керек. Шәкіртақы мөлшеріне нарыққа сай қандай баға ұсынар едіңіз деп сұрасаңыз, студенттің ай сайынғы шәкіртақысын ең төменгі жа­лақымен қатар беруші едім. Өйткені білім алу – үлкен еңбек. Бұл физикалық кү­шіңіз­дің арқасында белгілі бір уақыт ара­лығында атқарып тастайтын шаруа емес. Білім жолына түскен бала – ұдайы ізде­ністе жүрген студент. Оқу барысында сту­денттің денсаулығына зиян келетін тұс­тары да бар. Сондықтан осындай қиын-қыстау кезеңде жүрген білім алу­шы­ның шәкіртақысы кем дегенде ең төменгі жалақымен бірдей болуға тиіс, – дейді әлеуметтанушы Р.Саттарұлы.

Білім саласы – ел болып қалыптасып, өркениетке құлаш сермеуде мемлекеттің бас­ты тетігі. Бұл бағытты ілгерілетуде са­па­лы әрі өнімді жұмыстың атқарылуы маңызды. Демек, оқуға зейін қойып, көк­жиегін кеңейтуді көздеген оқушылар мен студенттердің, ғылымға бет бұрған жас ға­лымдардың алаңсыз білім алуы үшін мем­лекет тарапынан жағдай жасалуы әр­кез өзекті болып қала бермек. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы