Мемлекет басшысы айқындаған Әділетті Қазақстанның бейнесі айқын.
Әділетті Қазақстан: бай мен кедей арасындағы алшақтық азаяды
655
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жаңа Жолдауында елімізде әділетті қоғам құру жөніндегі стратегиялық бағытты берік ұстана отырып, экономиканы одан әрі жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бірқатар нақты практикалық шараларды ұсынды.

Мемлекет басшысы айқындаған Әділетті Қазақстанның бейнесі айқын – бұл саяси, экономикалық және әлеуметтік теңсіздікке орын жоқ, барлығы үшін тең мүмкіндіктер қоғамы.

Алайда, қанша адам болса пікірлер де сонша екені белгілі. Әр адамның әділеттілік пен әділетті қоғам туралы өзіндік түсінігі бар. Сондықтан, реформалардың табысы қоғамның бірлігіне байланысты екенін түсіне отырып, Президент баршаны діттеген межеге дәйекті түрде, өзі мәлімдеген Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын қадам сайын нақты мазмұнмен толтыра отырып, жетелеуге ұмтылады. Басқаша айтқанда, әйгілі шортан, шаян және аққу туралы мысалдағыдай емес, бірлесіп әрекет ету үшін, ең болмағанда, бір нәрсені ойлау және сол туралы айту маңызды.

Бүкіл Жолдаудың алтын арқауы – дәл осы, нақты реформалар призмасы арқылы Әділетті Қазақстанның бейнесін қалыптастыратын пайым. Осы реформалардың ішінде екеуіне бөлек тоқталғым келеді, өйткені олар, менің ойымша, Әділетті Қазақстан ғимараты қаланып жатқан кірпіштердің ауқымды жүйелік сипатын айқын көрсетеді.

Ең алдымен, бұл салық жүйесін реформалау, оның негіздерінің бірі – сән-салтанат салығы. Сонымен, бүгінде бізде жеке табыс салығының 10% бірыңғай мөлшерлемесі қолданылады (айтпақшы, ТМД-дағы ең төмен және әлемдегі ең төмен), оған сәйкес олигархтар да, кедейлер де бірдей салық ауыртпалығын көтереді. Жаңа Салық кодексінде жеке тұлғалардың кірістеріне салық салудың прогрессивті шкаласы қарастырылған, онда пайыздық мөлшерлеме кіріс мөлшерімен байланысты болады. Басқаша айтқанда, табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлеуі керек, ал табысы төмен азаматтар аз төлеуі керек.

Бұл әлемнің көптеген елдерінде кең таралған тәжірибе. Мысалы, Ұлыбританияда, Германияда, Францияда жылдық табыстың төменгі шегі белгіленеді, оған салық салынбайды және табыс мөлшері ұлғайған сайын салық 45%-ға дейін көтеріледі. Қытайда прогрессивті салық шкаласы 3%-дан 45%-ға дейін, Жапонияда – 5%-дан 45%-ға дейін, Түркияда – 15%-дан 40%-ға дейін және т. б.

Финляндия мен Швейцария одан да алға шығып кетті. Онда тіпті жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар біздегідей АЕК емес, азаматтардың табыс деңгейіне пайызбен есептеледі. Яғни, дәл сондай ереже бұзушылық үшін байлар кедейлерге қарағанда көбірек айыппұл төлейді. Айталық, 2010 жылы Швейцарияда жылдамдықты асырғаны үшін рекордтық бір миллион доллар айыппұл салынды (!).

Дайындалып жатқан Салық кодексіне сәйкес көлік салығына қатысты да сараланған тәсіл болжанып отыр. Енді оны есептеу кезінде автомобильдің қызмет ету мерзімі де ескеріледі. Машинаның шығарылған жылына байланысты мынадай түзету коэффициенттері пайдаланылатын болады: 10 жылға дейін – 1, 10 жылдан 20 жылға дейін – 0,7, 20 жылдан астам – 0,5.

Бұдан басқа, сәнді заттарға – элиталық жылжымайтын мүлікке, яхталарға, жеке ұшақтарға, сәнді автомобильдерге, алкоголь мен сигараның қымбат түрлеріне қосымша акцизді енгізу жоспарлануда.

Жалпы, мұның бәрі азаматтардың ең кедей және ең бай санаттары арасындағы табыстардағы елеулі алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттің өзінің әлеуметтік міндеттемелерін неғұрлым тиімді орындауына және тиісінше халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға заңды түрде ықпал ететін болады.

Әділетті Қазақстан моделіне тағы бір маңызды болып көрінетін қадам азаматтардың мемлекетті басқаруға атсалысуын кеңейту екендігі сөзсіз.

Жолдауда Мемлекет басшысы мәлімдегендей, келесі 2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың барлық әкімдері тікелей сайлау негізінде сайланатын болады. Бұл шешім өткен жылдың күзінде еліміздің барлық өңірлерінде сайланған 45 әкімнің пилоттық сайлауының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап ауылдық округтердің әкімдерін тікелей халық болып сайлайды.

Осы тұрғыда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлаудың бұрын енгізілген аралас-пропорционалды жүйесін де қарастырған жөн, соның арқасында қазақстандықтар өкілді органдарға нақты кандидаттарды таңдауға және тіпті қандай да бір партияда тұрмай-ақ өздерін ұсынуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, азаматтар енді бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттар қанағаттанарлықсыз жұмыс істеген жағдайда олардың өкілеттік мерзімінің аяқталуын күтпей-ақ қайта шақырып ала алады.

Осылайша, «Әділетті Қазақстан: Заң мен әртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған реформалардың басты мақсаты қарапайым адамға, оның мүдделері мен қажеттіліктеріне қарай бет бұру, азаматтар мен азаматтық қоғамды мемлекетті басқару үдерісіне тарту болып табылады. Басқаша айтқанда, басқару объектісінен шыққан адам белсенді және тең серіктестік негізде билікпен өзара ықпалдастықтағы оның субъектісіне айналады.

 

Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ,

Қазақстан Президенттік орталығының

директоры                      

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.