Атыраулықтар масаға таланып жатыр
Атыраулықтар масаға таланып жатыр
Фото: Интернеттен алынды
219
оқылды
Атырауда көпқабатты үйдің тұрғындары жаз келмей жатып, масаға таланып жатыр, – деп хабарлайды AstanaTV. Вокзал маңы тұрғындарының айтуынша, суға толы жертөленің кесірінен, қансорғыш жәндіктер тым көбейіп кеткен.
Жергілікті тұрғын Марат Сүйінішқалиев: «Жаз шықса осы көретін күніміз. Айтылып жатыр КСК-ға да, бұрын улайтын еді. Масалар қырылып, кішкене демалып қаламыз. Ал артынан білмеймін, химикат аз қоса ма, әлде. Түтінді бұрқыратып кетеді. Солярканың иісі сияқты. Көк түтін кіре алмайсың. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ», – деді.
Тұрғындар масаны жоятын химиялық дәрілер балаларға зиянын тигізе ме деп қорқады. Олар жаз шықпай масаның бас көтеруін, жертөледе жиналған судан көріп отыр. Атыраулық Жанар Жақсылықова: «Балаларды шағады. Түнімен ұйықтатпайды. Тұрып өлтіріп жүреміз таңға дейін.  Оны тазалау үшін ең бірінші подвалды тазалау керек», – дейді.
Ал «Жәкишова» ПИК төрайымы Ақмарат Жәкішева:  «Арасында ЖКХдан машина сұрап, олар бізге машина бөледі, бөлінген жағдайда «откачка» жасаймыз. Сосын шамалы ғана жиналатын су қайдан шығып кететінін білмейміз. Суды алып тастасақ та, дымқыл, сыз қабырға кеппейді», – деді.
Биыл аймақта қонсорғыштармен күреске 65 миллион теңге бөлінген. Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров: «Биылғы жылы маусым айының 30-ына дейін 3 ай мерзімге 65 млн қаражат қаралып тұр. Көпқабатты үйлердің барлығы дерлік қамтылады. Сонымен қатар елді мекендердің орталық көшелері, сонымен қатар су, кәріз желілері атқарылады», – деді.