Халықтық штаб мүшелері өңірлерді аралап, еңбек ұжымдарымен, жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізуде.
АЭС – қоғамдық пікірдің қозғаушы күші
1,104
оқылды

Бүгінде елімізде АЭС салу туралы референдумға қатысты пікірталастар қызып тұр. Оған өз кезегінде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың қозғау салғанын атай кету керек. Үгіт-насихат жұмыстарына Республикалық штаб, өңірлік штабтар, депутаттар, сарапшылар, ел ағалары, қоғам белсенділері, жастар, кәсіпкерлер, жалпы барлық әлеуметік топ өкілдері атсалысуда. Халықтық штаб мүшелері өңірлерді аралап, еңбек ұжымдарымен, жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізуде. Осы уақытқа дейін олар 10 өңірде болған екен. Аймақтарды аралау әлі де жалғасуда. Ендеше, халық арасындағы насихат жұмыстарының хронологиясын сақтап, негізгі оқиғаларды бір шолып өткенді жөн көрдік.

2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Осыған орай 5 саяси партия мен 20-ға жуық республикалық қоғамдық бірлестіктердің 250-ге жуық өкілінен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды. Альянсқа біріккен партиялар – «AMANAT», ҚХП, «Ақ жол», «Ауыл» және «Байтақ».

4 қыркүйек күні Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Мәжіліс Спикері бүгінгі таңда энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алғашқы орынға шыққанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейді сейілту, мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру. Оған қоса, ол партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі бар екенін атап өтті.

9 қыркүйекте Республикалық Халықтық штаб пен оның өңірлердегі филиалдарына мүше депутаттар мен жастар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері және тағы басқалар бір кісідей жұмылып, ақпараттық-насихаттық жұмыстарын бастап кетті. Сол күннен бергі уақытта штаб мүшелері бірнеше топқа бөлініп, 9 өңірінде болды. Олар – Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Ұлытау, Атырау, Қызылорда облыстары және Алматы, Шымкент қалалары.

Киелі Түркістаннан басталған сапар

Өңірлерге сапар дәл осы күні Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен Түркістан облысынан бастау алды. Республикалық штаб өкілдері Сауран ауданындағы «Хабибулла ата» кәсіпорнының жұмысшыларымен және Түркістан локомотив пайдалану депосы ұжымымен кездесті. Осы күні штаб өкілдері аудандағы «Қамқорлық бөлімшесі» орталығында, А.Байтұрсынов атындағы білім ұясының ғимаратында ардагерлермен, ауыл тұрғындарымен де жүздесті.

Бірегей бастамаға шығармашылық және ғылыми орта да өз қолдауын білдірді. Осы 9 қыркүйекте Түркістандағы «Farab Library» ғылыми-әмбебап кітапханасында және Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де де кездесу өтті. Халықтық штаб мүшелері жалпыхалықтық референдумның азаматтық қоғамды біріктірудегі рөлін, атом энергетикасын дамытуда қазақстандық ғылыми әлеуеттің алар орнын, осы саланың қалыптасуында жаңа буын кәсіби мамандар даярлау ісін қарастырып, талқылады. Өз кезегінде түркістандықтар да өз пікірлерін ортаға салып, энергия тапшылығы ел экономикасының дамуына, әлеуметтік жағдайдың түзелуіне кері әсер ететінін айтты. Ал ашық мазмұнда, еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесуде университет ұжымы мен студенттер АЭС салуды қолдайтындықтарын атап өтті.

10 қыркүйек күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өңірлердегі халықпен кездесуі одан әрі Шымкент қаласында жалғасты. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде зиялы қауым өкілдерімен, белсенді жастармен және «Тассай» индустриялық аймағында кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен жиын өтті. Еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындардың бірі саналатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері бірқатар техникалық мамандық бойынша білім алады, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

 

Болашақ инженерлер атом электр стансасы идеясының елді одан әрі дамыту және өндіріс саласында жаңа мультипликативті мүмкіндіктер жасау бағытындағы барлық перспективаны жақсы түсінеді. Сондықтан студенттер, жас ғалымдар, жастар ұйымдарының белсенділері кездесуде АЭС салу идеясын толық қолдайтындарын мәлімдеді.

«Тассай» индустриялық аймағындағы кездесуде АЭС салынған жағдайда елдің экономикалық ахуалдың қалай өзгеретіні жайлы сөз болды. Атап айтқанда, ұзақ уақыт пайдалануға болатын мұндай станса кәсіпорындар үшін аса маңызды электр энергияның тұрақты және қолжетімді тарифін қамтамасыз етеді. Бұл қадам зауыттардың, фабрикалардың өндіріс шығынын азайтып, өз тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

12 қыркүйек күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Қарағанды облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Солардың бірі – «Ақ жол» партиясы. Теміртау қаласының және Бұқар жырау ауданының тұрғындарына Президент Жолдауының негізгі бағыттары, алдағы референдумның мән-маңызы түсіндірілді.

 

– «Осы күні мемлекетіміз электр қуаты тапшылығын сезініп, оны көршілес елдерден импорттауға мәжбүр болып отыр. Инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Себебі жарияланған жобалар бойынша тапшылық көлемі 8ГВт құрайды. Яғни, бұл проблема ертерек шешілуі керек еді. Әлі де кеш емес. Бұл дер кезінде қабылданған шешім», – деді «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.

13 қыркүйекте АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Жамбыл облысында педагогтер қауымымен, теміржол қызметкерлерімен, Меркі ауылының тұрғындарымен кездесті. Таразда ұстаздар қауымымен жиын барысында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атом электр стансасы – елімізге энергетикалық тұрғыда тәуелсіздік алуға мүмкіндік беретін болашақтың жобасы екенін атап өтті. Сондықтан, болашағы жарқын, бақуатты елге айналғымыз келсе, баламасы жоқ АЭС салу мүмкіндігін өткізіп алмауымыз керек.

Жергілікті теміржол қызметкерлерімен кездесуде олар Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуға ерекше назар аударғанын еске салды. Соның ішінде теміржол саласын электр энергиясымен қамтудың төмен деңгейі оның өткізу қабілетін шектеуде. Жолаушылар мен жүктерді жеткізу жылдамдығына кері әсер етуде. Мәселен, Шу-Алматы учаскесінде электр энергиясы жиі үзіледі. Транзиттік әлеуеті жоғары мемлекетіміз үшін бұл қомақты пайдадан қағылу деген сөз. Бұған жол беруге болмайды. Жедел шешімін табу қажет. АЭС құрылысы осы мәселелердің шешімін тауып, отандық темір жолдың қолжетімді тарифтер бойынша сенімді электр энергиясына деген қажеттілігін жабады. АЭС қауіпсіздігі туралы айта отырып, штаб мүшелері Парламент ядролық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты жеке заң қабылдайтыны ерекше атап өтті. Бұл құжат АЭС-ты жобалау, салу және пайдаланудың қатаң қауіпсіздік стандарттарын қамтиды.

Меркі ауылының тұрғындарымен – қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» жобаларының қатысушыларымен кездесуде олар ұсынатын жобаларды тұрақты электр энергиясы болмаса жүзеге асыру қиын екені сөз болды. Осыған байланысты, ауыл тұрғындары АЭС құрылысына қолдау білдіріп, бұл жобаның елдегі агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытуда стратегиялық маңызы бар деп санайды.

 «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты АЭС салуды қолдайды

14 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам белсенді әйел «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығы жобасы аясында ұйымдастырылған оқу курстарына қатысты. Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қоғам өміріне және елдің жан-жақты дамуына зор үлесі қосатынын әрдайым айтып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту Президент пен «AMANAT» партиясының басты назарында екенін айтты.

«АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін шешіп, оның алдағы экономикалық дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін біз елдің одан әрі дамуына әсер ететін барлық маңызды шешімдер халықпен бірге қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа саяси мәдениеттің мәні осында. Біз барлығымыз бірге жаңартылған Конституция үшін дауыс бердік. Қазір халық қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көріп отырмыз. Бұл жолы да бірлесіп, еліміздің прогрессивті дамуына тағы бір батыл қадам жасауымыз қажет. 6 қазанда біз батыл шешім қабылдап, АЭС құрылысына дауыс беруіміз керек», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.

Партия Төрағасы қазір кәсіби мамандардың дәлелді сөздері күмәншіл адамдар мен сыншылардың пікірінен басым түсіп, атом энергиясына қатысты халықтың қорқынышы мен үрейін сейілтуі өте маңызды екеніне назар аудартты. Кездесу соңында партияның Әйелдер қанатының мүшелері АЭС құрылысына қолдау білдіріп, барша қазақстандықтарды референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Электр энергиясының 70%-ы көмірмен

16 қыркүйек күні Астана қаласында «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында орналасқан АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта «Ауыл» партиясы өкілдері мен сарапшылардың Экспромт-кездесуі өтті. Оның аясында «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» тақырыбында атом саласының әлеуеті талқыланды. Жиын барысында болашақ энергетикалық перспективалар, кадр мәселесі талқыланып, экологиялық таза энергия көздеріне көшудің тиімді тұстары айтылды. Жиын басында Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мүрсалова сөз сөйлеп, еліміздегі көмір өндіретін қуаттардың тозғанына тоқталды.

«Елдегі электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірмен жұмыс істейтін станцияларда өндіріледі, олардың тозу деңгейі өте жоғары. Енді қазір модернизация қажет деп олар жоспарға енгізілген. Бірақ соған қарамастан, алдағы 20 жылда электр энергиясын өндірудің мұндай түрлерінің қысқаруы болжануда, бұлай болатыны сөзсіз. Осы мақсатта Үкіметтің 2070 жылға дейінгі жоспары бекітілген. Біз жерде әңгіме көмір генерациясын және газ электр станцияларын қысқарту туралы болып тұр», – деді ол.

«Ауыл» партиясы Орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов кездесудің мақсаты қоғамда жүрген сауалдарға мамандардан барынша нақты жауап алу екенін атап өтті.

 

Сенат Төрағасы АЭС салудың басымдықтары туралы айтты

17 қыркүйек күні Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Халықтық штабтың мүшелері Алматы облысына келді. Олар өңірде кәсіпорын ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады. Қонаевта өткен жиында өңірдегі ардагерлер қауымы референдумды белсенді қолдайтынын және оның маңызын баршаға түсіндіруге дайын екенін атап өтті. Солардың бірі Алматы облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов өңірдегі ардагерлер қауымы референдумды белсенді қолдайтынын жеткізді. Ол еліміз энергетикалық дағдарысты бастан өткерген 90-жылдардағы қиын кезеңдерді еске түсіріп, АЭС қамтамасыз ететін тұрақты энергия болашақ ұрпақ үшін әл-ауқат кепілі болатынын атап өтті.

Сондай-ақ сапары барысында Штаб мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметімен танысып, станса мамандарымен және басшылығымен кездесті. Онда елдің энергетикалық секторын дамыту перспективалары талқыланып, отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мәселелеріне баса мән берілді.

«Қазіргі таңда елдегі барлық электр энергиясының басым бөлігін көмір электр стансалары береді. Осындай жағдайда бізге сенімді және қауіпсіз энергия көзі қажет. Атом энергетикасы осы мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Өйткені ол тұрақты, экологиялық таза және Қазақстанды ондаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өзіміздің атом электр стансамызды салу еліміздің көрші мемлекеттерден электр энергиясын импорттауды айтарлықтай қысқартуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін айрықша маңызға ие және өте өзекті», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар АЭС салуды қолдау жөніндегі штаб мүшелері «DAMU» индустриялық-логистикалық аймағында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті, сондай-ақ, «GREEN Land ALATAU» жылыжайына барды. Кездесулер барысында атом электр стансасын салу ел дамуына мультипликативті әсер ететіні, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беретіні сөз болды. Өңір кәсіпкерлері атом энергиясына қолдау білдіріп, АЭС бизнесті дамытудың негізгі факторы саналатын тұрақты әрі сенімді энергияның кепілі болады деген ортақ пікірге келді.

Ал 19 қыркүйек күні Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған топ Алматы қаласында ғалымдармен, ЖОО оқытушыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы бастамашы болған АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі мәнін айқын көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ бұл қадам елдің одан әрі дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны айтылды.

Ұлытау облысы АЭС қажеттілігін жақсы түсінеді

Халықтық штабтың Ұлытау облысына сапарын 17 қыркүйек күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бастап келді. Өнеркәсібі дамыған Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болуда. Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі бола алады, өйткені АЭС – көмір электр станцияларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. Жезқазған қаласындағы Драма театрдағы жұртшылықпен кездесуде осы және басқа да мәселелер сөз болды.

«Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Ұлытау тұрғындарын бірігіп, ұлт болашағы үшін АЭС құрылысына қолдау білдіруге шақырамын!», – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Ал өз кезегінде «BAYTAQ» Қазақстан жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қазіргі реакторларда су технологиясы қолданылатынын және әлемнің ешбір елінде АЭС-пен байланысты апатты жағдайлар болмағанын атап өтті. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин болса, қазіргі уақытта Қазақстан энергия тапшылығын жою үшін жыл сайын Ресейден 100 миллиард теңгеге электр қуатын сатып алатынын еске салды. АЭС біздің елдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Сол күні Халықтық штабтың мүшелері Жезқазған мыс қорыту зауытының металлургтерімен, тігіншілер ұжымымен, Сәтбаев қаласына барып, Ғ.О. Омаров атындағы шахта ұңғылау тресінің жұмысшыларымен, мұғалімдер қауымымен кездесті.

«Байтақ» партиясы АЭС салуды қолдайды

19 қыркүйек күні «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» Астана қаласындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта сарапшы мамандар мен партия өкілдерінің басын қосқан жиналыс өткізді. Онлайн және оффлайн форматта өткен іс-шарада баяндама жасаған мамандар АЭС туралы кеңінен түсіндіріп өткен болса, байтақтықтар еліміз үшін ірі жобаның экологиялық аспектілеріне назар аудартты.

«2022 жылдан бері елімізде шамамен 1,5-2 ГВт көлемінде тапшылық сезіліп келеді. Осы ретте Беларусь еліне назар аударуымыз қажет. Олар атом энергетикасын дамыту арқылы көмір генерациясын 40%-ға қысқартты. Сондай-ақ отын қалдықтарын өзінде жинамайтындай етіп келісімге қол жеткізіп, қысқа уақыта 6 реактор салып алды», - деді ҚЭАО директоры Алмаз Абилдаев.

Ал партияның Астана қалалық филиалының жетекшісі Шыңғыс Лепсібаев өз сөзінде атом энергиясының экологиялық тиімділігіне қатысты бірқатар дәлелдер келтірді.

«Естеріңізге сала кетейін, бүгінде көмірмен электр қуатын өндіру нәтижесінде елімізде 300 миллион тонна көмір күлінің үйінділері жиналып қалған. Мысалы, Екібастұздың жан-жағында бірнеше шақырым жерге дейін күл шығаруға арналған бассейндер орналасқан. Ал бұл дегеніміз жай ғана әр жерде жатқан үйінділер емес, ауаны да, топырақты да ластап жатқан алқаптар екенін сіз де, біз де түсініп отырмыз. Мұндай көлемдегі қоқыстарды біз әлі талай ғасырлар бойы өңдейтін боламыз. Сол себеп, біздің таңдауымыз көп емес. Оның үстіне біздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы қазірдің өзінде шамамен 70% құрайды, сондықтан оларды бәрібір ауыстыру қажет», - деді ол.

Одан да өзге жиын барысында сарапшылар өте мазмұнды әңгімелер мен дәйекті деректер келтіріп, елімізде АЭС салудың тиімділігіне қатысушылардың көзін жеткізді.

Сыр елі АЭС-тің сырына қанықты

20 қыркүйек күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қызылорда қаласына келді. Мұнда аналар қауымымен, ақсақалдармен, ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті. Қызылордалықтар АЭС салудың маңызын жақсы түсініп, аймақты және тұтастай алғанда елді дамытудың ауқымды жоспарын осы бастамамен байланыстырады.

Қызылордада «Анаға тағзым» орталығында өңірдегі аналар қауымымен кездесу өтті. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр ана баласының денсаулығы мен жарқын болашағына ерекше мән беретінін атап өтті. АЭС – экологиялық тұрғыда ең таза, қауіпсіз энергия көзі. Атом электр станциясының құрылысы көмір өнімдерін пайдалануды едәуір қысқартып, қалалардағы ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, АЭС – болашақ инженерлер, энергетиктер, ядролық физиктер, құрылысшылар және тағы да басқа мамандық иелері үшін лайықты жұмыс әрі кәсіби тұрғыда өрлеу.

Өз кезегінде Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанда АЭС салуға қажет ғылыми-техникалық база мен кадрлық әлеует бар екенін айтты. Атап айтқанда, Алматының қақ ортасында қуаты аз реактор 60 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді. Онда 700-ден астам адам еңбек етеді. Медицинадан бастап өнеркәсіпке дейінгі түрлі бағыт бойынша зерттеулер жасалады. Барлық жұмыс МАГАТЭ-ның тікелей бақылаумен жүргізіледі. Мұның бәрі АЭС салу кезінде пайдаланылады.

Бұдан соң Штаб мүшелері бетон өндірілетін зауытқа барып, құрылыс саласының өкілдерімен кездесті. «Respublica» партиясының Төрағасы Айдарбек Қожаназаров бейбіт атом құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Мәселен, АЭС салу кезінде отандық құрылыс компаниялары жоғары жүктеме алады. Яғни, тек атом станциясы ғана емес, сонымен қатар ілеспе инфрақұрылым да қоса салынады: кірме жолдар, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары.

Dalatex тігін фабрикасында Штаб мүшелері кәсіпорынның еңбек ұжымымен өнеркәсіптік нысандарды тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызын талқылады. Электрмен жабдықтау проблемасы – барлық өңірге ортақ. Энергия жетіспеушілігі жаңа өндіріс орындарының құрылуын тежейді. Қызылорда облысында соңғы екі жылда электр энергия тұтыну көлемі артқаны байқалады. Өңірде ондаған тұрғын-үй, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар іске қосылды. Бұл желідегі электр қуатының 23%-ға төмендеуіне әкеліп соқтырды. Атом электр станциясы осы мәселені шеше алады. Қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда оның артықшылығы әлдеқайда жоғары.

Осы күні Халықтық штаб өңірдегі ғана емес, ел аумағындағы жетекші мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі саналатын «Торғай-Петролеумға» барды. Мұндай ірі кәсіпорындар жүйелі жұмыс істеуі үшін тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзі қажет. Сондықтан мұнайшылар алдағы референдумда АЭС құрылысына дауыс беруге ниетті.

Сонымен қатар, Халықтық штаб Сырдария ауданы Ақжарма ауылына барды. Тұрғындармен әңгімелесу барысында Штаб мүшелері ауылдық аумақтарды дамыту ісінде атом электр станциясы ашатын перспективаларға егжей-тегжейлі тоқталды. «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев күн ертең электр энергия тапшылығы туындай қалатын болса, бұл алдымен ауылдық жерлерде сезілетінін атап өтті. Осы орайда, ол ауыл тұрғындарын 6 қазанда ел игілігі үшін маңызды шешім қабылдауға және АЭС құрылысын қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, Штаб мүшелері Қазақстан аумағына күріш өсіретін шаруашылықтарымен танымал Нағи Ілиясов атындағы ауылға барып, тұрғындармен кездесті. Ел аумағындағы шаруалар мен фермерлер АЭС-тың маңызын атап өтуде. Сенімді әрі ұзақ мерзімді энергия көзі ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай көп мүмкіндік береді. Бұл – жылыжайлар салу, егіс алқаптарын кеңейту, ауылда жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар тұрғызу. Мұның бәрі отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін бірнеше есе арттырады. Осы орайда, Қызылордадағы ауыл тұрғындарының пікірінше, халықтың АЭС құрылысын қолдауы – тағдыршешті қадам әрі болашақ ұрпаққа деген шынайы қамқорлық. Сондықтан барша қазақстандық алдағы референдумға белсенді қатысып, АЭС құрылысына дауыс беруге және еліміздің дамуына өз үлесін қосуға тиіс.

ТҮЙІН: АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың Астана қаласында және өңірлерде жүргізіп жатқан талқылау жұмыстарының бір парасы осындай. Біз көп ретте Республикалық штабтың жұмысына ғана тоқтала алдық. Ал одан бөлек өңірлік штабтардың, әр бір партияның, депутаттардың, жекелеген белсенді азаматтардың, сарапшылардың, ұйымдар мен ұжымдардың, жастар мен кәсіпкерлердің одан да өзге көптеген ел болашағына бейжай қарай алмайтын азаматтардың ел арасында жүргізіп жатқан жұмыстарын қамти алмадық. Ал ондайлар өте көп. Әлі де қызу жалғасып жатыр. Ендеше, АЭС мемлекетіміздің экономикасына мультипликативті әсер береді деп жатырмыз ғой. Ал бұл әсердің қоғамдағы сипатын біз ендігісі байқап та отырмыз. Ендеше, әлеуметтік қай салаға да қозғау салған референдумнан ел ертеңіне алаңдаған бір де бір азамат қалыс қалмайды деп сенеміз.

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов

«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді.