«Түркітілдес елдер кітапханасының» қоры 9 906 құжатты құрайды.
Түркітілдес елдердің цифрлық кітапханасы құрылды
483
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған  Жол картасын  әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырманың негізінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісу арқылы «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» іс-шараларының жоспарын (Жол картасын) бекітті. 

Аталған Жол картасы аясында түркі мемлекеттерінің ортақ жазба мұрасын зерттеу және насихаттау көзделіп отыр. 

Бүгінде Жол картасы аясында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Еліміздің сирек қорларының саны мен мазмұнын анықтау және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кітапхана, музей, жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың бірыңғай реестрі құрылды.

Сонымен қатар  түркі халықтарының жалпы жазу  тақырыбы бойынша жұмыстар жүргізу мен салалық қорытындылар жасау үшін Жол картасын келіскен министрліктердің, Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты, Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық архив мамандарынан жұмыс тобы жасақталған еді. Цифрлық кітапханаға енгізілетін құжаттарды зерттеу, іріктеу, саралау бойынша министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті аталмыш жұмыс тобымен отырыс өткізіп, проблемалық мәселелерін талқылады. Отырыста «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Архив -2025» жобалары аясында шетелдерден әкелінген тарихи-мәдени құжаттар мен қолжазбаларды, сирек кітаптарды, материалдарды зерттеу, ғылыми баға беру туралы сарапшылар тобы құрылып, жұмыс ережесі бекітілді.  

Бүгінде Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының www.kazneb.kz платформасында «Түркітілдес елдердің кітапханасы» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жобаның серіктестері: Аликул Османов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы, САХА Республикасының Ұлттық кітапханасы (Якутия), М.Ф.Ахундов атындағы Әзербайжан Ұлттық кітапханасы, Молдова Республикасының АТБ Гагуз атындағы облыстық кітапханасы, Ахмед Заки Валиди атындағы Башқұртстан Республикасы, Татарстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, өзбек әдебиеті порталы. Барлық кітапханалармен ынтымақтастық, соның ішінде кітап және цифрлық жинақтармен алмасу туралы меморандумдар жасалды. «Түркітілдес елдер кітапханасының» қоры 9 906 құжатты құрайды.

2023-2024 жылдары Өзбекстан Республикасының Орталық Азияны зерттеу халықаралық институтымен 122 электронды көшірме, Түрік тарихы мен мәдениеті қорымен (Тürktav) 138 электронды көшірме беріліп, Түрікменстан Ғылым академиясы Мақтымқұлы атындағы тіл, әдебиет және ұлттық қолжазбалар институтымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Бүгінде жасалған меморандум аясында автоматтандырылған негізде ақпараттық кітапханалық жүйесіне барлығы 550 құжат салынған. Сондай-ақ Анкараның  TÜRKTAV  қорынан 25 000-ға жуық құжаттардың Е-көшірмелері алынды, алдағы уақытта барлық құжаттар www.kazneb.kz ұлттық электронды кітапхана порталына жүктеліп, оқырманға ұсынылмақ. 

«Түркітілдес елдердің цифрлық кітапханасы» ресурсы ашық, жоба осы платформадағы бар құжаттармен іске асырылып отыр. Халықаралық кеңістікте қолжетімді болуы үшін автоматтандырылған жүйеде арнайы модуль құрастыру, сарапшылардан өткен құжаттарды жүктейтін мамандардың жұмысы әлі де талқылану үстінде.

Болашағы маңызды мәдениеттің кез келген саласындағы түркі халықтарының интеграциялық үрдістерін қолдау, ата-бабадан келе жатқан мәдени дәстүрлерімізді болашаққа жеткізетін мәдени көпір «Түркітілдес елдердің цифрлық кітапханасы» болмақ. 

Қай заманда болсын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Әлем бойынша түркі халықтарының саны 200 миллион болса, оның 30 миллионға жуығы – жастарды құрайды. Аталған және негізі қаланған цифрлық кітапхананың болашағы түркі дүниетанымына негізделген және өміршең болары да сөзсіз.