Кездесу соңында Халықтық штаб өкілдері тұрғындарды АЭС салудың елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына тигізетін оң әсері туралы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратынын айтты.
АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
829
оқылды

Халықтық штаб мүшелері Алматы облысындағы «APORT mall» ойын-сауық орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізіп, атом энергетикасының қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға әсері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай атом электр станцияларында қолданылатын заманауи қауіпсіздік жүйелері мен радиациялық бақылау технологияларының маңызын атап өтті. Ол қазіргі заманғы III+ буын реакторларының сенімділігін және олардың халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін айтты.

«Қазіргі атом электр станцияларының қауіпсіздік жүйелері әлемдегі ең жоғары стандарттарға сай жасалған. Бұл станцияларда белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі қолданылып, оларды сыртқы және ішкі әсерлерден барынша қорғайды. Мысалы, Чернобыль мен Фукусима сияқты ескі буын реакторларында қауіпсіздік жүйелері әлсіз болатын, бірақ бүгінгі станциялар технологиялық тұрғыдан әлдеқайда жетілдірілген. Атом станцияларының сырты табиғи апаттарға – 8 баллға дейінгі жер сілкінісіне, торнадо мен дауылға төтеп бере алады», – деді Мақсат Толықбай.

Оның айтуынша, станциялардағы күмбездер реактордан шыққан радиоактивті бөлшектердің сыртқа таралуына жол бермейді. Бұл жүйелер АЭС жұмысын апат жағдайында да қауіпсіз етеді, ал радиоактивті бөлінулердің ықтималдығы миллион жылда бір реттен де аз.

Кездесуге қатысқан «APORT mall» қызметкерлері бұл ақпаратты қызығушылықпен тыңдап, АЭС салу жобасын қолдайтындарын білдірді. Орталық қызметкері Айбек Мәте атом электр станцияларының сенімділігін түсіне отырып, жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді.

«АЭС салу – елдің энергетикалық тәуелсіздігіне үлкен қадам. Біз әлемнің жетекші елдері сияқты, қауіпсіз әрі экологиялық таза энергия көздеріне көшуіміз керек. Бұл тек экономикалық тұрақтылық емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды шешім деп білемін», – деді ол.

Кездесу соңында Халықтық штаб өкілдері тұрғындарды АЭС салудың елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына тигізетін оң әсері туралы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратынын айтты. Бұл кездесулердің басты мақсаты – халықты толық әрі ашық ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің энергетикалық болашағына қатысты дұрыс шешім қабылдауға ықпал ету.

Халық энергетикалық тәуелсіздікті таңдайды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Ғ.Сарыбаев пен Р.Қожасбаев және Жетісу облыстық Халықтық штаб мүшесі Р.Салыкова Талдықорған жылу сервис мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Келелі жиында штаб мүшелері АЭС-тің жаңа мүмкіндіктер мен экономикалық серпін беретінін түсіндірді.

– Бүгінде барлық мемлекет үшін халықты тұрақты және қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету стратегиялық мәселе. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің энергетикалық қауіпсіздігін тек атом энергетикасы арқылы қамтамасыз етуге болады. Өйткені дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері тұрақты өндіріс бола алмайды. Сондықтан елімізде де атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғалымдар көп жұмыс істеп жатыр. Елімізде атом саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да – 15 мыңға жуық жұмысшы бар. Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адам, – деді Ғ.Сарыбаев.

Өз кезегінде Р.Қожасбаев АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.

– Атом электр стансысында өндірілетін электр энергиясының құны басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды. Өйткені ондағы отынның бағасы тұрақты және энергия сыйымдылығы жоғары, сондай-ақ станцияның қызмет ету мерзімі 60 жылды құрайды, оны 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде екінші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың 14%-ға жуығы Қазақстанның жерастында шоғырланған, оның 70%-ы экологиялық таза әдіс жерасты сілтілеумен өндіруге жарамды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын өндіріп, уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр,– деді Руслан Қожасбаев.

Атап өту керек, еліміз АЭС салу арқылы басқа елдерге энергияға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік жасамақ.

Сайрамдықтар серпінді даму жолын жақтайды

Ұлт денсаулығы еліміздің ең басты байлығы саналатыны белгілі. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттер белгіленген болатын. Соның ішінде медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын және медициналық ақпарат жүйесін жасау, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік ресурстарын нығайту, медицина саласындағы білім сапасын арттыру жөніндегі басымдықтар айқындалды.

Президент Жолдауында айтылған осы міндеттер мен отандық энергетикалық кешенді трансформациялау жөніндегі бастамалар бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелерінің Сайрам ауданындағы бірқатар сауықтыру орындарының медицина саласы қызметкерлерімен өткен кездесулерде талқыланды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, қоғам белсенділері, эколог және энергетик мамандардан жасақталған Халықтық штаб мүшелері Манкент шипажайының, «Mankent clinic» жекеменшік медициналық ұйымдарының және “АХБК” тігін фабрикасы  еңбек ұжымдарымен кездес өткізді.

Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерімен өткен жүздесулерде, атом электр станциялары орналасқан аймақтардағы радиациялық ахуалдың қалай болатыны көбірек қозғалды. Штаб өкілдері бұл мәселеде қоғамда алаңдаушылық болмауы керектігін айтып, атом станцияларынан қоршаған ортаға тарайтын газдың көлемі көмір станцияларымен салыстырғанда едәуір төмен екендігіне назар аударды. АЭС-тен күл және мұнай өнімдерімен ластанған ағынды сулар шықпайтынына баса мән берілді.

Атом энергетикасын тұтынатын елдердің тәжірибесі көрсеткендей, адамдардың күнделікті өмірде алатын радиациялық дозаның барлық мөлшерінің ішінде, атом энергетикасынан келетін сәулелену тек 0,1 пайызға тең келетіні айтылды. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозалары атом электр станциясының аймағындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін тәжірибе жүзінде дәлелденгені жария етілді. Ғылыми негізде дәйектелген бұл мысалдардан радиацияның әсерінен технологиялық тұрғыда қорғануға болатынын көруге болады. Осы секілді дәлелденген тұжырымдардың негізінде әлемдік қауымдастық ядролық энергетиканы адам мен қоршаған ортаға залалы жоқ «жасыл энергетика» деп танығанын мәлімдеді.

«Ядролық станциялардың қауіпсіз болуын қамту – бұл бір елдің шеңберінен асып, ғаламдық деңгейдегі жауапкершілікке алынған мәселе. Әрбір атом электр станциясы табиғи апаттарға төтеп бере алатындай болып салынады. Мұндай станциялардың қауіпсіздігіне – Дүниежүзілік атом энергиясы қауымдастығы тұрақты бақылау жүргізіп, назарында ұстайды. Станцияда жұмыс істейтін мамандар әлемдік стандарттар бойынша дайындықтан өткізіледі және олардың кәсіби дайындығы халықаралық ұйымның үнемі қадағалауында болады», - деді Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Кездесулер барысында сондай-ақ, атом энергетикасы экономиканың маңызды қозғалтқышына және жоғары технологиялық сектордың локомотивіне айналатыны жөнінде пікірлер айтылды. Бұл өз кезегінде энергетика секторымен іргелес салаларға, оның ішінде отандық медицинаның дамуына, осы бағытта тың ғылыми ізденістер жүргізуге серпін беретіні де кеңінен қозғалды.

Сайрамдық медицина мамандары Қазақстанда АЭС салуды қолдайтындықтарын білдіріп, дамуға бастайтын іргелі істе прогрессивті идеяны жақтауға дайын екенін жеткізді.

Халықтық штаб: Алматы облысында партия өкілдері АЭС құрылысына қолдау шараларын талқылады

Өңірде АЭС салуды қолдауға арналған үгіт-насихат шаралары күшейтіліп, партиялар мен бірлестіктердің өкілдері ақпараттық жұмыстарды жандандыруға кірісті.

Бүгін Алматы облыстық Халықтық штабтың фронт-офисінде отырыс өтті. Жиынға бірнеше партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып, алдағы кезеңде үгіт-насихат жұмыстарын күшейту мәселесін басты назарға алды. Бұл кездесу атом электр станциясы құрылысына қолдау білдіру және оның маңыздылығын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Жиында Халықтық штаб мүшелері үгіт-насихат науқанының нәтижелерін талқылап, алдағы жұмыс жоспарын анықтады. Штабтың белсенділері елдегі барлық аймақтарда халықпен тығыз байланыс орнатып, АЭС салудың артықшылықтарын кеңінен насихаттау қажеттігін ерекше атап өтті. 

«Біздің басты мақсатымыз – халыққа АЭС туралы нақты, дәлелді ақпарат жеткізу. Атом энергетикасы Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие, сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде күшейту қажет», – деді  «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы, штаб мүшесі Ерлан Жакупов.

Отырыс барысында партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері халықпен кездесулердің тиімділігін арттыру үшін нақты ұсыныстар айтты. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату мен түрлі аудиторияларға бағытталған насихат жұмыстарын жүргізу әдістерін жетілдіру жайы қызу талқыланды.

«Алдағы кезеңде халықпен бетпе-бет кездесулерден бөлек, ақпараттық құралдар арқылы түсіндіру жұмыстарын кеңейту маңызды. Әсіресе, жас ұрпаққа АЭС-тің қауіпсіздігі мен экологиялық артықшылықтарын түсіндіру қажет. Қоғамның әрбір мүшесі өз болашағы үшін маңызды шешім қабылдай алатындай ақпаратқа қол жеткізуі тиіс», – деді «Ақ жол» партиясы өңірлік филиалының төрағасы, штаб мүшесі Мейраш Шынасылова.

Жиын соңында Халықтық штабтың алдағы жұмыс жоспары бекітіліп, насихат жұмыстарына қатысатын барлық тараптың жауапкершілігі нақтыланды. Алдағы уақытта ел көлемінде ауқымды үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылып, АЭС салу туралы референдумда халықтың белсенді қатысуына ықпал ету көзделіп отыр.

Халықтық штабтың бұл жиыны АЭС құрылысының ел үшін стратегиялық маңыздылығын халыққа дұрыс және нақты ақпарат арқылы жеткізуді көздеген маңызды қадамдардың бірі ретінде қабылданды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.