Атом энергетикасының жаһандық күн тәртібінде неліктен пайда болғанын жан-жақты түсіндірді.
Бейбіт атомды пайдаланудың артықшылықтары талқыланды
597
оқылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да академик Мейірхан Әбділдин атындағы дәріс залында университет профессорлары, ғалымдары мен студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Бейбіт атомды пайдаланудың артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ядролық физика, экология, медицина және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар қатысып, пікір алмасты. Мамандар атом технологияларын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерін талқылап, энергетика, медицина, ауыл шаруашылығы және ғылыми зерттеулер сынды салаларда атом энергиясын қолданудың негізгі бағыттарын қарастырды. Экологиялық қауіпсіздік пен жаңа технологиялық шешімдерге ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел жұмысын физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен ашып, жүргізіп отырды. Нұрзада Әбдібекқызы тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көміртегі ізін азайту үшін атом энергиясын пайдаланудың маңыздылығына назар аударып, оның әсіресе жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты екенін атап өтті.

ҚР ҰҒА академигі, профессор, ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев баяндама жасады. Ол атом энергетикасының жаһандық күн тәртібінде неліктен пайда болғанын жан-жақты түсіндірді. 2023 жылы Еуропалық декарбонизация комиссиясы газ бен атомды жаңартылатын энергия қатарына қойып, оларды «жасыл энергия көздері» деп жариялады. Әлемдегі климаттың тұрақсыздығы, су тасқыны, дауыл жағдайында атмосфераға СО2 шығарындыларының салдары ретінде газ және бейбіт атом көмірге оңтайлы балама ретінде әрекет етеді.

«Көмір электр станцияларына инвестиция салуға ресми тыйым салынды. Атом энергиясы парниктік газдар шығарындылары төмен тұрақты энергия көзін ұсына отырып, көмір мен газға маңызды балама бола алады», – деп атап өтті спикер.

Физика-математика ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессоры Федор Пенков атом реакторларының тарихын қозғап, жылдам нейтрондардағы реакторлардың артықшылығына тоқталды.

Университетте жүзеге асырылатын атом саласы үшін кадрлар даярлау және «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы туралы физика-математика ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті Сәуле Жауғашева баяндады.

Теориялық және ядролық физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Юлия Зарипова өз сөзінде диагностика мен емдеудегі радиациялық технология рөліне тоқталды. Медициналық қызметкерлер мен пациенттер үшін  қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерекше назар аударылды.

Отырыста ҚазҰУ-дың Теориялық және ядролық физика кафедрасының сарапшы ғалымдары – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Александр Юшков, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Оңласын Имамбек және басқалар баяндама жасады.

Панельдік пікірталас кезінде қатысушылар алдағы онжылдықта пайда болатын атом технологияларының перспективалары мен олардың қолданылуын жақсартатын технологиялық жетістіктерін талқылады. Сонымен қатар атом энергетикасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қалай ықпал ете алатынына және бейбіт атомның пайдасы мен қауіпсіздігі туралы, әрі қоғаммен тиімді байланыс орнату жолдарына қатысты мәселе қозғалды.

Модератор дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, атом энергиясы адамзаттың энергетикадан бастап, медицина, ауыл шаруашылығына дейін көптеген заманауи мәселелерін шешетін үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.