2025 жылдың бюджетінде 42 түрлі әлеуметтік төлемге 6 триллион 26 миллиард теңге қарастырылған.
Мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақылардың мөлшері көбейеді
597
оқылды

Елімізде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикалық бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылардың мөлшері көбейеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектік, асыраушысынан айырылу және арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға көбейеді.

Бұған қоса, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке жарамсыздық пен асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер де 6,5 пайызға ұлғайтылады.

2025 жылдың бюджетінде 42 түрлі әлеуметтік төлемге 6 триллион 26 миллиард теңге қарастырылған.

1. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар (ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты):

мүгедектерге (жалпы ауру, өндірістік жарақат немесе кәсіби ауру салдарынан): I топқа – 101 702 теңге, II топқа – 81 362 теңге, III топқа – 55 474 теңге;

бала кезден мүгедектігі бар азаматтарға: I топқа – 101 702 теңге, II топқа – 84 598 теңге, III топқа – 74 428 теңге;

жеті жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 74 428 теңге;

жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға: I топқа – 101 702 теңге, II топқа – 84 598 теңге, III топқа – 74 428 теңге;

төтенше экологиялық жағдайларға байланысты мүгедектік белгіленген мерзімді әскери қызметшілер үшін: I топқа – 148 855 теңге, II топқа – 127 127 теңге, III топқа – 106 787 теңге;

қызметтiк мiндеттерiн орындаудан тыс жағдай салдарынан мүгедектік белгіленген әскерилер қатарындағы мүгедектерге (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда): I топқа – 101 702 теңге, II топқа – 81 362 теңге, III топқа – 55 474 теңге;

қызметтік міндеттерін орындау кезінде мертігуіне байланысты әскери қызметшілер қатарындағы мүгедектерге (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоспағанда): I топқа – 182 139 теңге; ІІ топқа – 140 534 теңге; ІІІ топқа – 106 787 теңге.

2. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар (ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты):

асырауында бір адам болса – 42 530 теңге;

асырауында екі адам болса – 78 588 теңге;

асырауында үш адам болса – 104 013 теңге;

асырауында төрт адам болса– 120 193 теңге;

асырауында бес адам болса – 127 127 теңге;

асырауында алты және одан да көп адам болса – 138 684 теңге;

басқа (аралас отбасы) – 134 986 теңге.

3. Арнаулы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы (ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты) – 92 456 теңге.

4. Мемлекеттік арнаулы жәрдемақы (айлық есептік көрсеткіш негізінде):

№1 тізім – 37 040 теңге;

№2 тізім – 32 951 теңге.

«Осылайша, мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының ең төменгі мөлшері – 55 474 теңге, ең жоғарысы – 182 139 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының ең төменгі мөлшері – 42 530 теңге, ең жоғарысы – 138 684 теңге. Жыл сайынғы өсім 1,9 миллионнан астам жәрдемақы алушыға әсер етеді», – делінген министрлік ұсынған ақпаратта.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш көлемі 3900 теңге болады. Қазір бұл көрсеткіштің көлемі 3600 теңге. Ал келер жылы зейнетақы көлемі 8,5 процентке артпақ.