Атырау облысында жұмыссыздықтың санын азайту мақсатында 104 жұмыссыз азамат тегін 2 айлық оқудан өтіп жатыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырауда жұмыссыз азаматтар мамандықты тегін игеріп жатыр
Фото: istockphoto.com/ru
1,247
оқылды

Олар облыс әкімдігі және жергілікті мұнай компаниясының қолдауымен  4 мамандық бойынша құбыр монтаждаушы, электр дәнекерлеуші, электр монтаждаушы және автоматтандыру саласында біліктілігін арттыруда.

«Биыл 104 жұмыссыз атыраулық жас біліктілігін арттыруда.Оның ішінде 3 мамандық екі ай, ал дәнекерлеуші мамандығы екі ай жарым уақытта оқытылады. Оқу аяқталған соң  әрқайсысына арнайы сертификат табысталып, осы арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады»,дейді нұсқаушы топтың басшысы Бауыржан Калидуллин.

Білікті кадр даярлау оқуына  жұмыссыз азаматтар іріктеліп алынады. Оларға қойылатын ең басты талап Атыраудың жергілікті тұрғыны болу. Әсіресе, аудан және ауылдық  жұмыссыз жастарға көп көңіл бөлінеді. Сондай азаматтың бірі құрманғазылық Нұрбек Нұрмұханов. 

«Жұмыссыз жүргеніме 6 ай уақыт өтті. Мансап орталығынан хабарласып, APEC колледжінде осы жобаға іріктеу өтетінін айтты. Мен көп жерде сұранысқа ие электр монтаждаушы мамандығын таңдап, әуелі ауылдан тестілеуден өттім» дейді Нұрбек Нұрмұханов.

Бұл жобаның ерекшелігі: оқулар әлемдік стандартқа сай жүргізіледі. Яғни, қолына сертификат алған мамандар шет мемлекеттерде жұмыс жасай алады.  

Өкінішке орай бұл  4 жылға созылған жобаның соңғы кезеңі. Осыған байланысыты нұсқаушы топтың басшысы  бұл оқудың келер жылы тағы да жалғасқанын қалайды. 

Баян Жанұзақова, Атырау облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.