Германия мен Түркия арасында "дөнер-кебаб дауы туындап, оның соңы қазақстандық дөнершілерге де әсер етпек, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Inbusiness.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Қазақстанда дөнер сатуға тыйым салынуы мүмкін
www.istockphoto.com
5,389
оқылды

Испания "хамон серраносын", Италия "неаполитан пиццасын", өзге дамыған елдер – төл тағам түрлерін ресми меншіктеп, патенттеп алды. Қорғалмағанының бірі – түріктің дөнер-кебабы. Мысалы, AP (Associated Press) мәліметінше, дөнерге арналған шикізатпен де, құрал-жабдықпен де бүкіл Еуропаны – Түркия емес, Германия қамтамасыз етіп отыр. 

Бас кеңсесі Берлинде орналасқан "Еуропадағы түрік дөнерін өндірушілер қауымдастығының" дерегінше, тек жалғыз Германияда дөнердің жылдық сауда көлемі орасан 2,3 миллиард еуро (шамамен 2,6 миллиард доллар) табыс әкеледі. Бүкіл Еуропада одан 3,5 миллиард еуро немесе 4 миллиард долларға жуық табыс түседі.

Десе де, Анкара ата-бабасының бұл рухани мұрасын өзі меншіктеп, ресми тіркетудің қамына қызу кірісті. Түркия дәстүрлі тағамын халықаралық деңгейде, халықаралық құқық аясында қорғауға ниетті. Онсыз дөнерді шошқа етінен жасауы мүмкін. Сондықтан 2024 жылғы сәуірде Анкара дөнер-кебабқа "кепілдендірілген дәстүрлі ас" қорғаныш мәртебесін алуға өтініш берді.

Еуроньюс сарапшыларының түсіндіруінше, "кепілдендірілген дәстүрлі ас" (TSG) мәртебесі "шыққан жері және өндірісі бойынша қорғалған атау" (PDO, PGI) деген мәртебеден төмендеу тұр. Соңғысы нақты бір географиялық өңірге телінеді. Мысалы, Францияның Шампань өңірінен басқа өңірлерде жасалған "аққайнарлар" шампан (шампанский) деп атала алмайды.

Шыққан жері және өндірісі бойынша кепілдіктен айырмашылығы сол, кепілдендірілген дәстүрлі ас (TSG) азық-түліктің, ингредиенттердің нақты сапасын және нақты бір мекенде ғана өндірілуін талап етпейді. Бірақ ол тамақты дайындау мен өңдеудің міндетті тәсілдерін, стандарттарын айқындайды.

Сарапшылар төмендеу TSG мәртебесіне қол жеткізсе, соның өзі дөнерге қатысты жағдайды күрт өзгертуге, кебаб өндірушілерге қатаң талап қоюға жарайтынын айтады. Соның ішінде әлемде жеке, бірегей рецептермен жасалатын дөнер-кебаб түрлеріне тыйым салынады. Не сен Түркия бекіткізген рецептпен жасайсың, немесе өніміңді бұдан былай "дөнер" деп атауға қақың жоқ!    

Түркияның өтінімін ЕК қанағаттандырса, онда Түркия бекітіп, тіркеткен өндіріс әдісіне және өнім сертификациясына сәйкес келетін өндірушілер ғана "дөнер" брендін пайдалана алады.

Түркияның ұсынысы бойынша біріншіден, дөнер сиыр (кей жағдайда тауық) етінен жасалуы керек. Екіншіден, ол ет жасы кем дегенде 16 айдан асқан (шамамен тайынша, бұқашық) ірі қара малдың еті болуға тиіс. Яғни, бұзау, баспақ, торпақ, тайөгіз сияқты жастары жарамайды.

Үшіншіден, сиыр еті мал майының, түрік йогуртының немесе сүттің, жуаның, тұздың, жебіршөп-тимьянның, сондай-ақ, қара, қызыл және ақ бұрыштың нақты бекітілген көлемі салынып, маринадталуы шарт. Төртіншіден, дайын өнім тек тік орналасқан істіктен кесілуі керек. Бұл жерде әрбір тілімнің қалыңдығы 3-5 миллиметрден (0,1-0,2 дюймнен) аспауы қажет. Тауық етінен жасалатын дөнер де ұқсас тәсілдемемен реттеледі.

Енді Еуропалық комиссия осы қыркүйек айы аяқталғанша, бір шешім қабылдауы керек. Түркияның өтініміне қарсы Еуроодақ елдері, негізінен германиялықтар 11 наразылық енгізді. Қарсы шағымданғандар тобын ГФР-дің Азық-түлік және ауыл шаруашылығы федералдық министрлігі бастады. Еурокомиссия олардың шағымының қаншалықты негізді екенін анықтауға тиіс. Егер ЕК наразылықтар "негізсіз емес" деген шешім қабылдаса, онда Түркия мен Германияға ымыра-компромиске келіп, ортақ шешім қабылдау үшін тағы 6 ай беріледі. Соңғы сөз Еуропалық комиссияда.