Спикерлер ядролық физиканың көмегімен медицина саласында игеріліп жатқан жетістіктерге, физиканың осы бағытындағы жемісті еңбекке тоқталып өтті.
Ядролық физикасыз медицинаның болашағы жоқ – Халықтық штаб
1,397
оқылды

Халықтық штаб: Энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жол – АЭС

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қарасай ауданындағы Гуманитарлық-техникалық колледж ұжымымен және студенттермен кездесу өткізді,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиынның мақсаты – атом электр станциясын салу жобасының елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен болашағына тигізер ықпалы туралы түсіндіру, жастар арасында кең ауқымды ақпарат тарату.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Халықтық штаб мүшелері Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев сөз сөйлеп, атом энергетикасының стратегиялық маңызына, экологиялық қауіпсіздігіне тоқталды.

Жиында сөз алған Жанболат Жөргенбаев АЭС салудың Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді екенін әрі елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды қадам екенін атап өтті.

«Біздің қазіргі электр энергиясының басым бөлігі ескірген көмір станцияларынан алынады. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімсіз әрі болашақта энергия тапшылығына әкелуі мүмкін. АЭС салу арқылы біз тұрақты, сенімді, экологиялық таза энергия көзіне қол жеткізе аламыз. Бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық өсімге де айтарлықтай үлес қосады»,-деді ол.

Ал Закиржан Кузиев АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты былай деп пікір білдірді:

«Қазіргі таңда әлемде АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа буынды технологиялар енгізіліп жатыр. Қазақстан да осы озық технологияларды пайдаланып, АЭС-тің қауіпсіздігіне толықтай кепілдік береді. Атом энергетикасы – болашақтың энергиясы, біз үшін тұрақты әрі тиімді шешім»,-деді сенатор.

Колледж ұжымы мен студенттері де кездесуде өз пікірн білдіріп, АЭС салу жобасына қолдау көрсететінін айтты. Жастар елдің энергетикалық тәуелсіздігіне және экологияны сақтауға бағытталған жобаның маңызын толықтай түсінетінін жеткізді.

 

Курчатов қаласында Халықтық штаб мүшелері «Геофизикалық зерттеулер институты» ҚР Ұлттық ядролық орталығы филиалының ұжымымен диалог алаңы форматында кездесу өткізді

Бүгін геофизикалық зерттеулер институты ұжымымен кездесуде Халықтық штаб мүшелері диалог форматында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергетикалық секторды әртараптандыру және экономикалық өсуді ынталандыру үшін АЭС салудың маңызын талқылады.

Геофизикалық зерттеулер институты айтарлықтай ғылыми-техникалық және өндірістік инфрақұрылымға ие. Соның ішінде 17 стационарлық станция (сейсмикалық, инфрақызыл, магниттік), деректер орталығы, спутниктік байланыс арналары мен ғылыми-зерттеу зертханаларын қамтитын цифрлық деректерді жинаудың телекоммуникациялық желісі бар. Диалогқа қатысушылар болашақ атом электр станциясының техникалық сипаттамаларын, оның қуатын, реакторлардың түрін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін технологиялық шешімдерді, құрылыс шығындарын, электр энергиясының құнын, ел бюджетіне ықпалын, қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуды талқылады.

Кездесуге қатысушылар жобаның барлық аспектін белсенді зерттеп, сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ АЭС салу қазақстандық энергетиканы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

«Бұл жоба барлық заманауи қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық нормаларға сәйкес келеді. Оған қоса елге тұрақты және ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деп қорытындылады Халықтық штабтың мүшесі  Е. Гулькова.

 

Энергетикалық тәуелсіздік үшін дауыс береді

АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаев, Жетісу облыстық штаб мүшесі Бласов Бекет Жаулаубекұлы Үштөбе қаласындағы Қаратал гумманитарлық колледжінің ұжымымен кездесіп, атом электр стансасының болашағын сөз қылды.

Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу – ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі. Өйткені АЭС – көмір электр стансаларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. Халықтық штаб мүшесі Болат Керімбектың айтуынша, АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі болмақ.

 – Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз,-деді Б.Керімбек.

Ал Руслан Қожасбаевтың сөзінше, атом электр стансалары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл – әсіресе өнеркәсіп пен ірі қалалар үшін аса маңызды. Сонымен қатар уранның үлкен қорына ие Қазақстан көміртегі шығарындыларын барынша азайта отырып, энергетикалық қажеттілікті қанағаттандырудың тиімді және экологиялық таза тәсілі ретінде атом электр стансыларын пайдалана алады. Осылайша елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздері, атом электр станцияларын дамытуды біріктіру дұрыс стратегия болмақ.

Жиын барысында колледж ұжымы АЭС төңірегіндегі сауалдарға жауап тапқан соң, 6 қазанда ел болашағына ықпал ететін жобаны қолдауға уағдаласты.

 

Ұстаздар ғасыр жобасын таңдайды

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Қаратал ауданына атбасын бұрып, Қанабек ауылындағы К.Байсейітова атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, Қазақстанның ғасыр жобасы саналатын АЭС құрылысына қатысты әңгіме өрбітті. Сарапшының сөзінше, электр қуатын өндіру тиімділігі жағынан жаңартылатын энергия көзін пайдалану диапазоны 20-40 пайыз аралығында болса, АЭС-тің тиімділігі 90 пайыздан жоғары екен. Қазіргі уақытта Қазақстанды энергия тапшылығынан АЭС қана құтқарады. Айтпақшы штаб мүшелері мұндай тиімділік тіпті көмір генерациясында да жоқ екенін айтып отыр.

- Сәулелі элементтен үрей көріп, қауіптілігін алға тартып жүрген отандастарымыз да бар. Бірақ олар біраз жайттың астарына үңіліп отырған жоқ. Бір АЭС салып, Қазақстан энергиялық тапшылықты толықтай еңсеріп ккетпейді. Атом электр стансысымен қатар, баламалы энергия өндіруді де басты мақсат етеміз. Былай айтқанда, еліміздің болашағы АЭС-пен қатар жаңартылған энергия көздерінің симбиозына негізделмек,-деді Ғ.Сарыбаев.

Бұдан соң штаб мүшесі АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3-буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. Жиынға қатысушылар іс-шара соңында болашақтың қуаты саналатын АЭС салуды қолдайтынын жеткізді.

 

Дәрігерлер ядролық физика мүмкіндігіне сенеді

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшесі Амангелді Толамисов Қаратал ауданына қарасты Бастөбе ауылының дәрігерлік амбулаториясының дәрігерлерімен кездесті. Жиында спикер Қазақстанның ядролық физикасыз алға ілгерілемейтінін, қазірдің өзінде медицина саласында, әсіресе елімізде қауіпті ауруларды емдейтін препараттардың сәулелі элементтердің көмегімен өндіріліп жатқанын тілге тиек етті.

 – Ядролық физикасыз медицинаның болашағы жоқ. Мұны баршамыз түсінуіміз керек. Шыны керек, ядролық физика қауіптен гөрі жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Алматы қаласындағы Ядролық физика институты фармацевтикалық бұйымдар шығарады. Сол орталықта жұрт қауіпті деп білетін сәулелі элементтерден бірнеше дәрі өндіріледі. Қазақстанда өндірілген өнімдер онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас дауа. Қазірдің өзінде институт қабырғасында шығарылған дәрі-дәрмектер әлемнің 5 мемлекетіне экспортталып жатыр. Осыдан кейін сәулелі элементтер қауіпті деу қисынсыз,-деді А.Толамисов.

Одан соң спикер АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, ешкімге жалтақтамай-ақ, өндірісті өрістетуге болады екен.

Амангелді Толамисов ақ халатты абзал жандарды экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын жобаны қолдауға шақырып, 6 қазанда дұрыс таңдау жасауға үндеді.

 

Экологиялық қауіпсіздік басты назарда

Жуырда АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері Ғалиасқар Сарыбаев және Болат Керімбек Көксу ауданындағы политехникалық колледждің қызметкерлерімен кездесті. Келелі кездесуде штаб мүшелері жұртты толғандырған АЭС төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жауап беріп, алып-қашпа әңгімелердің негізсіз екенін жеткізді.

Штаб мүшесінің сөзінше, 1 грамм уранның қуаты 100 тонна көмірді жаққанмен пара-пар. Ал одан шыққан қалдық та аз емес. Мәселен, қуаты 1 ГВт болатын АЭС-тен шамамен 50 шаршы метр радиоактив қалдық шығады. Әрі    оның қуаты 1-1,5 млн. халқы бар қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Ал қуаты дәл осындай жылу электр орталығы 200-300 мың тонна қалдық шығарады екен.

 - Мамандар электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайызға артып жатқанын айтып отыр. Ал өзімізге мәлім электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артып барады. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом станциясының жұмысына ден қойған. Атом энергетикасы – қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажет,-деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Кездесу соңында штаб мүшесі ұстаздарды 6 қазанда жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырды. Бүгін дұрыс шешім жасау арқылы ұлт болашағын қалыптасатынын жеткізді.

 

Дамудың жаңа сатысына қадам

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Арыстанғали Арын, Ришат Қожабек, Меруерт Күлшанова  Талдықорған қаласындағы №29 мектептің ұстаздарымен кездесті. Спикерлер жасыл экономиканың локомотиві саналатын АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиаланың төрағасы, Халықтық штаб мүшесі Қазақстан болашақта тек АЭС емес, баламалы энергия көзін де пайдалануға бет бұратынын жеткізді. Айтуынша, әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-пен байланыстырып отыр. Ал Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өзіндік технологиялық ерекшеліктер бар. Олар – күннің циклділігі, желдің жиілігі сында жағдайлар. Жыл мезгілінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуына, батуына тікелей байланысты.

 - Ұстаздар болашақтың тұлғасын тәрбиелейді. Ал біз сол ұрпақтың жарқын һәм кемеңгер елде өмір сүргенін қалаймыз. Ал АЭС – сол жарқын елді қалыптастыруға бағытталған қадам. Қазір АЭС салуға қарсы тарап бар. Олар әдетте атом электр стансыларынан бас тартып жатқан Германияның тәжірибесін алға тартады. Бұл жалғыз һәм дәйекті мысал. Бұл елде жаңартылатын энергия көзін пайдалануды 60 пайызға жеткізді де, АЭС-тен бас тартты. Дейтұрғанмен көмір жағуды назардан шығарған жоқ. Мәселен, қыс мезгілінде энергия тұтыну көлемі артқан кезде көмір жағатын стансыларын консервациялайды. Осылайша қоршаған ортаны ластауда,-деді Арыстанғали Арын.

Штаб мүшесі сөзін қорытындылай келе, еңбек ұжымын болашақты жарқын ету үшін 6 қазанда дауыс беруге шақырды.

 

Ақ халат киген жандар ядролық физикаға үмітпен қарайды

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Арыстанғали Арын және Римма Салықова облыстық ауруханада болып, ақ халат киген жандармен Қазақстанның ғасыр жобасы саналатын АЭС төңірегінде әңгіме өрбітті.

«Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда, АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдауымыз керек. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қолымыз жетеді.  Басты мәселе сол, экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз қажет . Келешектің қамы үшін дұрыс таңдау жасау – өз қолымызда»,-деді Арыстанғали Арын.

Өз кезегінде Римма Аждарқызы атом энергетикасының мән-жайын таразылап, жұртты АЭС салу мәселесіне үреймен емес, үмітпен қарау керек екенін алға тартты.

«Қауіпсіздік мәселесіне келсек, халық қолдап, АЭС салынып жатса, Балқаш көлінің бір тамшы да суы қолданылмайды. Әлемнің кей елдерінде АЭС қаланың дәл іргесінде орналасқан. АҚШ-тағы ең үлкен қаланың бірі Бостонның орталығына орналасқан АЭС ешкімге зиянын тигізбей, неше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Әрине, Америка қауіпсіздікке қатаң қарайды. Сонымен қатар, АЭС маңайы қауіпті болса, АҚШ Монтиселло АЭС-інің салқындатқыш тоғанында балық өсіріліп, балық аулаудан турнир өткізбес еді»,-деді Римма Салықова.

Спикерлер ядролық физиканың көмегімен медицина саласында игеріліп жатқан жетістіктерге, физиканың осы бағытындағы жемісті еңбекке тоқталып өтті. Кездесудің соңында ақ халатты абзал жандар АЭС төңірегіндегі сауалдарға толыққанды жауап алып, 6 қазанда ел болашағындағы маңызды іске қолдау білдіретінін айтты.