Геннадий Головкин 2024 жылғы Олимпиадаға қатысқан боксшылардың қазіргі жағдайынан хабар алды.
Геннадий Головкин Қазақстан бокс құрамасының бапкерлер штабымен кездесті
Фото: ҰОК
2,330
оқылды

27 қыркүйек күні Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті мен Қазақстан бокс федерациясы кездесу өткізді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесуге ҰОК президенті Геннадий Головкин, бас хатшы Әлімжан Ақаев, ҚБФ басшысы Шахмұрат Мүтәліп, атқарушы директор Рауан Игенев, сондай-ақ ерлер командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов пен Асқар Еркебаев қатысты.

ҰОК басшысы Франция астанасы Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет Қазақстан құрамасының бапкерлер штабымен кездесті.

Геннадий Головкин 2024 жылғы Олимпиадаға қатысқан боксшылардың қазіргі жағдайынан хабар алды. Сондай-ақ бапкерлер өз кезегінде алдағы турнирлер қарсаңында жаттығу жиыны өтіп жатқанын мәлімдеді.

Ұлттық құрама Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнир мен Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Қайрат Сәтжанов пен Асқар Еркебаевтың айтуынша, бұл жарыстардың қорытындысы команданы жасақтауға тікелей әсер етеді. Одан бөлек, мамандар құрамадағы қазіргі жағдайды баяндап, боксшылардың тынымсыз еңбекке дайын екенін айтты.

Тараптар команданың әрі қарайғы дамуына байланысты бірқатар мәселені талқылады.

Геннадий Головкин қабылданған шешімдерді қолдайтынын білдіріп, ұсынылған жоспарға өз ұсыныстарын айтты.

 Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.