Атом электр стансасын салу – қазір күн тәртібінде тұрған мәселе.
МАГАТЭ-нің миссиясы
1,394
оқылды

Әрине, оның салынатыны я салынбайтыны референдумнан соң белгілі болмақ. Бірақ АЭС-ке қатысты пікір білдіріп жүрген мамандардың осы кезде аузына жиі ілігетін бір атау бар. Ол – «МАГАТЭ». АЭС салуды жақтайтын тараптың қауіпсіздік жайлы сөз болса, айтатын басты аргументі – осы МАГАТЭ. Ал "МАГАТЭ қандай ұйым, ол қалай құрылды, оның негізгі міндеттері не?" деген сауалдарға аталмыш мақалада жауап іздейміз.

МАГАТЭ-нің құрылуы

МАГАТЭ  (International Atomic Energy Agency) – 1957 жылдың 29 шілдесінде құрылған халықаралық ұйым. Оның бастамашысы болған – АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр. Ол 1953 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген «Атом бейбіт өмірге қажет!» деп аталатын («Atoms for Peace») сөзінде ядролық энергияны әскери мақсатқа емес, бейбіт мақсатқа қолдануға шақырған. Эйзенхауэрдің ұсынысымен ядролық энергетиканы дамытуға және оны барша әлемге пайдалы етіп таратуға арналған халықаралық ұйым құрудың маңызы артты. Себебі Д.Эйзенхауэр өз сөзінде атомды ауыл шаруашылығы, медицина, энергетика саласында да тиімді қолдануға болатынын айтып, бейбіт атом туралы алғаш әңгіме қылды. Сөйте келе, 1957 жылы МАГАТЭ ұйымы құрылды.

МАГАТЭ құрылуына дейін ядролық энергия тек әскери мақсатта қолданылып келді десек, артық айтқанымыз емес. Себебі дүниежүзінің тарихына зер салсақ, оған дейін тек санаулы мемлекет қана бұл технологияны меңгергенін байқай аламыз. Сондықтан да шығар, ұйымның құрылуы ядролық энергетика саласындағы жаңа дәуірдің бастамасы болды. Агенттік ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалану қағидасына негізделді.

Сонымен қатар МАГАТЭ тарихындағы ең маңызды кезеңнің бірі – 1968 жылы қабылданған Ядролық қаруды таратуға жол бермеу туралы шарт. Маңызды дейтініміз сол, аталмыш шарт – халықаралық қауымдастық үшін ядролық қарудың таралуын шектеуді, бейбіт мақсатта ядролық технологияларды қолдануды бақылауға алған маңызды құрал еді.

МАГАТЭ басшысы

Сонымен, МАГАТЭ-нің қазіргі басшысы – 2019 жылдан бері басқарып келе жатқан Рафаэль Гросси. Ұйымның штаб-пәтері – Аустрияның Вена қаласы. МАГАТЭ басшысын жұртшылық көп біле бермесе де, осыдан бірер ай бұрын ғана әлемдік БАҚ жіті назарға алды. Себебі ол Украин әскері Ресейдегі Курск облысына шабуылдағаннан кейін өз аяғымен сол жерге барып, мән-жайдың бақылауда екенін айтты.

Сол кезде Р.Гросси: «АЭС-ке жақын маңда соғыс болып жатқаны – рас. Біз соған алаңдаймыз. МАГАТЭ – саяси ұйым емес,  аналитиктердің де орны емес. Ол – бар болғаны инспекция. Ал инспекция қандай да бір шешім шығаруы үшін оның тәуелсіз дәлелдері болуы шарт», деген еді.

Демек, осы мысалдан-ақ МАГАТЭ-нің әлемдегі кез келген АЭС-тің қауіпсіздігіне алаңдайтынын байқауға болады.

МАГАТЭ бірнеше ірі апатты (1986 жылғы Чернобыльдағы оқиға, 2011 жылғы Фукусимадағы жағдай) бақылауға қатысып, ядролық қауіпсіздік нормалары мен стандарттарын жетілдіру бойынша жұмыс істеді. Бірақ оны толықтай нәтижелі болды дей алмаймыз. Бастысы бұл апаттар агенттіктің ядролық энергетиканы басқару саласындағы рөлін нығайта түсті.

МАГАТЭ-нің міндеті

Халықаралық ұйымның әлемдік аренада өзіне тиесілі бірқатар міндеті бар. Аталмыш мақалада осы туралы да айта кетейік:

Ядролық қауіпсіздік. МАГАТЭ ядролық нысандардың қауіпсіздігін бақылауды әрі ядролық материалдардың тек бейбіт мақсатта қолданылуын қадағалайды. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ұйым ядролық технологиялар мен реакторларды пайдаланудағы қауіп-қатерді азайтуға, апаттың алдын алуға бағытталған нормативтерді, ұсыныстарды әзірлейді.

Ядролық қарудың таралуына жол бермеу. Ұйымның тағы бір маңызды бағыты – ядролық қаруды таратпау, яки оның таралуына жол бермеу. Ядролық қарудың таралуын болдырмау туралы шартқа сәйкес, МАГАТЭ ядролық қаруы жоқ елде ядролық материалдардың бейбіт мақсатта ғана қолданылуын қадағалайды. Бұл бағытта агенттік ядролық материалдардың заңсыз таралуы мен қару жасауға бағытталған жобалардың алдын алу үшін арнаулы тексеріс жүргізеді.

Ғылымды, ғылымдағы техникалық бағытты дамыту.  МАГАТЭ бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларды дамытуды қолдайды. Адамды медициналық диагностикадан өткізу мен емдеуден бастап, ауыл шаруашылығы мен экологияға дейінгі түрлі салада ядролық технологияларды қолдану мүмкіндігін зерттейді.

Апатқа дайындалу, апат кезінде шұғыл әрекет ету. МАГАТЭ ядролық және радиациялық апаттар кезінде лезде көмек көрсетуге, апат салдарын болдырмауға қатысады. Бұл функция әсіресе Чернобыль және Фукусимадағы апаттан кейін ерекше маңызға ие болды.

Ядролық материалдарды бақылау. Агенттік ядролық материалдардың әскери мақсатта қолданылмауын қамтамасыз ету үшін үнемі тексеріс жүргізеді. Бұл тексеріс БҰҰ мен МАГАТЭ арасында жасалған келісімдер аясында жүзеге асады.

МАГАТЭ-нің жетістігі

Агенттіктің бұған дейін көзге түсіп, ең бір жылы ұшырасқан басты жетістіктерінің бірі – ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық келісімдерді қамтамасыз ету. МАГАТЭ – шын мәнінде дипломатияға өте берік ұйым. Бұған оның Иран мен Солтүстік Корея сияқты елдермен жасалған келіссөздері сөзімізге арқау бола алады. Бірақ бұл – келіссөз МАГАТЭ-нің пайдасына шешілді, сәтті я сәтсіз болды деген сөз емес. Иран ядролық бағдарламасына қатысты 2015 жылғы жан-жақты келісім арқылы МАГАТЭ Иранның ядролық қаруды дамытпауын тексеруге мүмкіндік алды. Агенттік Иранның ядролық объектілеріне тұрақты инспекция жүргізіп, осы келісімнің сақталуын бақылайды.

Одан кейін МАГАТЭ бейбіт мақсатта ядролық технологияны дамытуды насихаттайды және оны қолдануды ынталандырады. Радиология, медицина және ауыл шаруашылығында атом энергиясын қолдану саласындағы технологияны қолдап, дамушы елдерге ғылыми-техникалық көмек көрсетеді. Бұл халықаралық деңгейдегі оң өзгерістің бірі.

МАГАТЭ ядролық қауіпсіздік стандарттарын әзірлейді де, жүзеге асырады да. Демек, өз жерінде АЭС салғысы келген әрбір мемлекет сол МАГАТЭ ұсынған стандарттарды бұлжытпай орындауға міндетті. Бұл стандарттар ядролық объектілердің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, агенттік 2011 жылғы Фукусима-1 АЭС-дегі апаттан кейін әлемдегі барлық ядролық қондырғыны қайта тексеруді талап етті.

МАГАТЭ-ге айтылатын сын

МАГАТЭ халықаралық деңгейде зор беделге ие ұйым болғанымен, оның да қызметі кейбір жағдайда сынға ұшырап жатады. Мысалы, МАГАТЭ ұйымы жүргізетін тексеріс пен инспекциялардың тиімді екеніне күмән бар. Себебі жаңа ғана сөз арасында айтқанымыздай, МАГАТЭ – дипломатиялық шартты өте қатаң ұстанған ұйым. Сондықтан ядролық инспекцияларды жүргізу үшін әр елмен келісімге келіп, белгілі бір талаптарға сүйенеді. Алайда кейбір жағдайда агенттік барлық объектіні толық тексере алмайды. Мысалы, кезінде Солтүстік Корея ядролық қару бағдарламасын жасырын дамытуды жалғастырып, МАГАТЭ инспекторларын елден шығарып жіберді. Соның салдарынан Солтүстік Корея ядролық қаруды әскери бағытта әлі күнге дейін сынақтан өткізіп келеді.

Бұдан соң осыған дейін МАГАТЭ-нің аядролық апаттан кейінгі реакциясына қатысты да сын айтылды. Мысалы, Чернобыль апатынан кейін агенттік халықаралық қауіпсіздік стандарттарын орнатуға біраз уақыт жұмсады. Ал Фукусима апатынан кейін де агенттік тарапынан жылдам әрекет ету болды деп толықтай айта алмас едік.

Енді МАГАТЭ-нің ішкі құрылымы, жұмысына қатысты айтылатын тағы бір сын бар. Кейбір сарапшылар, МАГАТЭ-нің БҰҰ-мен тікелей жұмыс істейтініне қарап, оны «Батысқа саяси тәуелді» немесе «қаржыны тек дамыған елдерден, әсіресе  батыстан көп алады» деп айыптайды. Қалай болса да, бұл да – ұйымның қызметіне қатысты кезінде сөз болған мәселе.

МАГАТЭ туралы пікірлер халықаралық басылымда да жиі кездеседі. Батыс медиасы агенттіктің қызметі мен оның саяси рөлі туралы түрлі пікір білдіреді.

Батыс басылымдарының сыны

Интернет бетін парақтап, халықаралық, әсіресе батыстық басылымдарда МАГАТЭ-ге қатысты қандай орынды сын айтылатынын іздеп көрген едік. Сөйтсек, МАГАТЭ-нің маңызды әрі әлемге қажет халықаралық ұйым екенін айта келе, кейбір батыс басылымдары да оның қызметіне жан-жақты талдау жасап, тіпті сынап та алған.

The New York Times және The Guardian сияқты басылымдарда МАГАТЭ-нің Иран келісімі төңірегіндегі рөлі жиі талқыланады. 2015 жылғы Иранмен жасалған ядролық келісімде агенттікке Иранның ядролық объектілерін тексеру тапсырылды. Бұл басылымдар агенттіктің Иран бағдарламасын бақылау бойынша табысты жұмысын атап өтсе де, оның кейде АҚШ пен басқа да батыс елдерінің қысымына ұшырайтынын айтады.

The Washington Post басылымында МАГАТЭ-нің Солтүстік Корея бағдарламасы туралы сын пікірлер жарияланған. Басылым агенттіктің Солтүстік Кореядағы ядролық қару бағдарламасын тоқтата алмағаны және бұл елдегі жағдайды бақылау мүмкіндігінің шектелгені туралы айтады.

Сонымен қатар Financial Times агенттікке қатысты жасалған сыни мақалаларда оның ядролық апаттардан кейінгі әрекеттері баяу болғанын және қаржылық тәуелділігіне байланысты кейбір елдерге ықпал ете алмайтынын атап өткен.

Қазақстан мен МАГАТЭ

Қазақстан  әлемдегі ең көп уран өндіретін елдердің бірі. Сол себепті де, АЭС салу мәселесі сөз болмай тұрып-ақ, Қазақстанның МАГАТЭ-мен ынтымақтастығы бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып келеді.

Соның бірі – ядролық қарусыздану. Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде әлемдік аренада ерекше мәртебеге ие. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан аумағында әлемдегі төртінші ірі ядролық арсенал болғаны жиі айтылып жүрді. Бірақ еліміз ядролық қарудан өзі бас тартты. Семей ядролық полигонының жабылуы және ядролық арсеналдың жойылуы МАГАТЭ-нің Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан, бейбіт ел ретінде тануына әкелді.

2017 жылы Қазақстанда  төмен байытылған уран банкін ашты. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасқан. Сол кезде зауыт кілті МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Аманоға табысталды.  Бұл нені білдірді? Яғни, уран банкі толықтай МАГАТЭ-нің құқықтық басқаруына беріледі. МАГАТЭ-мен бірлесіп жасалған аталмыш жоба әлемдік ядролық энергетика үшін маңызды ресурс болды. Себебі жоба ядролық отынға қол жеткізу мәселесін шешуге арналды. Сонымен қатар жобаның тағы бір ерекшелігі: ядролық қаруды таратпау мақсатында іске асырылды, себебі төмен байытылған уран бейбіт атом электр стансалары үшін отын көзі саналады. Ал оны ядролық қару жасауға пайдалану мүмкін емес.

Ғылымдағы серіктестік

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, МАГАТЭ Қазақстанмен ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнатқан. Атап айтқанда, атом энергиясын ауыл шаруашылығында қолдану, су ресурстарын қорғау және радиациялық медицинаны дамыту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары МАГАТЭ-нің бағдарламаларына қатысып, ядролық технологиялар саласында біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр. Оған қоса, МАГАТЭ Қазақстанның ядролық қарудан жапа шеккен аймақтарын қалпына келтіруге талпыныс болса, үнемі қолдайды.

P.S. Сонымен, МАГАТЭ – ядролық технологияларды бейбіт мақсатта қолдануды дамытумен қатар, ядролық қарудың таралуын болдырмау және ядролық қауіпсіздік стандарттарын жетілдіруге бағытталған ұйым. Оның миссиясы сол, әлемдегі ядролық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды көздейді. Әрине, ұйым болған соң орынды сын да айтылады. Дегенмен АЭС тақырыбы әлемде әлі өзекті болғандықтан, мұндай ұйымның жұмысы өміршең болуы – заңдылық.