Мәулен Әшімбаев атап өткендей, қазіргі атом электр стансалары сенімді, адам өміріне қауіпсіз, ең озық және тексерілген технологиялар негізінде салынып жатыр.
Мәулен Әшімбаев Жетісу халқын референдумға қатысуға шақырды
Фото: Әли Ғалым
880
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Жетісу облысына келіп, өңір жұртшылығымен алдағы референдумға қатысты өзекті мәселелерді және энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылады. Сапар барысында депутаттар сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен бірге облыстағы өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ, белсенді жастармен кездесті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі сын-қатерлер жағдайында баламалы энергия көздерінің қажеттілігі бұрынғыдан да арта түскені айқын байқалып отырғанын атап өтті. Оған климаттың өзгеруі, экологияның нашарлауы және энергияның тапшылығына қатысты статистикалар дәлел. Сенат Төрағасы бұл ретте Мемлекет басшысы мақұлдаған атом электр стансасын салу туралы бастама аса маңызды екенін айтты. Аталған жобаның негізгі артықшылықтарының бірі көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту және көмірге тәуелділікті төмендету екені де назардан тыс қалған жоқ.

«Бүгінде халықтың тұтыну қажеттілігін өтеп отырған көмір электр стансаларының жағдайы сын көтермейді, басым бөлігі әбден тозған. Қазірдің өзінде елімізде энергия тапшылығы орын алып, сенімді және таза қуат көздерінің қажеттілігі артып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында осы түйткілге ерекше тоқталды. Шын мәнінде, бұл ретте атом энергиясының әлеуеті зор. Қазір ол бүкіл әлемде белсенді қолданылып келеді. АЭС-тің көмір стансаларынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Ол ауаны және қоршаған ортаны көмірқышқыл газдарымен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар зиянды қалдықтармен ластамайды. Бұл – табиғатқа зиян келтірмей-ақ экономикамыздың қарқынды дамуына ықпал ететін таза және тұрақты энергия көзі», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Штаб мүшелері ақпараттық жұмыс аясында «Айсұлу» тігін фабрикасының ұжымымен кездесті. Мұнда көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік аз қамтылған санаттағы басқа да азаматтар жұмыс істейді. Кездесуде олар АЭС салу бастамасын толық қолдап, өз пікірлерін білдірді.

Қазақстандағы негізгі бетон өндірушілердің бірі, қала құрылысымен айналысатын «Темірбетон» кәсіпорнының қызметкерлері де аталған идеяны қолдайтындарын жеткізді.

Өңір жұртшылығымен және белсенді жастармен кездесуде өндіріске қажетті жаңа тәсілдерді зерделеудің және инновациялық технологияларды енгізудің маңызы сөз болды. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, қазіргі атом электр стансалары сенімді, адам өміріне қауіпсіз, ең озық және тексерілген технологиялар негізінде салынып жатыр.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы АЭС-тің жұмысы мен оны пайдалану кезеңінде халықаралық сараптамалық ұйымдар тарапынан сенімді бақылауға кепілдік берілгеніне тоқталып, азаматтарды ел игілігі үшін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

«Экономиканың ұзақ мерзімді мүдделеріне және қажеттіліктердің жедел артуына байланысты АЭС салу мәселесі стратегиялық сипатта ие екенін көріп отырмыз. Сондықтан халықтың бұл мәселеге қолдау білдіруі еліміздің дамуы жолында аса маңызды. Атом электр стансасын салу кезіндегі негізгі басымдық адамдардың қауіпсіздігі екені анық. Сол себепті, қазақстандықтар қолдап дауыс берсе, АЭС ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес салынады. Жобаны іске асыру кезінде табиғи апаттар мен басқа да ықтимал сын-қатерлердің алдын алуға қажетті шаралар міндетті түрде ескеріледі. Стансаның қауіпсіз жұмысын МАГАТЭ мен басқа да халықаралық ұйымдар мұқият қадағалайды», – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.

Тапсырыс беруші: М. Ж. Оспанов 

«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражаты есебінен төленді