Дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионы Дамир Исаханов екі жыл бойы өз қаржысын қайтара алмай келеді.
"300 мың доллар қарыз берген": Дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионын бір топ жігіт пышақтап кеткен
Фото: do.ektu.kz
4,161
оқылды

300 мың доллар үшін ажал құша жаздады. Дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионы Дамир Исаханов екі жыл бойы өз қаржысын қайтара алмай келеді, - дейді туыстары. Қарызға берген қомақты қаржысын сұрағаны үшін спортшыға қастандық жасалған көрінеді. Полицейлер қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, Исахановқа пышақ сұққан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға осыдан екі апта бұрын тапа-тал түсте болған. Қаладағы мейрамханалардың біріне қарыз алғандармен сөйлесуге барған спортшы әңгіменің ушыққанын біліп, аулаға шыққан. Көлігіне енді міне бергенде, бір топ ер азамат дзюдошыны қоршап алып, жүрегінің тұсына пышақ сұққан. Дәл осы сәтте оқиға орнында Дамирдің енесі де болған.

"Ұрыс шамамен 5-10 минутқа созылды. Олар боқауыз сөздер айтып, «өлтіремін» деп, бірнеше рет қорқытқан. Мен жүгіріп келгенде, Дамир қанға боялған күйде субұрқаққа құлап кетіпті. Біз осы күнге дейін тергеушінің жұмыс істеп жатқанын көрмедік. Алғашында «күдіктілер ұсталды» деп айтты. Ал келесі күні бәрі тып-тыныш. Мұны тек жеңіл жарақат деп, істі жауып тастаған көрінеді", - дейді Дамир Исахановтың енесі Сәуле Сабырханова. 

Дзюдошының жағдайы қазір бір қалыпты. Ота жасатып, күтініп жүр. Ал 300 мың АҚШ долларын спортшыдан қарызға алып, кейін оған пышақ сұққан күдікті ұсталған. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.

"Алмалы ауданының Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу жан-жақты, толық және обьективті қағидатына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу Алматы Полиция департаменті басшылығының бақылауында", - Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Екі жылға созылған дауды қарызға алушылар спортшыға үй сыйлап құтылмақшы болған. Алайда оны да босатып бермегенін айтады спортшының енесі. Енді «не үйсіз, не ақшасыз қалдым» деген Дамир істің соңына дейін барғалы отыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.