Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкіліне әйел хабарласып, отбасындағы жанжалдан кейін күйеуі мен оның екі досы өзін байлап, Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығына апарып тастағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Арызданушының сөзіне қарағанда, күйеуі осы орталықтың қызметкерлерімен алдын ала келісіп, оны ақыл-есі кем деп орналастырған. Әйел емханада 3 күн болған.
Сондай-ақ шағымданушы осы мекемеде болған кезде орталық қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы жеткізді.
Әйел Түркістан қалалық Полиция басқармасына арыз жазғанын, олар алдымен қылмыстық іс қозғағанын, кейін 2024 жылдың тамызында іс жабылғанын айтты.
Омбудсмен өкілі өтініш берушіге оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қолдануға болатын тәсілдер мен құралдарды түсіндірді. Қазіргі таңда Түркістан қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, қылмыстық іс қайта қозғалды.
Жәбірленуші бейнежазба түсірген, онда ол өкілге мәселесін шешуге көмектескені үшін алғысын білдіреді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.