Электромобильдер сатудағы қиындықтар автоөндірушілерді тұтынушыға қосымша жеңілдіктер беруге мәжбүрлеуде. Ford өзінің электр көліктерін сатып алған адамға қомақты сыйлық беретін болды.
Электромобиль сатып алушыларға сыйлық беріледі
Ford электр көліктерін сатуда тұтынушыларды ынталандыру жолдарын іздеуде. Фото latimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Jewel Samad
1,428
оқылды

Quartz сайты америкалық автоиндустрия өкілі Ford компаниясының жаңа стратегиясын жариялады. Aikyn.kz осы материалға сілтеме жасай отырып, Ford-тың жаңа науқанын түсіндіреді.

Ford өзінің F150 және Mustang электр жүк көліктерін сатуда қиындықтарға кезікті. Сол себепті тұтынушыларды қызықтыру мақсатында электр көлігін сатып алушыларды ынталандыру жолдарын іздеуде.

Дүйсенбіде (30 қыркүйек) автоөндіруші Ford Power Promise деп аталатын жаңа бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Бағдарлама бойынша Ford-тан электр көлігін сатып алған немесе жалға алған кез келген адамға қуаттау стансасы сыйлыққа беріліп, оны тұтынушының үйіне компания тегін орнатып береді.

Бұған қосымша Ford әрбір EV аккумуляторына сегіз жыл/161 000 шақырым кепілдік береді, сонымен қатар тәулік бойы қолдау көрсетіп, жол бойында қажетті көмек көрсететін болды.

Америкалық отбасының гаражындағы Ford F150 және Mustang электр көліктері. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Ford

Мұндай бағдарлама автокөлік өндіруші үшін қиын міндет – адамдарды электр көліктеріне көшуге сендіру әрекеті екені анық.

«Біз, әрине, өз бизнесімізді дамытуға тырысамыз, бірақ біз үшін ең жақсы әдіс – тұтынушыларға жақсы қызмет көрсету. Көлікті үйде қуаттау өте маңызды, бірақ батареяның күші мен қызмет ету мерзіміне сенімді болу одан да маңыздырақ», – дейді Ford-тың Model Е электромобиль бөлімшесінің бас операциялық директоры Марин Гджаджа.

Гджажа жаңа бағдарлама тұтынушылар үшін «өте қолайлы, бірақ ол сатып алушыларға да, оны сатып алғысы келетіндерге де электр көлігіне деген сенімділікті арттыратынын» айтады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – адамдарды электрлі көліктерге көшуге ынталандыру.

Детройт (Мичиган) автосалонында Ford F-150 Lighting электр жүк көлігі мен Autel A/C үйде қуаттау құрылғысы. Фото newsnationnow.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Nic Antaya

Ford электр көліктерінің сатылымын ұлғайтуға күш жұмылдыруда және тіпті компания менеджерлерін бензинмен жүретін көліктердің орнына электрлі көліктерді жалға алуға сендіру үшін ішкі саясатын да өзгерткен. Бірақ бұл үлкен өзгерістерге бастай алмады, табыс та әкелмеді. 

Bloomberg-тің хабарлауынша, компания мамыр айында аккумулятор жеткізушілеріне берілетін тапсырыстарды қысқартуға мәжбүр болған, бірінші тоқсанда бір электр көлігі үшін шамамен 100 000 доллар жоғалтқан.

Жаңа бағдарлама осындай зиянның орнын толтыруға арналғанын компания ашық жариялады. Бағдарлама америкалық тұтынушыларға тиімді болса, Ford-тың электр көліктерінің сатылымы да өсуі ықтимал.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.