Бұлт, тау-тастан адам бейнесін жиі байқайсыз ба?

Айналамыздағы заттардан адам бейнесін жиі байқайтындардың миы ерекше жұмыс істейді. Ал сіз Бурабайдағы Жұмбақтас пен Баянауылдағы Кемпіртасты кімге ұқсатасыз?

BBC-дің ғылыми зерттеулерге арналған sciencefocus.com сайты адамның қиялынан туындайтын, әрбір заттан адам мүсінін көретін адамдар туралы мақала жариялады. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, адам миының ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін түсіндіреді.

Ересектер арасында да ұнның, нанның бетінен Иса пайғамбардың бетін, Майкл Джексонды аспанда қалқыған бұлттардан көретіндер бар. Фото sciencefocus.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Аспанда көшіп бара жатқан бұлттарды, үйілген қарды сәбилердің әртүрлі жануарларға, заттарға ұқсататынын жиі байқаймыз. Бұл олардың артық ақпаратпен шектелмеген, ластанбаған бала қиялының тазалығын көрсетеді. Оларды шығармашыл кемеңгерлер деп айтуға болады.

Ересектер арасында да қиялы ұшқыр, сезімтал, қоршаған ортаны нәзік қабылдайтын тұлғалар кездеседі. Олар ұнның, нанның бетінен Иса пайғамбардың бетін көрсе, Майкл Джексонды аспанда қалқыған бұлттардың арасынан көреді. Зерттеушілер мұндай қасиеті бар адамдар біздің арамызда аз емес екенін айтады.

Психологтер мұны «парейдолия» (pareidolia) құбылысымен байланыстырады. Бұл мүлдем кездейсоқ ақпараттан қандай да заңдылықты анықтайтын жағдайды білдіреді. «Ақпарат» деп айтып отырғанымыздың себебі де бар. Өйткені мұндай қасиет тек көзбен көрумен немесе бейнемен қатысты емес. Мысалы, адамдар кейде кездейсоқ дыбыстардан басқа да дауыстар естігендей сезімде болады.

Адам қиялы Жұмбақтасты қатып қалған Сфинкске де, шашы желмен желбіреген жас жігітке де ұқсатады. Бәрі өзіңіздің қиялыңызға байланысты. Фото borovoe.kz сайтынан алынды

Адамдардың парейдолияны сезінуінің себебі – адам миы айналадағы әлемді түсіну үшін артық жұмыс істейді. Біз сезімдеріміз арқылы өзіміз білмейтін құбылыстар толық ақпаратты көп жағдайда ала алмаймыз. Сондықтан адам әрқашан өзіне жұмбақ заттар туралы ойланады, қорытынды жасайды, белгісіз нүктелерді байланыстырады немесе ол туралы болжамдар құрады.

Жоқ бейнені (ол адамның қиялында ғана ғой!) ешқашан көрмес үшін сезімді шектеген дұрыс па? Әлде көлеңкеде жасырынған адамды үнемі көру үшін аздап парейдолияға бойсыну керек пе? Бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес. Тарихта кейбір психологтер парейдолияны ақылсыздықпен немесе ақыл-ойдың жоқтығымен байланыстырып келді. 

Жақында айналамыздан тым көп заңдылықтарды байқау, мүсіндер мен бейнелерге ұқсаттыру адамдарды қастандық теорияларының алдында тұйыққа тіреуі мүмкін деген болжам жасалды. Бірақ мұның жақсы жағы да бар. Жақында Германиядағы зерттеушілер табиғат көріністерінен (бұлттар мен жартастар сияқты) мағыналы кескіндерді көруге көбірек бейім адамдар күнделікті заттарды пайдаланудың жаңа тәсілдерін ойлап табу сияқты шығармашылық сынақтарда жоғары ұпай жинайтынын дәлелдеген.

Сондықтан келесі жолы сіздің миыңыз күтпеген жерден жансыз заттардан біреудің бетін елестетсе, жай ғана ойлаңыз: бұл сіздің жоғары шығармашылық қабілетіңізді, қиялыңыздың биіктігінің көрінісі.

Баянауылдағы Кемпіртас туралы көптеген аңыз  айтылады: бұл тастан сұлу қыздың да, кемпірдің де мүсінін көретіндер бар. Фото el.kz сайтынан алынды. Авторлығы: draft.blogger.com

Қазақ жеріндегі ерекше мүсіндер

Бурабай көлінің (Әулиекөл) солтүстік бөлігіндегі тас аралды көпшілік жақсы біледі. Гранит қабаттардан тұратын бұл жартас – Жұмбақтас деп аталады. Оны адамдар жұмбақ Сфинкске, шашы желбіреген ойлы жас жігітке де ұқсатады. Мұның бәрі адамның қиялына, қиял еркіндігіне байланысты. 

Сол сияқты Баянауылдағы Кемпіртас туралы да көптеген аңыз  айтылады. Бұл мүсінді сұлу қызға да, ұсқынсыз кемпірге ұқсататындар бар.

Осы тас мүсіндерді сәбилер мен жас балалардың қиялы мүлдем басқаша қабылдауы мүмкін. Бұның бәрі адамның миындағы ақпараттың көлемі мен өмірлік тәжірибеге байланысты екенін ғалымдар дәлелдеп беруде. Сондықтан айналаңыздағы заттардан адам бейнесін, мүсінін көрсеңіз қорықпаңыз. Бұл сіздің миыңыздың, қиялыңыздың басқаларға ұқсамайтын қасиетін ғана көрсетеді.

Кейптаундағы (Оңтүстік Африка Республикасы) «Арыстан басы» (Lion's Head) тауының қалпағы. Фото mirpozitiva.ru сайтынан алынды. Авторлығы: BNPS / Mary Hemsworth

Қысқаша анықтама

Pareidoliae (ежелгі грек тілінен «жақын, шамамен; бір нәрседен ауытқу» мен «бейне»  деген сөздерден тұрады) – көрнекі иллюзияның бір түрі. Мұндай иллюзорлық бейнелер мен мүсіндер кездейсоқ қалыптасқан кескіндер мен үлгілерді (бұлттар, тұсқағаз үлгілері және т.б.) қарау кезінде пайда болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.