АЭС жобасының экологиялық аспектілерін қолдап, бұл бастаманың маңыздылығына назар аударды.
Халықтық штаб АЭС-тің экономика үшін пайдасын жан-жақты түсіндірді
778
оқылды

АЭС құрылысы туралы Халықтық штабтың мүшелері «Елімай» ЖШС ұжымымен  кездесу өткізді.

Халықтық штаб мүшелері «Елімай» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, атом электр стансасын салу жөніндегі республикалық референдум қарсаңында оның маңызын талқылады. Атом электр стансаларын салу және пайдалану озық технологияларды, инновацияларды және ІТ шешімдерді енгізуді талап ететіндігі туралы Халықтық штаб мүшелері азаматтармен әңгімелесу өткізіп, толықтай ақпарат берді. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіру сағатына 140,5 млрд кВт-қа дейін ұлғаяды. Дегенмен, бұл халық тұтынатын энергияны өтеп бере алмайды. Сондықтан осы мәселе алдағы уақытта күн тәртібінен түспейтін маңызға ие болмақ. Бұл туралы кездесу барысында баяндаған штаб өкілдері электр тапшылығын жоюдың жалғыз жолы  атом электр стансасын салу екенін де атап айтты. Сондай-ақ, АЭС-тің елдің экономикасына, халықтың әлеуметтік тұрмысына пайдасын жан-жақты түсіндірді. 

 «Қоғамдық диалог пен АЭС құрылысы бойынша шешімдер қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлерде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда атом электр стансаларының құрылысы туралы талқылаулар белсенді жүргізілуде. Бұл платформалар әркімге өз пікірін білдіріп, жобаның оң және теріс жақтарын басқа қатысушылармен талқылауға мүмкіндік береді. Бұл пікірталас үшін кеңістік ашады және қоғамдық көңіл күйді анықтауға көмектеседі және әзірлеушілерге кеңірек пікірлер мен ұсыныстарды есепке алуға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, атом электр стансасын салу туралы түпкілікті шешім демократияның құралы – референдум арқылы қабылданады» – деп жауап берді штаб мүшелері.

Штаб мүшелері Гүлбаран Ақшабаева, Мерей Смағұлов Пpeзидeнттің бaстaмaсын  қoлдaйтындapын aйтып, AЭС құpылысы кeлeшeк ұpпaқ үшін тұpaқты энepгия көзі eкeнінe сeнім білдіpді. Және де «Бұл жоба ел үшін стратегиялық маңызы бар, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдайтын және өзінің энергетикалық ресурстарын дербес басқаруға мүмкіндік беретін сенімді және тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Сондықтан дұрыс шешім қабылдап, 6 қазан күні өз таңдауыңызды жасауға шақырамын», – деп атап көрсетті өз сөзінде штаб мүшесі Мерей Смағұлов.

Өз кезегінде «Елімай» ЖШС жұмысшылары АЭС салуды қолдайтынын айтты.

Айдарлы ауылы тұрғындарымен кездесу өтті

Аудандық халықтық штаб мүшелері Айдарлы ауылында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауына байланысты бірнеше маңызды мәселе талқыланды, әсіресе атом электр стансасының ұтымды тұстары мен маңызы ерекше назарға алынды.

Кездесуде сөз сөйлеген штаб мүшесі Молот Солтанаев АЭС-тың Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. Оның айтуынша, әлемнің дамыған елдері атом электр стансаларынан ток көзін үздіксіз өндіріп, оны тиімді пайдаланып отыр. Қазіргі уақытта елімізде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуда, ал болашақта зауыттар мен фабрикалардың көптеп ашылуымен энергетика саласындағы жағдай күрт нашарлауы мүмкін. Осы себепті АЭС-ты енгізу арқылы туындайтын проблемалардың алдын алу қажеттілігі туралы сөз қозғады.

Алмас Тоқсанбаев өз сөзінде қазіргі таңда климаттық және экологиялық өзгерістердің орын алуына байланысты жел мен күн арқылы алынатын энергия көздерінің тұрақсыздығына назар аударды.

«Күн және жел электр стансалары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен бірге экологиялық стандарттарды нығайту көмір мен газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Бұл жағдай жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзінің қажеттілігін тудырады. Атом электр стансасы бұл мәселенің бірден-бір шешімі болуы мүмкін. Атом электр стансасы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті. АЭС құрылысы энергетика мен өнеркәсіп өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді», – деді ол.

Штаб мүшесі Құсайын Илямов өз сөзінде, егер біз болашақ ұрпақтың жайлы өмір сүруін қаласақ, бұл мәселеге бей-жай қарамай, дұрыс шешім қабылдауымыз керек деп атап өтті. Ол әрбір азаматтың референдумда дауыс беру кезінде ойланып шешім қабылдау керегін айтты, себебі бұл тек қазіргі емес, болашақ ұрпақтың да өміріне әсер етеді.

Ақпаратпен мұқият танысқан жергілікті тұрғындар АЭС салу мәселесін қолдайтындықтарын ашық білдіріп, штаб мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. Кездесу барысында тұрғындар АЭС-тың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті екенін түсініп, бұл бастаманы қолдауға дайын екендіктерін көрсетті.

АЭС салынса, жаңа жұмыс орындары ашылады

АЭС салуды қолдау жөніндегі штабтың мүшелері Шекарашылар қызметінің ШҚО бойынша департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында штаб мүшелері атом электр стансасының салынуына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Уранның қоры бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Жыл сайын елімізде 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі. Яғни, әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығы біздің елге тиесілі. Сондықтан бұл бағытты барынша дамыту маңызды. Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда, Ақмола облыстарында өндірілсе, уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді», – деді штаб мүшесі Александр Светаш.

Атом электр стансасы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.

Осылайша, атом электр стансасының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр стансасы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері бүгін Түркістан қаласындағы еңбек ұжымдарымен түсіндіру кездесулерін өткізді. Жиын барысында энергетика саласындағы инновацияларды дамыту бағытындағы жаңалықтарға шолу жасалып, атом энергетикасына байланысты ғылыми байламдар жөнінде ақпар берілді.

Түркістан қаласының музыкалық драма театры мен «Ұлы дала елі» орталығында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерімен өткен жиындарда еліміздің энергетика кешеніндегі бүгінгі ахуал таразыланды. Энергокешенді жаңарту мүмкіндіктері туралы пікірлер айтылып, атом электр стансасының құрылысы Қазақстанның энергетикалық балансындағы экологияға зиянды көмір энергиясының үлесін азайту септесетініне мән берілді.

Қазақстан үшін АЭС құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің қабылданған стратегиясын жүзеге асырудың негізгі қадамы болатыны мәлімделді. Қазіргі кезде электр қуатының тапшылығы елдің оңтүстік аймақтарында айқын сезіліп жатқаны айтылып, жетіспейтін электр қуатының қажетті көлемі солтүстіктен келетін ағынмен жабылып отырғаны жария етілді. 

Мәдениет саласының өкілдері қолға алынып жатқан бастаманы қолдайтындықтарын білдіріп, радиациядан келетін қауіпті болдырмас үшін станса құрылысында жаңа технологиялардың қолданылуын қоғам болып бақылаудың маңыздылығына назар аударды. Елдің болашағына қызмет ететін прогрессивті идеяның жүзеге асуына қоғам болып үлес қосуымыз керек екенін білдірді.

Жаңаталап тұрғындарына АЭС туралы ақпарат берілді

Халықтық штаб мүшелері тұрғындарға референдумның маңыздылығын түсіндіріп, АЭС құрылысы бойынша ақпараттандыру үшін Жаңаталап елдімекеніне арнайы барды. 

Кездесуде М.Әуезов атындағы ОҚУ Энергетика кафедрасының PHD докторы, доцент Файз Нұрсұлтан Сапарұлы АЭС құрылысын ғылыми дәлелдермен түсіндіріп, Жастар рухының белсенділері үгіт баспа материалдарын таратты. Тұрғындарға атом электр стансасын салудағы ұтымды тұстарды айтып, еліміздегі энергетика мәселесі төңірегінде кеңінен ақпарат берді. 

Атом электр стансасы дегенде адамдар әуелі қауіпсіздік мәселесін сұрайтыны да орынды. Білікті сарапшылардың пікірінше, құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болады. 

«Атом электр стансасынан ешқандай зиян болмайды, өйткені бүгінгі күні ең заманауи, қауіпсіз реактор құрылысы ұсынылады. Егер біз жақын арада атом электр стансасының құрылысын бастамасақ, онда 2030 жылға қарай біз 90-жылдарға қарай кері қайтамыз деп ойлаймын. Сондықтан еліміздің болашағы үшін батыл шешім қабылдайтын уақыт келді. 6 қазан күні әрбір қазақстандық өзінің азаматтық құқығын пайдалана отырып, дұрыс шешім қабылдайтынына сенімдімін», – деді Мұрат Жолдыхожаев.

Халықтық штаб өкілдері Үлкен Нарын ауданы Солдатово ауылының тұрғындарымен кездесті

Ауылдықтармен кездесуде АЭС-тің маңыздылығы талқыланды. Сонымен қатар қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға Халықтық штабтың мүшелері жауап беріп, АЭС бойынша нақты дәйектерді келтірді.

«Бір айға жуық уақыт атом электр стансасының еліміз үшін тиімді тұстарын талқылаған, азаматтармен пікір алмасу кездесулер ұйымдастырылуда. Біз де сіздермен осы мәселені талқылау үшін нақты зерделенген ақпараттарды жеткізу мақсатында кездесіп отырмыз. Бүгінімізді емес, болашағымызды ойласақ онда АЭС салу қалай да маңызды. Себебі ғалымдар мен сала мамандарының айтуынша, алдағы 10 жылда электр қуатына тапшылық арта түсетін болады», – дейді Халықтық штаб мүшесі Шынар Құрманова.

Радиоактивті қалдықтар халықаралық стандарттарға, соның ішінде МАГАТЭ стандарттарына сәйкес кәдеге жаратылады, бұл қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына қатерді барынша азайтады. Қазақстанның ядролық материалдармен жұмыс істеу тәжірибесі мол және сақтық шараларын қатаң сақтайды.

Халықтық штаб «Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркі» қызметкерлерімен кездесті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында экологиялық мәселелер, АЭС құрылысының экологиялық аспектілері және алдағы референдумның маңызы талқыланды. Халықтық штабтың мүшесі Біләл Мәсімбаев экология мен атом энергетикасының тығыз байланысын атап өтіп, өз пікірін білдірді.

«Атом энергетикасы экологиялық таза энергия көзі болып табылады. АЭС құрылысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолы. Қазақстанда экологиялық таза энергияны дамыту – біздің басты мақсатымыз. Бұл жобаның жүзеге асырылуы еліміздің энергия қажеттіліктерін экологиялық қауіпсіздікке негізделе отырып шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан АЭС-ті қолдау – біздің ортақ міндетіміз», – деді Біләл Мәсімбаев.

Кездесуге қатысқан табиғи парк қызметкерлері АЭС жобасының экологиялық аспектілерін қолдап, бұл бастаманың маңыздылығына назар аударды.

«Біз АЭС құрылысын экологиялық таза энергия көзі ретінде қарастыруымыз керек. Қазақстан экологиялық таза энергияға көшу үшін өз мүмкіндіктерін пайдалану қажет. АЭС-тің экологиялық қауіпсіздігі мен энергия тиімділігі – біздің болашағымыз үшін өте маңызды. Сондықтан, біз референдумға белсенді қатысып, дауысымызды береміз», – деді парк директоры Елнұр Ахметов.

Кездесу соңында Халықтық штаб мүшелері қатысушыларды 6 қазан күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

«Әрбір азаматтың дауысы еліміздің экологиялық және энергетикалық болашағына әсер етеді. АЭС жобасын қолдай отырып, біз елдің тұрақты дамуына өз үлесімізді қосамыз. Келіңіздер, өз дауысыңызды беріп, Қазақстанның болашағына үлес қосыңыздар», – деді штаб мүшелері.

Айта кетейік, Халықтық штабтың мұндай кездесулері экологиялық мәселелерді талқылауға, халықтың пікірін ескеруге және еліміздің болашағын қалыптастыруға бағытталған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.