Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш бүгінгі Астанада өткен Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы жалғасу керегін сөз етті.
Дулат Әбіш: Депутаттар ұйқыдан оянып, енді халықпен жұмыс істейтін болар
1,249
оқылды

Мәслихат депутаттарының форумына биыл екінші рет қатысып отырмын. Маған ұнаған – сөз сөйлеген азаматтардың бәрі нақты әрі ушығып тұрған, бүгінгі күннің мәселелерін көтерді. Форум сонысымен де қызықты болды. Мемлекет басшысы сөз сөйлеген әр депутаттың сөзін қолдап, қуаттады. Тіпті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар, оның ішінде ауылдық депутаттардың бәрін бір мандаттан сайланатынын жеткізді. Сондай-ақ облыстық мәслихатта депутаттар бір мандатты және партиядан сайланғаны бар. Әлі де болса оларға толығымен көңілі тойлмайтынын білдірді. Оған да себеп бар. Мәселен, Парламент депутаттарының отырысы дебат ретінде өтеді. Олардың әрбір сөйлеген сөзі қызу талқыланып, соңы пікірсайысқа ұласады. Президент осыны үлгіге алу керегін атап өтті. Ол рас. Бізде бірнеше партия бар. Әлде де болса олардың бәсекелес еместігі өз басымыздан өтіп жатыр. Алдағы уақытта ондай депутаттар ұйқыдан оянып, шынымен халықпен жұмыс істейтін болар деп сенемін.

Оған қоса, атқарушы билік пен депутаттар қос билік тармағы бойынша сайлаушыға жұмыс істеуі керек. Қорыта айтсақ, Президенттің бүгінгі көтерген мәселесінің бәрі тікелей депутаттарға қатысты. Сондықтан бұл форум жалғасуы керек. Өйткені осы арқылы депутаттар өз кем-кетігін түзеп, білімін жетілдіре түседі, дейді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш.