Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәслихат депутаттарының біліктілігі қалай артатынын түсіндірді.
Елнұр Бейсенбаев: Ата-ана бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі керек
939
оқылды

– Кеше Мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш негізгі бағытын байқадым. Оның бірі – мәслихат депутаттарына қатысты. Президент мәслихат депуттаттарының бірінші кезекте прогрессивті, практик және оптимист болу қажет деді. Ал олардың жолы –  мемлекеттік саясатты қолдау, оны қорғау және мемлекеттік идеяның артында тұру. Яғни, оны халыққа жеткізе білу. Бізде кейде мемлекетшіл азаматтар пікірдің не болмаса резонансты ойдың құрбаны болып кететін тұстары бар. Міне, ондайдың жетегінде кетпеуі керек. 

Екіншіден, форумда қоғамдағы ушығып тұрған, елді мазалап жүрген жағдайлар қозғалды. Атап айтсақ, суицид мәселесі.  "Әр баланың өлімі – менің жүрегіме ауыр соққы" деп айтқан Президенттің сөзіне толығымен келісемін. Әрбір бала ертеңгі күні еліміздің діңгегін қалайтын азамат. Ең бірінші жауапкершілік ата-анада. Бәріміз бала өсіріп отырмыз, сондықтан бұл мәселеге ата-ана белсенді атсалысуы қажет. 

Мемлекет басшысының көтерген үшінші мәселесі – халықты ұйысуға, ортақ тәртіпке, заңға бағынуға шақырды. Себебі кез келген мемлекеттің болашағы заң мен тәртіптен тұрады. Депутат Ринат Рифхатұлы айтқандай, қазір күш көрсетіп, әлімжеттік жасайтын заман емес. Тәрбие мен білімнің, мәдениеттің заманы. "Таспен ұрғанды аспен күткен" халықпыз. Сондықтан осы мәселелерге ден қою керек деп есептеймін, – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.