«Алаш медицинасы» еңбегінің тарихи сипаты, әлеуметтік-фило­софия­лық мәні өзгеше.
Алаш медицинасы
433
оқылды

Қазақтың емшілік өнерінің, халықтық меди­цинасының өміршең озық дәстүрлері мен сұрыпталған сара тәжіри­белерін ХХІ ғасырға майталмандықпен қолданып жеткізген жетелі шипагер, медицина ғылымының кандидаты Қайрат Ай­дарханұлының «Алаш медицинасы» атты тарихи-энцик­лопедиялық еңбегінде Алаш білімпаздарының ұлттық медицина тари­хына, тәжірибесіне және теориясына қосқан жаңалықтарын, алдымен, осынау ұлы үрдістің тек-төркінен, бастау-негіздерінен, яғни бүтін Тұран елінің тарихынан Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Ислам, Қазақ хандығы дәуірлерінен қопара қозғап әңгімелейді, пайымдайды, бажайлайды. Ұлттық медицина тарихындағы айрықша жетістіктерді, тұрлауды тұжырымдарды нақ-нағымен сөйлетеді.

«Алаш медицинасы» еңбегінің тарихи сипаты, әлеуметтік-фило­софия­лық мәні өзгеше. Кешенді кемел зерттеуде тарихи һәм хал­ық­тық жазбалар, археология­лық, этнографиялық деректер Ұлы Тұ­ран жұртының ғылыми-интел­лектуалдық мәдениетін, көзқара­сын, ұлылығын, ой-парасатын, әлеуетін танытады.

Халық емшісі Қайрат Айдар­хан­ұлының бір тамаша қыры – тақырыптың тарихнамасына да мұқият. Бұл дегеніңіз – оның ғы­лымға адалдығын көрсетеді. Осы ретте медицина тарихындағы сү­белі, сүйекті зерттеулердегі жаңа­­­лықты құбылыстарды тебір­еніп, сүйсініп баяндайды. Мыса­лы, Гиппократ, Плутарх, Пифа­гор, Сыма-Циянь, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, әл-Хорезми, әл-Бируни, Ар-Рази, Х.Бейли, Страбон, Аммиан Марцеллин, Прииск, Марко Поло, Өтейбой­дақ Тілеуқабылұлы, А.Бернштам, Г.Грум-Гржимайло, С.Руденко, Л.Гумилев, Су Бихай, Юй Тайшан және басқасы.

Қайрат Айдарханұлы медици­на майталмандарының мыңжыл­дық тәжірибелеріне ой көзімен барлап, олардың физиология, анатомия, диагностика, фарма­ко­логия жайындағы ой-толғам­дар­ын, түсініктерін біліктілікпен саралайды.

Автордың көрсетуінше, Гип­пок­рат сақтардың философиялық идеясынан нәр-қорек алғанды­ғын дәлелдей­ді.

Шипагердің жазуынша, Өтей­бойдақтың «Шипагерлік баяны» атты тарихи-этнография­лық энциклопедиясы тарих, фи­ло­софия, этика, этнография, астро­номия, метеорология, әс­кери ғылым, психология, мәден­иет­тану, этнолингвистика ілім­дері­нің негізінде жазылған.

Мұнда өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануардан алына­тын 318 түрлі, металл-металлоид­тардан түзілетін 318 түрлі шипалы дәрі атауы мен жарты мыңдай ана­том­иялық атау келтірілген. Неткен жақұт қазына!

Нені айтса да тереңнен тол­ғай­тын ыждаһатты Қайрат Ай­дар­ханұлы Ұлы Дала төсіндегі емшіліктің тұтас тарихын барын­ша қамтып, төрт түлік мал өнім­дерінің қасиетін жіті танып, дертк­е дауа дәрі-дәрмек жасап, емдеу тәсілдерін шеберлікпен мең­гергенін, қолданғанын және қазақ халқының мүбәрәк мекенін қорғау, сақтау турасындағы ырым-тыйымдарын тақта-тақта­сымен келістіре кестелейді.

Қазақ халқының нешеме ғас­ыр­лық байтақ тәжірибесін, дана­лықты ой-тұжырымдарын бол­мы­сына жинақтаған Алаш қайрат­керлерінің медицинаға қа­тысты іргелі, күрделі еңбек­терін Қайрат Айдарханұлы ғылы­ми, тарихи, танымдық тұрғыдан сали­қалылықпен салмақтайды. Әсір­есе, ұлт қаһарманы Әлихан Бөкейханның «Өмірде ең қымбат не? Ол – денсаулық» дейтін бай­ып­­тамасындағы: «Таудай бақ бас­қа құласа да, кісі ауырса, ол түк те көзге көрінбейді. Ауруға кең аспан тор көктей, жер аяқты қысқан етіктей болады» деген сөз – тұп-тура қаны сорғалаған ақи­қат шындық. Мұнда Әлихан Бөкей­ханнан бастап, Халел Дос­мұхамедұлының, Бақтығали Бисен­овтың, Әміре Айтбақының, Дәулетше (Дәулетшах) Күсеп­қалиевтің, Асылбек Сейітовтың, Есенғали Қасаболатовтың, Сан­жар Асфендияровтың, Мұхамед­жан Қарабаевтың, Ахмет Мам­етов­тың, Ахметжан Қозы­ба­ғар­овтың, Алан Қозбағаровтың, Иса Қашқынбаевтың, Әбубәкір Алдияровтың, Жұмағали Тілеу­линнің, Жұмахан Күдериннің және Алаш арулары Аққағаз Досжанованың, Гүлсім Асфен­дияр­ованың, Зейнеп Әбдірахман­ованың Алаш медицинасына байланысты ғылыми-шығарма­шы­лық өмірбаяны толық қарас­тырылған.

Жинақтай айтқанда, емші Қайрат Айдарханұлының «Алаш медицинасы» дейтін еңбегі – қазақ­тың арғы-бергі дәуірлердегі халық медицинасының шежіресі, шипагерлік қазынасы, ұлттық рухани игілігі.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы, профессор