Кеше, Дүниежүзілік менталдық саулық күні қарсаңында Niettes алаңында шизофренияға арналған веб-сайттың, сондай-ақ «Шизофренияның жалпы күйі: жақындарыңызға арналған кітап» атты оқулықтың тұсаукесері өтті.
Шизофрения диагнозымен қалыпты өмір сүру мүмкін бе?
2,135
оқылды

Негізгі мақсат шизофрения диагнозы бар адамдар мен олардың жақындарына қолдау көрсету.  Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басында Қазақстанда бұл дертпен 40 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл дегеніміз жылдан жылға бұл індеттің көбейіп жатқанын көрсетеді. Оның алдын алу не болмаса күресуге бел шешіп, кірісе қоймайтыны белгілі. Сырқаттың емін іздеуде ақпараттың аздығы да қол байлайды.

Шизофрения сияқты ауыр аурулар жайында мифтер мен жалған ақпараттармен бірге жүреді. Осыған қатысты қажетті білімді меңгеруге және тиімді емдеуді, оның ішінде заманауи препараттарды қолдануды дер кезінде бастауға кедергі келтіреді. Биыл мамыр айында қажеттіліктерді сараптау мақсатында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде қолжетімді ақпараттың, әсіресе қазақ тіліндегі ақпараттың жетіспеушілігі қатты сезілді. Міне, осы нәрсе бізге түрткі болды. Яғни, халыққа қолжетімді әрі нақты, сенімді ақпарат ресурсын құру. Соның арқасында шизофрения туралы түсінікті өзгеріп, оны жақсырақ түсініп, көпшілікке көмек болар деп үміттенеміз», – дейді Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының PR менеджері Динара Бірмағанбетова.

Жаңа веб-сайтта шизофрения, оның кезеңдері, диагностикасы мен емі туралы екі тілде толық ақпарат беріледі. Оған қоса, індет жайында жалған ақпараттардан нақты деректі ажыратуға мүмкіндік береді. Осыған арнайы «Мифтер мен шындық» бөлімі ашылған. Сонымен қатар оқырмандар сырқаты бойынша қайдан қолдау алуға болатыны, бұл жайында балалармен қалай сөйлесу керегі, пациенттің дәрі-дәрмек пен медициналық көмек алудан бас тартқанда істейтін әркеттері секілді түрлі сұрақтың жауабын таба алады. 

Ашық отырыс форматында өткен шарада Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко да сөз сөйлеп, бұл дертке шалдыққан жанның қалыпты өмір сүре алатынын айтты.

– Шизофрения – үкім емес. Бұл диагнозбен сіз қалыпты өмір сүре аласыз. Қазір фармацевтика әлдеқайда алға басып, дамыған. Шизофрениямен күресуге, жоғары сапалы ремиссияға және қайта әлеуметтенуге көмектесіп, толыққанды өмір сүруге атсалысатын тиімді препараттарды ұсынады. Өкінішке орай, көпшілігі диагнозды қабылдауға қорқады, өйткені оларда ақпарат жеткіліксіз, – деді ол.

Психикалық денсаулық сақтау амбулаториялық қызметінің меңгерушісі Алмагүл Айтжанова халықтың бұл дерттен қорықпай, күресуге деген ұмтылысына балта шаппау үшін ақпараттандыру керегін айтты. «Біз қоғам ретінде бұл ауруды дестигматизациялауымыз керек. Ал мұндай бастамалардың бұған көп көмегі тиері сөзсіз. Халықты қатып қалған стереотиптен арылта отырып, шизофрения туралы ақпараттандыруымыз керек. Осындай сапалы әрі өзекті материалдар қазақ тілінде шыға бастағанына өте қуаныштымын», – дейді Алмагүл Айтжанова. 

Кітап, ең алдымен, ауыр дертке шалдыққан науқастардың жақын адамдарына арналған. Оның үстіне, оқулық электронды нұсқада қолжетімді әрі көлемі де шағын. Шизофринияға қатысты толыққанды ақпаратты осыдан ала аласыз.  Себебі кітап авторлары – Питер Фалькай, Янош Кальман, Фидес София Хеймкес, Золтан Саркан секілді өте тәжірибелі психотерапевтер мен психиатрлардан құралған. Оқулықты аудару және веб-сайтты құру Gedeon Richter Kazakhstan жүзеге асырған «Рахмет, дәрігер» әлеуметтік-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылды. 

– Gedeon Richter компаниясы бірнеше жылдан бері Қазақстанда шизофрениямен ауыратын адамдарға қолдау көрсетіп келеді. Кітапты мемлекеттік тілге аударып, арнайы веб-сайтты ашу – осы диагнозбен ауыратын науқастарға толерантты және құрметпен қарауды насихаттаудағы маңызды қадам. Компания тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, ауруды дестигматизациялауға және хабардарлықты арттыруға көмектесу арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге тырысады. Бұл жоба пациенттер мен олардың жақындарын қолдауға, сондай-ақ анағұрлым инклюзивті және түсіністікті қоғам құруға бағытталған кешенді күш-жігердің бір бөлігі, – деді Gedeon Richter Kazakhstan бас директоры Павел Хегай.