Ол әлеуметтік желідегі парақшасында сот процесі туралы ашық жазғаннан кейін қысым көре бастағаны жайлы жазды.
Жұлдыз Әбдікәрімова сот отырысынан кейін әлдекімдер қысым көрсетіп жатқанын айтты
Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial
858
оқылды

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова құрылыс компаниясына алданып, өз үйін қайтарып алу үшін сотқа жүгінгенін айтты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.   

Бұл іс аудандық сотта қаралғанымен, шешім актрисаның пайдасына шықпаған. Актриса осыдан кейін апелляциялық сотқа шағымданып, әлеуметтік желіде отырыстың бейнеүзінділерін жариялаған. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында сот процесі туралы ашық жазғаннан кейін қысым көре бастағаны жайлы жазды. 

"Сот бойынша ашық жаза бастағаным кейбіреулерге ұнамай қалған сияқты. Қысым көрсетіле бастады. "Үндемесін, жазбаларын өшірсін!" деген сәлемдеме алдым",  дейді ол. 

Жұлдыз Әбдікәрімова бірінші аудандық сотта көп дәлел қараусыз қалғанын жеткізді. 

"Соттың бірінші отырысы өтті. Алайда осы процесті әлеуметтік желіде жариялап, соттың барысын ашық жазуымның себебін өздеріңізге түсіндіріп, жазып едім. Бірінші аудандық сотта жеңіліс тапқанда, көп дәлелдің қараусыз қалғаны көңілге қонбаған. Адвокатыммен келісе отырып, қалалық соттың барысын жария түрде өткіземіз деп шешкенбіз. Сол күннен бастап, түсініксіз қоңыраулар түсе бастады. Оған мән бермедім. Бірақ өткен аптада іссапармен Шымкент қаласында болдым. Сонда бейтаныс жандар менің қасымдағы адамдарға жолығып, "сотқа байланысты салып жатқан ақпаратты парақшасынан алып тастасын. Егер жарияламаса, біз келіссөзге шығуға дайынбыз. Мәселесін шешіп беруге тырысамыз. Бірақ ақпаратты шұғыл өшірсін!" деген сәлемдеме жолдапты",  деп жазды актриса. 

Актриса Әбдікәрімова ол адамдарды танымайтынын, сондықтан келіссөз жасамайтынын айтты.

"Ескертіп айтамын, мен ол адамдарды көрген жоқпын. Менімен тікелей кездесіп, тілдеспеді. Құлаққағыс болсын, сот процесінен тыс мен ешқандай келіссөздерге келіспеймін! Қазақстанның сот жүйесіне, әділ шешім боларына мен сенемін!", деп жазды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.