Күләш Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, академик.
Алматыда ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызының құрметіне оқу ғимараты берілді
2,599
оқылды

Алматыда отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызының құрметіне оқу ғимараты беріліп, дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Күләш Құнантаева – Қазақстан әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, академик. Іс-шарада профессордың құрметіне оқу ғимараты беріліп,  «Қазақстандағы білім саласында әйелдердің рөлі» тақырыбында конференция өткізілді. Конференция аясында ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде баяндама жасалды. 

«Күләш Құнантайқызы – менің ғылыми жетекшім. Ұзақ уақыт бойы жанында жүріп, біліммен сусындадым. Елге белгілі тұлғаның қасында  жүріп, ғылымның қыр-сырын меңгеру – мен үшін үлкен дәреже. Ұстазымның адами болмысына тәнтімін. Бізді тек маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуымызға да өзінің үлкен  үлесін тигізді. Күләш Құнантайқызы салған ізбен мен де бүгін шәкірт тәрбиелеудемін. Күләш Құнантаева – менің ғылымдағы анам. Жеткен жетістіктерім ұстазымның еңбегінің жемісі деп білемін. Еңбегін елеп, есімін ұлықтап жатқан университет басшылығына айтар алғысым шексіз», – деді педагогика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры Перизат Байтешқызы.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының және ҚР Педагогика ғылым академиясының құрметті академигінің жетістіктері, фотосуреттері, құжаттары мен ғылыми жұмыстары ұсынылатын көрме ұйымдастырылды. Университет ректоры Гүлмира Қанай Күләш Құнантайқызының қазақ әйелдерінің жоғары білім алуы жолында сіңірген еңбегі зор екенін атап өтті.

«Күләш Құнантайқызының қазақ әйелдерінің жоғары білім алуы жолында сіңірген еңбегі зор. Ол кісінің тікелей ықпалымен әйелдер білімінің дамуы және Қазақстанда білім беруді дамыту туралы 400-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішіндегі оқу құралдары мен оқулықтар және монографиялар бар. Күләш Құнантаеваның жетекшілігімен ғылым кандидаттары мен докторлар дайындалды. Қазіргі күнде де «Құнантаеваның ғылыми мектебі» сабақтастығы сақталған», – деді ректор.

Шара соңында жекеменшік медициналық орталық атынан 4 студентке 3 миллион теңге көлемінде Күләш Құнантайқызы атындағы грант берілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.