Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және құқық, экономика­лық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 9 стратегиялық бағытты белгілеп берді.
АЭС: ХХІ ғасыр – атом ғасыры
810
оқылды

Оның 4-ші стратегиялық бағыты Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуге арналды. Осы ретте Мемлекет басшысы 6 қазан – АЭС салу туралы референдум күні деп белгілеген еді.

Қазақстан өз таңдауын жасады

7 қазан күні Орталық рефе­рен­дум комиссиясы республика­лық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жарияла­ды. Мәліметтерге сәйкес, рефе­рен­думға қатысуға құқығы бар 12 284 487 Қазақстан азаматының 7 820 204-і немесе 63,66% дауыс бер­ген. Референдумға шығарыл­ған мәселеге байланысты 5 561 937 азамат (71,12%) қолдап, 2 045 271 азамат (26,15%) қарсы дауыс берген. Одан бөлек, 82 729 адам (1,06%) екі жауаптың бірде-бірін таңдамаған, 130 267 бюлле­тень (1,67%) жарамсыз деп тан­ыл­ған. Осы нәтижелерге сү­йен­сек, 36,34% референдумға келме­ген және 26,15% теріс шешім қабыл­даған тұрғындары­мыз­ға ақпара­т­тардың толық жетпеген­ді­гінің, дауыс беруші­лер­дің әлі де болса сайлау про­цесстері­не немқұрай­лы­қ­пен қа­рай­тынды­ғының, сыртқы күш­­тер­дің ықпа­лы бар екенін көре­міз.

Осының бәрін ескере от­ы­рып, мамандар АЭС салу ар­қылы елімізді болашақта тұрақты қуат­пен қамтамасыз ету және ел эко­номикасын дамыту үшін не­ғұр­лым перспективалы шешім ек­ен­ін айтуда. Болжам бойынша, АЭС 10 жылға жуық уақытта, яғни шамамен 2035 жылы салын­ып бітеді. Ал оған дейін елімізде энергетикалық теңгерім артып, тұтыну 2 есеге өсіп, бізге 26,5 ГВт қуат қажет болмақ. Бүгінде әлем­дегі атом энергетикасында жалпы қуаты 374 ГВт тоқ өндіріледі, бұл бүкіл электр энергиясының ша­ма­мен 10%-ы.

Әлемдік тәжірибені қарасақ, қазір 31 елде 415 ядролық реактор жұмыс істейді, олардың 306-сы (74%) – жеңіл су қысымды реакторлар. Одан бөлек, 15 елде тағы 62 реактор салынуда. Бір атом электр стансасы 2 немесе одан­да көп реакторды қамтиды. Қазақстан өз кезегінде III және III+ буынды реакторлардың түрін салуды қарастырып отыр. Бұл реакторлар ең сенімді техно­логия болып саналады және атом энергетикасы тарихында оларда бірде-бір апат болмаған. Қазіргі заманғы жеңіл су реактор­ларында активті және пассивті қауіпсіздік жүйелері айтарлықтай жақсар­тыл­ған. Мамандардың мәлімет­тері­не сәйкес, қазіргі заманғы стансаларда ауыр апаттың ықти­малдығы өте аз –10 миллион жыл ішінде бір ғана жағдай болуы мүм­кін. Атом стансаларының сырт­қы қабығы торнадо, дауыл, қатты жер сілкінісі мен су тасқы­ны, техногендік апаттар, тіпті ұшақ­тың құлауы сияқты табиғи апаттарға төтеп беруге арналған. Әрбір заманауи АЭС-те ядролық реактордың қорғаныс қабық­шасы (контайнмент), стансадағы төтенше жағдайлар кезінде ра­диа­циялық қауіпсіздікті қамтама­сыз ететін құрылғы бар. Атом стансаларын салу құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйелеріне жұмса­ла­ды, бұл олардың сенімділігін көрсетеді. Оның сыртында реак­торлардың жұмысын Атом энер­гиясы жөніндегі халықара­лық агенттік (МАГАТЭ) бағамдап, қатаң бақылауда ұстайды.

Атом саласындағы еліміздің ғалымдары әлемдегі атом ректор­ларын салатын негізгі компания­лар­дың технологияларын зерт­теп, төрт ірі компанияны таңдап алды. Олар – қытайлық CNPC (CPR–1000 реакторы), корейлік KHNP (APR–1400, APR–1000), ресейлік «Росатом» (ВВЭР–1200) және француз EDF (EPR–1200) компаниялары. Бұл мәселеге қа­тысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта халықаралық консорциум құру мәселесін ұсы­нды. 

Экология мен экономика – тамырлас ұғым

БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвен­циясына (COP–28) қатысушы­лардың 28-ші конференциясында атом энергетикасының көміртегі бейтараптығын орнатудағы әлем­дік күн тәртібіндегі рөлі алғаш рет атап өтілген болатын. Оның қорытындысы бойынша 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларация­ға қол қойылды. Бұл декларацияға Ұлыбритания, Венгрия, Канада, Нидерланды, БАӘ, Польша, Румыния, Словакия, Словения, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония және тағы басқа елдер қосылды. Бұл сапта Қазақстан да бар. 

Осы реттегі экологиялық талап­тарға келетін болсақ, біз жылу электр стансаларын (ЖЭС) азайтуымыз керек. Себебі ЖЭС 7 миллион тоннаға дейін көмір­қыш­қыл газдарын шығарады. Көмірді жағу нәтижесінде 300 мың тоннадан астам күл пайда болады. Құрамында мышьяк, кадмий, қорғасын және сынап сияқты 400 тоннаға жуық улы металл бар қалдықтар жиналады. Сондай-ақ улы газдарды азайту­дың жаһандық міндеті жағдайын­да жаңа көмір электр стансаларын салу қиынға соғуда. Халықаралық қаржы ұйымдары мұндай жоба­ларға ақша салғысы келмейді, өй­ткені көмір табиғатты ластай­ды. Бұдан басқа Еуропалық Одақ стандарттары енгізілуде. Жылу үшін «лас» электр энергиясын пайдалану мұнай-газ, тау-кен және басқа салалар үшін қиын­дықтарға әкелуі мүмкін, өйткені олардың өнімдері бәсекеге қа­білет­сіз болады және қымбаттай түседі.

Атом электр стансасының дәс­түрлі энергия көздерінен айырмашылығы – экологиялық таза және тұрақты. 1-1,5 миллион тұрғыны бар қаланы электр қуа­ты­мен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл жұмыс істегенде 50 текше метр радиоактивті қалдық шығарады. Атом электр станса­лары­нан шыққан радиоактивті қалдықтар олардың түріне және технологиясына байланысты сақталуы немесе қайта өңделуі мүмкін. Мысалы, 1 килограмм уран толық жанған кезде 100 тонна жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай шығара­тын­дай энергия бөледі. Пайдала­н­ылған ядролық отын қалдық болып саналмайды, өйткені оны қайтадан энергия көзі ретінде пайдалануға болады. Болашақта арнайы реакторлар аса қауіпті радиоактивті элементтерді жоя алады, бұл қалдықтарды азырақ қауіпті етеді. Бұл үшін синтез технологиялары қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар халқымызды толғандыратыны егер АЭС сал­ын­са Балқаш көлінің жағдайы қалай болады деген жай. Тағы да маман­дар­дың пікірін айтсам, көлден шыққан су тек стансаны салқын­дату үшін пайдаланылады және көлге ешқандай пайдала­ныл­ған су төгілмейді. Бұл бір жақ­ты процесс сияқты: су тек алы­нады, бірақ қайтарылмайды. Суды мүлде пай­да­ланбайтын құр­ғақ градирня технологиясы да қарастырылуда. Құрғақ градирня дегеніміз – жү­йе­де айналатын суды салқындату үшін электр стансаларында қолда­нылатын құрылғы. Құрғақ гра­дирня авто­көлік радиаторы секіл­ді суды салқындату үшін үлкен жылу алмастырғыштар мен жел­дет­кіш­терді пайдаланады. Бұл судың температурасын оның кө­ле­мін жоғалтпай төмендетуге мүмкіндік береді.

Апат болған жағдайда да ра­диа­цияның көлге түсу қаупі жоқ. Атом электр стансасында екі жа­бық су тізбегі бар. Бірінші контур реактормен жанасады және екіншісінен толығымен оқшау­ланған. Екінші цикл – бұл қара­пай­ым су, ол қызады, буға айна­лады және энергия өндіру үшін турбинаны айналдырады, содан кейін қайтадан салқындатылады. Бұл екі контур ешқашан қиылыс­пайды. Балқаштан шыққан су тек салқындату үшін пайдаланылады және радиоактивті заттармен жанас­пайды. Сондықтан Балқаш көлі толық қауіпсіз жағдайда және оған ешқандай радиация түспейді.

Уран отыны өзімізден

Ең басты мәселе – біз уран өн­діру бойынша әлемдік көшбас­шы­мыз және ядролық отын компоненттерін шығаруда өз өн­дірі­сіміз бар. 2023 жылы уран өндіру көлемі 21,1 мың тоннаны, ал уранның барланған қоры  900 мың тоннаны құрады. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде Аус­трал­иядан кейін екінші орында, және дүниежүзіндегі қордың ша­ма­мен 14%-ы бізде шоғырланған.

Атом энергетикасы саласында озық тәжірибелеріміз бар. Ақ­тауда орналасқан әлемдегі алғаш­қы БН-350 реакторы сәтті пайда­ланылған болатын. Қазір Ал­маты­дағы Ұлттық ядролық орта­лық пен ядролық физика институтын­да Ядролық зерттеу реакторлары жұмыс істейді, оларда қолданыс­тағы және перспективалы ядро­лық реакторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ядролық тех­нологиялардың жетекші жет­кізушілерімен бірлесіп зерттеулер жүргізіледі. Осы зерттеулердің нәти­желері әлемде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларында практикалық қолдануды тапты. 2021 жылы Үлбі металлургия зауытында Қытай үшін ядролық отын шығаратын зауыт ашылды.

АЭС жобасы айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі. Құрылыс кезеңінде 8 000, ал пай­далану кезеңінде 2 000 жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде Қазақстанда 17,9 мыңға жуық адам атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жұмыс істеп жатыр. Олардың ішін­де ғылыми-техникалық ұйымдарда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да мықты мамандар шоғыр­ланған. Сондай-ақ Түркиядағы «Аккую» АЭС құрылысына 150-ден астам қазақстандық қатысуда.

Атом саласы бағыты бойынша 4 070 білімгер бакалавриат, док­тор­антурада оқуда. 2022-2023 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында мамандандырылған білім беру бағдарламалары бойынша 2 848 грант бөлінген. 

Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядро­лық орталығы» РМК базасында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік универ­сит­еті мен С.Аманжолов атын­дағы ШҚМУ филиалдары табыс­ты жұмыс істейді. 

2022-2023 жылдар аралығын­да. Қазақстан, Франция, Ресей Федерациясы және Венгрия атом өнеркәсібінде кадрлық әлеуетті арттыру бойынша бірқатар екі­жақ­ты құжаттарға қол қойды. 

Бізде АЭС құрылысына қа­тысты уран өнеркәсібінде «Қаз­атом­өнеркәсіп» кәсіпорны, ядро­лық реакторлар, үдеткіштер, кри­ти­калық стенд пайдаланылып жүрген Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы мен Алматыдадағы Ядролық физика институты бар.

Қазақстанда «Ядролық физи­ка және технология» мамандығы бойынша мамандар жыл сайын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де білім алуда.

Біздің кадрларымыз бар, ғы­лымды дамытуға, оны бейбіт өнеркәсіпте пайдалануға әлеуеті­міз жоғары. АЭС барлық энерге­тика­лық мәселелерді шешпейді, бірақ олар ұзақмерзімді перспек­тивада сенімді энергиямен қамта­масыз ету үшін маңызды.

Дамыған елдердің табиғи ресур­стары бар болғаны 5%-ды құрайды, 18%-ы – өндірістік ка­пи­­тал, ал негізгі 77%-ы білім мен табиғи қорларды тиімді басқаруда жатыр. Әлемдік дамыған елдерде жүргізілген зерттеулердің нәти­же­сінде әлемдік экономикалық дамудың жаңа үлгісі пайда бол­ғанын көрсетеді. Адам капиталы мен инновация ең қымбат ресурс болып есептеледі.

ХХІ ғасыр – атом ғасыры, креативті ноу-хау технология ғасыры. Бүгін – ғылымды дамыту уақыты, ұтымды жобалар мерзімі.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты