Тарихта өркениеттің озық үлгісіне айналып, адамзат мәдениетінің бір бөлігіне айналған жібек матасы инновациялық жетістіктердің бірі десек болады.
Маталардың «атасы» – жібек
703
оқылды

Ерте және ортағасырлық дүниежүзі тарихында ешбір өнім жібек тәрізді әйгілі болып, әлемдік саудада өзіндік із қалдырмаған деп айтуға болады. Әйгілі сауда керуені – «Ұлы Жібек жолының» осы тауардың атымен аталуы соның дәлелі. Жібек матасының «отаны» саналған қытай халқы әлі күнге дейін осы бір құны алтыннан кем саналмайтын мата түрін әлемге экспорттап келеді. ҚХР астанасы Бейжіңде Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) бастаған 100-ден астам шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілдеріне арналған CIPCC бағдарламасы аясында біз де жібек матасының тарихына сүңги түстік. 

Жібек музейі

Бағдарлама аясындағы келесі сапа­ры­мыз Ханчжоу қаласы болды. Бұл өлке өзінің жібек өндірісімен танымал. Қан­­­­шама ғасырлар бойы дәстүрлі түрде жібек өндіріп ке­ле жатқан өңір бүгінге дейін бабалар мұ­ра­сына адалдық танытып келеді. Біз бұған қа­ладағы Қытай Жібек мұражайына бас сұқ­­­қанымызда көз жеткізе түстік. Қашанда мә­дениеті мен тарихына құрметпен қарай­тын қытай халқы жібек матасының өзіне әлем­дегі ең үлкен музей салған екен. Музей іші өте кең және мұнда әр бөлме әр кезеңдегі жібек матасы тарихынан сыр шертеді. Мұ­ның бәрі Қытайдағы жібек құртының 5000 жыл­дық тарихына арналған. Мұражай экс­по­зициясы бірнеше тақырыптық кеңістікке бө­лінген. «Тарих залында» сирек кездесетін фот­осуреттер, археологтар тапқан көне құ­рал­­дар, жібек маталардың үлгілері сақтал­ған. Олардың ең көнесі біздің заманымыздан бұрынғы 3 мыңжылдыққа жатады. Мұнда келушілерге Ұлы Жібек жолының тарихы мен маңызы таныстырылады. Тоқу және бояу залында жібек өндірісінің кезеңдері көр­сетілсе, тұт ағашы залында жібек құр­ты­ның құпиялары ашылады. Соңғы техно­ло­гия­лар мен Қытайдың жібек өндірісіндегі та­быстары туралы баяндайтын қазіргі за­манғы жетістіктер залына маңызды мән бе­рілген. Шеберлер жібекке кесте тігу про­цесін көрсететін де зал бар. Тіпті, мұражай қа­бырғасында үнемі өткізілетін көрмелер мен сатылымдарда көне технология бойын­ша жасалған бірегей жібек бұйымдарын са­тып алуға да болады екен. 

Музей қабырғасында: «Ежелгі Қытайда Жі­бек шаруашылығының пайда болуы ту­ра­лы көптеген мифтер, аңыздар мен жаз­ба­ша дәлелдер болған. Өткен ғасырда архео­ло­гиялық жаңалықтарда Жібек кокондары, Жібек жасау құралдары және неолит дәуі­ріндегі ежелгі Жібек сынықтары 5000 жыл бұ­рын Янцзы (Чанцзян) және Хуанхэ өзен­де­рінің аңғарларында Жібек өсіру ше­бер­ха­наларының жұмыс істегені туралы ғылыми дә­лелдер келтірді. Жібек ежелгі Қытай өр­ке­ниетінің басты ерекшелігі болды. «Ерлер егіншілікпен айналысады, ал әйелдер то­қи­ды» деген ежелгі сөз ежелгі Қытайдағы фео­­­далдық қоғамның тұрақтылығы мен са­бақ­тастығының негізін көрсетеді» делінсе, тағы бір жерде: «Жібектің шығу тегі туралы көптеген мифтер мен аңыздар бар, сонымен қатар жібек құртының құдайлары мен Жібек өсіруді ойлап тапқандарға табыну мен құрбандықтың көптеген түрлері бар. Ресми түрде мақұлданған аңыздар жібек шаруашылығын жасаушы ретінде ми­фо­логиялық сары императордың әйелі Лей Цзу­ға немесе Силиншиге жатады. Сонымен қа­тар халықтық мифтер жылқы басы бар әйел мен атқа мінген патшайым Құдайы тура­лы айтады. Ол жібек құрттарын өсірген ал­ғаш­қы адам болды және кейінірек Жібек өнер­тапқышы ретінде табынатын болды» де­лінеді. Осы кезде бізге келіп жеткен аңыз­дың бір нұсқасы жадымызға оралды. «Бір күні патша Шуан Юаншы мен тоқалы Лей Цзу аулада тамақ ішіп отырады. Самал жел­дің тербеуінен қасындағы тұт ағашының ба­сы­нан кеселеріне жылан пішіндес бір құрт түседі. Лей Цзу құртты алып, алақанына са­лады. Ішіп отырған тамақтары ыстық бол­­ғандықтан, келіншектің қолы ыстыққа шы­дамай, құрт қайтадан ыдысқа түсіп ке­теді. Лей Цзу қолы күйіп қалмау үшін тыр­на­ғымен ақырын ғана құртты алып тастамақ бо­лады. Дегенмен байқаусызда тырнақ құрт­тың қабығын жарып кетеді де, ішінен бір тал жібек шығады. Келіншек қайран қа­­лып жаңағы жіпті тарта бастайды. Ол тарт­­қан сайын ұзара түседі. Содан Лей Цзу жі­бектің бір үшін саусағына орап, құрттың ішіндегі жібек таусылғанша тарта береді. Жарқылдаған жіпті көргенде Лей Цзу өзінің кендірден тоқитын кездемесін осы жіппен то­қуды ойлайды. Сонымен қатар жібек құр­тының қайдан түскенін іздейді. Сонан оның тұт ағашында өсетінін байқайды. Артынан осы құрттардың тұрмыс-тіршілігін мұқият бақылай келіп, жібек құртын өсіруге тәуекел етеді. Кейіннен бастаған ісі нәтиже беріп, ке­­ліншектің түрлі түсті маталарын ай­на­ла­сын­дағы тұрғындар қызығушылықпен са­тып ала бастайды. Өстіп жібек өндірісі жол­ға қойылады».

Музейді аралап жүріп, «жібек матасы біз­­­дің өлкеге қай уақыттарда келе бастады, біз­дің бабаларымыз алғаш қалай пайда­лан­ды?» деген сұрақтар көкейге жиі ұялай бер­ді. 

Қытай атауы матадан шыққан ба?

Кезінде жібек маталарының өте са­па­лы «К-тай» деп аталатын түрі Азия мен Еуропада аса кеңінен сұранысқа ие болған деседі кейбір деректерде. Кейін­нен осы матаның атауымен «хансулар» деп та­лай ғасыр аталып келген жұрт, келе-келе Қы­тай елі деп атала бастады. Сөйтіп, мата­ның атауы тұтас бір елдің атына айналған дей­ді кейбір ғалымдар. Бексұлтан Нұр­жеке­нің жазуынша, ертеде түркілер жібек ма­тасының қалай жасалатындығын білу үшін пы­сық бір жігітті Қытайға сапарға ат­тан­дыр­ған көрінеді. Ол барған жерінде қалың шашты бір қызға үйленеді де, оның шашын ұп-ұсақ қырық өрім етіп өргізеді. Сөйтіп, әр өрімнің түбіне бір, ұшына бір жібек құр­тын тығып, сексен жібек құртын Қытай елі­нен алып өтеді. Міне, дәл осылай түркі ха­лықтары арасында да жібек мата өндірісі қол­данысқа ене бастайды. 

Шет жерлерден әкелінген жібек, жүн ма­талар көшпенділер тұрмысына өте көне за­манда енген. Біздің жерімізді мекендеген ғұн тайпалары Қытайда шығарылған жібек, мақта маталарды сый ретінде, соғыстан түскен олжа және шаруашылық өнімдеріне айырбастап алған. Сырдариядағы Жетіасар қорғандарынан қызыл күрең жібек маталардың бөліктері табылған. Бұл Орта Азия территориясынан өткен Ұлы Жібек жолы керуенінің маталарын көптеген халықтар сатып алғандығын көрсетеді.

Жібек матасынан Ұлы Жібек жолына дейін

ІІ мыңжылдықтың ортасында Шығыс Түр­кістан мен Орта Азия аймағына жібек етене ене бастайды. Сапаллитеп (Өзбек­стан­ның оңтүстігі) қаласының маңынан б.з.д. 1700-1350 жж. жататын жібек қалдығы табылды. 

Деректерге көз салсақ, Ұлы Жібек ж­о­лының қалыптасу генезисі Қиыр Шығыс­тың солтүстік, батыс және оңтүстік батыс­та­ғы елдермен байланыс орнатпаса мүмкін бол­мас еді. Бұл үдеріс ежелгі қытайлық­тар­дың Моңғолия және Шығыс Түркістанның көшпелі тайпаларымен және көшпелі тай­палардың өзара қарым-қатынасы (юэчжи, үйсін, ғұн) нәтижесінде қол жеткізілді. Хан династиясының билігі басында (б.з.д. 202 ж.) Шығыс және Орталық Азия аймағында бай­ланыс жүйесі қалыптасып, ол Солтүстік Қы­тайдан Амур, Байкал, Минусинск қазан­шұңқырын, Алтай, Тянь-Шань, Памир және Тибет аймақтарын қамтыды. Белгілі америкалық ғалым Эдвард Хетцель Шефер «Жібек жолы тарихында сауда жолымен жүз алпыс тоғыз тауар түрі, он сегіз тауар топ­та­масы тасымалдаған» деп көрсетеді. Осы тауар­лардың ішінде ең басты және маңыз­ды­сы жібек болғандықтан сауда жолы «Ж­і­бек жолы» деп аталып, бұл атау халықаралық қауымдастықпен қабылданады. 

«Жібек жолы» тек қана сауда-саттықты ғана емес, мемлекет пен елдердің арасын­да­ғы достық және бейбітшілік қатынастарды да жоғары денгейге көтерді. Ол дүниежүзі өр­кениетін тоғыстырып, адамзат қоға­мы­ның дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Елімізде жібек құртын өсіру қолға алынбақ

Жібек құртын өсіру, мата өндіру ісі еліміздің оңтүстік өңірлерінде дамып келеді. Әсіресе, Түркістан облысы Же­тісай ауданында бұл істі қолға алған кә­сіп­керлер аз емес. Ал жуырда «Ауыл ама­на­ты» жобасы аясында Жамбыл облысының әкі­мі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен «Жер-Ана» ауыл фермерлері» корпоративтік қоры Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» ор­талығында «Тұт ағашын өсіру арқылы жі­бек құртын өндіру» тақырыбындағы биз­нес-жобасының презентациясын жасаған еді. Жобаның таныстырылымына фермер-әйелдер, іскер әйелдер, ғалым, қолөнер шеберлері, қоғам белсенділері қатысты. 

Осы ретте «Жер-Ана» ауыл фермерле­рі­нің корпоративтік қоры құрылтайшысы Ма­рия Ибраимоваға хабарласып, аталған жо­ба туралы сұрап білдік. «Бірнеше жыл бұ­рын Өзбекстанның ауылдарын аралап көр­дім. Әйелдер егіндікте де істейді, үйле­рін­де жібек құртын да өсіріп отыр. Совет за­манында бізде де болған еді бұл кәсіп. Жібек Жолы ауылында бұрын жібек құртын өсірудің орталығы болған. Сол жерде Орман шаруашылығында 7 гектар жерде тұт ағаш­тары сақталып қалыпты. Енді сол ауылды Жібек Құртын өсірудің орталығы етпекпін. Біз 30 мың тұт ағашын ектік. Ол ағаштар 3 жыл­дан кейін дайын болады. Сол ауылдың жас­­тарынан әлеуметтік кәсіпкерлік корп­ора­ция құрдық. Оларға қосымша Тұт аға­шын егуге 7 гектар жер, жібек құртын өсіріп одан өнімдер шығаратын орталық салуға тағы 60 сотық жер бөлінді. Орталыққа жеңіл­­детілген «Ауыл аманаты» бағдарла­ма­сы­мен 40 миллион теңге бөлінді. Жақын ара­да қаржы түсіп, құрылыс басталмақ. Қа­зірдің өзінде 50 қыз-қеліншекті оқытып, дайындап қойдық. Байзақ ауданының ауыл әкімдерін Маргелан облысына апарып жі­бек құртын өсіріп, өнім шығаруды көрсетіп қайт­тым. Аналарды да апардым. Бәрі таң қа­лып келді. Келер жылы жібек көрпе мен жас­тық шығарсақ деп мақсат қойып отыр­мыз. Облыстық әкімшілік қолдап отыр», – дейді ақ жаулықты әжеміз.

 

ТҮЙІН:

Жалпы, жібек матасынан көл-көсір пайда табуға болады. Қаншама ғасырлық тарихымен адамзатпен бірге жасасып келе жатқан бұл матаға деген сұраныс көбеймесе, азаймас. Мы­салы, қазіргі уақытта Қытай – әлемдегі ең ірі жібек өндіруші және экспорттаушы мемлекет. Қытайдың барлық жібегінің 70%-ы экспортқа шығарылады. Шикі жібек өндіру көлемі әлемдік өндірістің 70%-ы және әлемдік экспорттың 85%-ын құрайды. Қытай жібек өнімдерінің экспортын өткен жылы 801 миллион долларға жеткізген екен. 2023 жылы Қытайдан жібек экспорттаудың негізгі бағыттары 19,8% үлесі бар Италияға (159 миллион АҚШ доллары), 16,3% үлесі бар Үндістанға (130 миллион АҚШ доллары), Вьетнамға 7,02% үлесімен (56 миллион АҚШ доллары), Пәкістанға 6,89% үлесімен (55 миллион АҚШ доллары), 6,63% үлесі бар Жапонияға (53 миллион АҚШ доллары) сауда жасаған. Бұдан бөлек, дамыған бірнеше мем­лекет бар. Демек, жібек тек қана мәдениет, өнім ғана емес, экономиканың басты драйвері саналып отыр. Ендеше сән-салтанат құрған мынау дамыған заманда жібек матасы адам­затпен әлі де бірге жасай бермек. 

Наурызбек САРША