Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған болатын.
Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова баласына қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтты
Фото: видеодан кадр
1,881
оқылды

Талғарда болған трагедияға байланысты марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова баласы – марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа біреулер хабарласып, қоқан-лоқы жасап жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Балама қоңырау соғып, «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп қорқытып жатыр. Бізге көмекке адам керек. Келген әкімдерге де, журналистерге де айтып жатырмын. Көршілер үйіңізге адамдар кірген деп айтып жатыр. Есікті ашып, кірген, аралап жүрген, бірақ ештеңе алмаған дегенді айтты. Көршілер қарауылда отыр. Балалар қорқып, «үйге барайық» деді. Мен «жоқ, баламның қырқы өтсін, мәселені біржақты етіп алайық, қатарласып жатсақ та осы үйде болыңдар» дедім. Рұқсат бермедім. Соның арқасында олар аман қалды. Бір көршім «Тәте, кеше сағат 5-те жұмысқа кетіп бара жатқанда нөмірсіз екі «Мерседес» көлігі көшені айналып жүрген, сосын кетіп бара жатқан соң сіздерді шошытпайын деп айтпадым. Таңертең қайтып келе жатсам, сол көліктер тағы тұр екен. Жоғары органдарға айтпадыңыздар ма, адам берсін деп» деді. Міне, үй өртенді, балам өлді. Содан кейін ғана күзетуге есігіміздің алдына патруль көлігін берді. Оған дейін үкіметіміз қимылдауға болатын еді. Менің таңғалатыным, олардың (қылмыс жасаған адамдардың – ред.) үйіне, көшесіне патруль көлігін беріп қойыпты. Бізді шабуылдайды деп. Үкімет солардың сөзін сөйлеп тұрған сияқты», – дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі. 

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. 

Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 

10-сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Алматы облысында марқұмның отбасына тиесілі үй өртеніп кетті.

Талғарда қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың отбасын полиция күзетеді.

Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үйдің өртенуіне байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады.

Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртенген соң,  Алматы облысы әкімдігі мәлімдеме жасады.

Ұлынан айрылып, қара шаңырағы өртенген Шерзаттың әкесі барлығы заң аясында шешім табатынына сенім білдірді. 

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Шерзаттың отбасына тиесілі өртенген үйге барды.

Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы өртке және Талғар ауданындағы жағдайға байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жедел штаб отырысын өткізді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.