Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» театрында «Майра Мұхамедқызы. Сахнада 30 жыл» концерті өтті.
Майра Мұхамедқызы кейіпкерінің тағдырын жан жүрегімен сезеді – опера әншісі
Мәулен Мұқатаев
1,367
оқылды

Кеш еліміздің ең атақты опера әншілерінің бірі һәм бірегейі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызының шығармашылық қызметінің мерейлі жылына арналды.

Жалпы, Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолы – үлкен ізденіс, тынымсыз еңбек және музыкаға деген шексіз махаббат. Оның сахнадағы кішкентай қадамдардан бастап, халықаралық деңгейге дейін танылуы кездейсоқ жайт емес. Мұны талантты, талапты өнерпаздың өзі де жақсы біледі.

30 жыл біреуге аз, біреуге көп...

30 жыл сахнада жүру біреуге аз, біреуге көп. Шынымды айтсам, сахнаның қызығында жүріп, уақыттың қалай тез өткенін сезбей қалыппын. 50 шақты опера, 100-ге жуық қазақтың халық әнін айтыппын. Менің қоржынымда біраз дүние бар. Бала күнімнен бастап, қазіргі күнге дейінгі шығармашылығымдағы барлық інжу-маржанды жинауға тырыстым. Осы жылдар ішінде бірнеше опералық қойылымда өнер көрсетіп, жанымның бір бөлігіне айналған қазақтың көптеген халық әнін орындадым, қыруар концертке қатыстым. Бұл – кез келген классикалық әншіге бұйыра бермейтін бақ. Әрине, мұндай жетістік үлкен еңбек пен зор ізденістің арқасында келеді. Сондықтан шығармашылық қызметімнің 30 жылдығына өз Отанымда қазығымды қағып, туымды тіктеп келдім дей аламын. Армандаған адам мақсатына жетпей қоймайды, сондықтан өзіммен мақтанамын, көп жылғы еңбектің арқасында биікке жеттім деп те ойлаймын, деді атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызы.

Майра Мұхамедқызы – тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар көптеген жас вокалистің арманын орындаған, оларға үлгі болған, тәлім берген ұстаз. Әртүрлі сипаттағы партияларға да келе беретін оның сопрано дауысы әлемдік сахналардан жиі естілді. Ол Париж (париждік «Гранд Операның» тұңғыш қазақстандық солисі болды!), Бейжің, Мәскеу, Вашингтон, Нью-Йорк, Лондон, Ыстамбұл, Дели, Сеул, Вена, Берлин, Будапешт театрларында өнер көрсетті. Астанадағы концерт оның өнерге қызмет еткен көпжылғы еңбегінің символы ғана емес, сондай-ақ қазақтың мәдениеті мен өзінің халқына деген сүйіспеншілігінің көрінісі іспетті.

Мерейтойға арналған концерттік бағдарламаны Майра ханымның өзі егжей-тегжейіне дейін ойластырған. Кеш қонақтары Майра Мұхаммедқызының орындауында айрықша естілетін әлемдік опера мұрасының үздік арияларымен қатар, қазақ композиторларының туындыларынан ләззат алды. Олардың қатарында «Ағажай Алтай» деп аталатын қазақтың халық әні, Эйтор Вила-Лобостың «№5 Бразилиялық бахиана», Петр Чайковскийдің «То было раннею весной» және басқа да көптеген туынды бар. Кеше «Астана Опера» театрында дүркіреп тұрып өтті.

Мен үшін «Астана Опера» театрының орны бөлек. Алматыдағы Абай атындағы театрда 20 жыл, Францияда 7 жыл және елордада 6 жылдай еңбек еттім. Ұлттық, әлемдік опералық қойылымдарда басты партиялардың барлығын орындадым деуге болады. Сондықтан концертте бала күнімнен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шырқаған арияларды, сондай-ақ халықаралық байқауларда өзім өнер көрсеткен туындыны таныстырдым. Егер белгілі бір байқауға тоқталсам, П.И.Чайковский атындағы байқаудағы жеңісім менің өмірімдегі айтулы оқиға болды. Ол жерде концертмейстер ретінде менімен бірге керемет пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазіргі таңда АҚШ-та тұратын Теміржан Ержанов өнер көрсетті. Концертте екеуміз бірге сахнаға шығып, сол байқауда ұсынған туындыларды орындадық, деп атап өтті әнші.

Ол – әлемдік деңгейдегі өнерпаз

Майра Мұхамедқызы жайлы пікір білдіретін адам көп. Соның ішінде белгілі опера әншісі Дина Хамзинаның жөні бөлек.  Оның айтуынша, Майра Мұхамедқызының еңбекқорлығы әлі күнге дейін біраз жасқа үлгі болып келеді.

Майра ханымның шығармашылығы туралы ұзақ әңгіме айтуға болады. Оның сахнада сомдаған образы, әрбір берген концерті – бәрі жадымызда. Репертуарына өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, кешегі өткен концерті өте ғажап болды. Бұл – тек тынымсыз еңбек етудің нәтижесі. Өзім сол кісінің жанында жүрсем, «не деген жалқау адам едім» деп ойлап қаламын. Ол жалғыз творчествомен айналысып жүрген жоқ. Қазір Шымкент Опера және балет театрының директоры. Мен оның Шымкентке алғаш барған кезін де жақсы білемін. Сондықтан Майра Мұхамедқызына дейінгі Шымкенттегі Опера және балет театры мен қазіргі кезді салыстыру мүмкін емес, жер мен көктей деуге болады. Қазір оркестрдің орындауы, хордың айтуы, әншілердің кәсібилігі – барлық деңгей кәдімгідей өскен. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз өнерге әлі де үлкен үлес қосып келеді. Ол қазақтың ішінде жүргені болмаса, әлемдік деңгейдегі өнерпаз ғой. Алыс-жақын шетелде де достары көп. Кешегі кешіне басқа жақтан дирижер шақыртып, әлемге аты танылған әншілердің бәрін шақыртуына болар еді, бірақ  ол өзінің ұжымын көрсетті. Жас әншілерді шығарып, олардың танылуына себепкер болды, дейді опера әншісі Д. Хамзина.

Кейіпкердің тағдырын жан жүрегімен сезеді...

Оған қоса, кәсіби маманнан Майра ханымның қандай шығармашылығын жоғары бағалайтынын сұрадық.

Жалпы, қандай партия орындаса да, ол өте шебер орындайды. Дегенмен «Фауст» операсындағы Маргаританы, Дж. Вердидің «Травиата» операсындағы Виолеттаны, одан кейін А. Жұбанов пен Л.Хамиди жазған «Абай» операсындағы Ажарды асқақ һәм биік деңгейде мінсіз орындайды. Сонымен қатар «Трубадур» операсындағы Леонораны шебер орындайды. Енді шебер дегенде, ол тек вокалды ғана ойламайды. Оның ішінде дауыстың әртүрлі бояуымен бірге, кейіпкердің түрлі тағдырын, сезімін жан жүрегінен өткізіп бере алады. Оның шеберлігі сонысымен де құнды! деді ол.

Штраустың «Заратустра солай деген» шығармасымен басталған концертте Шуберттің «Серенадасы», Абайдың «Көзімнің қарасы» сияқты шедевр әндер шырқалып қана қоймай, «Домалақ Ана» қойылымындағы сахна да қойылып, Майра Мұхамедқызының ерекше даусы тыңдарманның көзін, санасы, жүрегін – барлығын дерлік қатар жаулап алды. Мағыналы, мәнді, мазмұнға өте бай, арзан «өнерден» ада кеш өз биігінде өтіп, кеш соңында өнер иесі қолдаушыларына алғыс айтты.

Осынау 30 жыл бойы менімен бірге болып, қолдап келе жатқан көрермендеріме алғысым шексіз. Осы жылдар ішінде менің шығармашылығымды бақылайтын аудитория қалыптасты. Алдағы концертте олардың барлығын көргім келеді, барша өнерсүйер қауымды шақырамын, деп сөзін қорытындылады Майра Мұхамедқызы.

Айта кететін жайт, танымал опера әншісі елордадан бастау алатын шығармашылық кешті Қазақстанның барлық қаласында өткізіп, сосын кештің нүктесін Шымкентте түйіндеуді жоспарлап отыр.