Былтыр Президент Қ.Тоқаев банк саласындағы бәсекелестікті арттыру үшін Қазақстанға шетелдің қаржы ұйымдарын тарту қажеттігін атап өткен болатын.
Рейтингі төмендеген банктің болашағы қандай?
1,349
оқылды

Сол арқылы банктердің экономиканы несиелендіру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар банк жүйесін қайта құру, ақша ағындарын цифрландыру және кәсіпкерлерге деген сенімді арттыру және елдегі бизнес пен инвестицияға жағдай жасау үшін банктердің ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдармен біріктіруге баса назар аударды. Нәтижесінде, Оңтүстік Корея, Египет секілді елдердің инвесторлары отандық нарыққа кіруге ынта білдірген болатын. Сонымен қатар қаржы нарығындағы елеулі келіссөздердің бірі – санкцияға ұшыраған ресейлік Сбербанк еншілесінің «мұрагері» Bereke Bank-тің қатарлық инвестордың еншілігіне өтуі болды.

Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Бәйтерек» хол­дингі мен катарлық Lesha Bank арасында Bereke Bank-тің 100 пайыз акцияларын сату бойынша келісімнің аяқталғанын мәлімдеді. Яғни, екі тарап арасындағы барлық шарттар келісіліп, қазақстандық реттеушілер мәмілені мақұлдаған. Біршама уақыт мемлекеттің басқаруында болған Bereke банктің қаржылық ахуалы қандай болды және бұл келісім отандық қаржы нарығына қандай да бір өзгеріс әкеле ме? Сараптап көрелік.

Bereke Bank берекелі ме?

Bereke Bank (бұрынғы «Сбербанк Қазақстан») 2022 жылы «Сбербанктің» қазақстандық нарықтан кетуіне бай­ланысты көптеген қиындыққа қарамас­тан, қазір жағдайды тұрақтандырды. ForbesKazakhstan рейтингінде Bereke Bank көрсеткіштері бес позицияға көтерілгенін көреміз. 

«Мұндай рекордтық өсімге банк активтері, капиталы мен салымдарының айтарлықтай өсуі себеп. Өйткені қар­жылық ұйым жеке және заңды тұлға­ларға, әсіресе ШОБ сегментінде несие­леуді белсенді түрде кеңейткен.  Соңғы жылдары Қазақстанның ірі банктері рейтингте өз позицияларын нығайтуды жалғастыруда. Екінші деңгейлі банктер арасындағы рейтингте  ортаңғы позиция үшін күрес күшейіп, Фридом банк Қазақстан, Bereke Bank, Алматы қаласындағы Қытайдың Cауда-өнеркәсіп банкі және Шинхан банк Қазақстан сияқты бірқатар қатысушы позиция­ларын едәуір жақсартқан», – делінген рейтингте.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Bereke Bank акционерінің ауы­суы – алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарды енгізуге, өнім түрлерін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға негіз болатынын мәлімдеп отыр. Екіжақты мәміле банкті дамыту үшін жаңа перспективаларға алғышарт болмақ.

«Бұл банктің позициясын нығайтуға, қаржылық орнықтылығын күшейтуге мүмкіндік беріп, клиенттерге неғұрлым инновациялық және бәсекеге қабілетті шешімдер қабылдауына жағдай жасайды. Қазақстанның қаржы нарығына шетелдік инвестордың келуі екінші деңгейдегі банктер арасында бәсекелестікті күш­ейтіп, нақты секторға кредит берудің өсуін қамтамасыз етеді. Bereke Bank АҚ-тың еліміздің қаржы жүйесі үшін маңызы жоғары, халықпен және бизнес-клиенттермен жұмыс істейтін әмбебап банк. Банк Қазақстанның коммерциялық банкі ретінде жұмыс істеуін жалғастыра береді. Қаржы ұйымының клиенттер мен әріптестер алдындағы барлық міндетте­мелері өзгеріссіз жүзеге асыр­ылады», – деп баяндалған агенттік хабарламасында. 

Бүгінде Bereke Bank Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктер арасында актив көлемі бойынша 9-орында, ал несие портфелінің мөлшері бойынша 7-орында. ҚР ҚНРДА статистикасына сәйкес банк активтері 2,3 трлн теңгені, меншікті капиталы 186 млрд теңгені құрайды. Банк реттеушінің барлық белгілеген пруденциялық нормативтерін орындайды. 

Халықаралық рейтингі төмендеді

Дегенмен жыл басында халықаралық Fitch Ratings агенттігі Bereke Bank қа­тарлық инвестордың меншігіне өтсе, қаржылық ұйымның рейтингін төмен­дететіні туралы мәлімдеген болатын. Расымен де, кеше Fitch Ratings агенттік қазақстандық Bereke Bank-тің кредиттік рейтингін төмендеткені жайлы мәлімдеді. 

Хабарламада Fitch агенттігі Bereke Bank-тің ұзақмерзімді рейтингін (IDR) BB деңгейінен В+ деңгейіне төмендетті. Болжамы – «Тұрақты». Сондай-ақ мемлекеттік қолдау рейтингі (GSR) ВВ деңгейінен NS-ке дейін төмендеді (қолданылмайды). Себебі банк қатарлық Lesha Bank-ке сатылғаннан кейін мем­лекеттік банк болып саналмайды.

Халықаралық агенттік банк қатарлық инвесторға сатылғаннан кейін мемле­кеттік қолдау ықтималдығы төмендеді деп санайды. Өйткені банк қазір шетелдік меншік иесіне тәуелді және Қазақстан­ның банк секторы үшін жүйелі маңызы жоқ (оның кредиттер мен депозиттердегі үлесі тиісінше 4,5% және 3,5% құрайды).

Сонымен қатар Fitch Ratings Bereke Bank-тің жаңа меншік иесі – қатарлық Lesha Bank-тің қолдау мүмкіндігі де шектеулі деп бағалады. Себебі Bereke Bank айтарлықтай үлкен (оның активтері 4,8 миллиард долларды құрайды, бұл Lesha Bank-нен 2,8 есе көп). Сондай-ақ халықаралық рейтинг агенттігі банктің бизнес профилі мен кірістілігі жергілікті бәсекелестермен салыстырғанда әлсіз екенін және оның капиталдандырылуы орташа екенін атап өтті. «Егер актив­тердің сапасы нашарласа және капиталға қысым жасайтын шығындар болса, банктің рейтингі төмендеуі мүмкін. Егер банктің кірістілігі, капиталдандыруы және нарықтағы үлесі жақсарса, рейтингтік көрсеткіш де өсуі мүмкін. Экологиялық, әлеуметтік және басқару факторлары (ESG) рейтингтік шешімге айтарлықтай әсер еткен жоқ, олардың әсері аз. Банк рейтингінің төмендеуі оның жаңа мен­шігіне және мемлекет тарапынан да, жаңа акцио­нерлер тара­пынан да шектеулі қол­дауға байланыс­ты» – делінген  Fitch  хабарламасында.

Қатарлықтар қандай мүмкіндік ұсынады?

Қатарлықтар үшін ел аумағындағы ТОП-10 банктің бірі саналатын қаржылық ұйымның активтерін сатып алу – Қазақстан мен Орталық Азияның банк нарығына кіруге жол ашады. Сонымен қатар Қазақстандағы жоспарлы миллиардталған инвестициялармен байланысты қаржы ағындарын бақылау тетігіне айналмақ. Бұл дамушы нарықтардағы араб инвесторлары арасында жиі кездесетін тәжірибе, онда арабтар кейінгі инвестицияларын қолдау үшін қаржылық инфрақұрылымды бақылауға алады. 

Қазақстан үшін Lesha Bank және басқа да катарлық инвесторларды тарту – өте маңызды. Қатарлық инвесторлар әлемде табысты және ұзақмерзімді инвесторлар ретінде танымал. Биыл ғана Қазақстанда қатарлық инвесторда телеком, газ және энергетика салалар­ындағы миллиардтаған долларлық жобаларға инвестиция салу жоспарлары бар екені мәлімделген болатын. Егер инв­ес­тициялар жүзеге асырылса, онда басқа да қатарлық инвесторлардың назары отандық нарыққа аумақ. Парсы шығанағындағы бай араб елдері арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер үшін бәсекелестік жоғары екені белгілі. Ал Қатардың Қазақстан экономикасына оңтайлы инвестицияларға қол жеткізуі өңірдегі, атап айтқанда, БАӘ, Сауд Арабиясы және инвестициялық бел­сенділігі жоғары басқа елдердің ин­весторларының қызығушылығын арттыруы мүмкін.

Сіз кімсіз, Lesha Bank?

Lesha Bank – Қатардың Qatar Financial Center қор биржасында тіркелген ашық компания. Ашық дерекөздерге сүйенсек, Lesha Bank-тің ірі құрылтай­шы­ларының бірі – қазіргі Қатар Әмірінің әкесі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани. Ал банктің директорлар кеңесін шейх Фейсал бин Тани Әл Тани басқарады. Ресми дереккөздерге сүйенсек, ол Қатардың Әл Тани корольдік отбасына жатады. Сонымен қатар Шейх Фейсал –  Қатардың Qatar Investment Authority (QIA) тәуелсіз инвестициялық қорының Африка мен Азиядағы инвестицияларын басқаратын негізгі тұлғаларының бірі.  

2022 жылы Lesha Bank Қатардағы инвестициялық банк саласында көш­басшы атанды. Сонымен қатар Euromoney Market leaders рейтингінде кор­поративтік әлеуметтік бастамалары, цифрлық шешімдері және исламдық қаржыландыру ұсыныстары үшін жоғары бағаланған еді. 

Lesha Bank – қызметін шариғат нормаларына сәйкес жүзеге асыратын банк. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Lesha Bank активтері 2,05 млрд АҚШ долларын, меншікті капиталы 0,35 млрд АҚШ долларын, капиталының жеткіліктілік коэффициенті 16,9%-ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша банк 26,5 млн доллар және 2024 жылғы 6 айда 15,5 млн доллар мөлшерінде таза пайда тапқан.

Кәмила ЕРКІН