Астанадағы «Қазанат» ипподромында Рес­публика күніне және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге мен көкпардан жеңімпаздар анықталды.
«Қазанаттағы» дода
623
оқылды

Ұлттық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау және көкпардан үздік спортшыларды анық­тау мақсатында өтетін турнирге 7 ко­манда тіркелді.

Жеребе қорытындысы бойынша,   А тобына Астана қаласы, Павлодар, Ақ­мола облыстары, Қарағанды қаласы түссе, Б тобында Қарағанды облысы, Қостанай облысы, СҚО өзара тар­тыс­ты. Жарыстың алғашқы күні топ­тық ойындар өтсе, ертеңіне финалдық ойындар ойналды. 

«Көкпарға бас аяғы 7 команда қатысты.  Атап айтқанда, Қарағандыдан 2 команда, Астана қаласы мен Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан бір-бір ко­манда тіркелді. Турнир бағдарла­масына сәйкес, 10 қазан күні турнирдің ал­ғашқы күні көкпаршылар, шабан­доздар, атбегілер келіп орналасып, мандат комиссиясы мен төрешілер алқасының отырысы, жеребе тарту, жарыс аттарын алаңмен таныстыру іс-шаралары өтті. 

– 11 қазан күні көкпардан топтық ойындар басталды. Ал 12 қазан күні финалдық ойындар ұйымдастырылды. Онда жүлделі алты орын сарапқа са­лынды – деді жарыстың бас төрешісі Ерлан Канапин.

Айта кетейік, көпшілік көз тіккен жүйріктер додасының ашылу салта­натына біршама халық жиналды. Кө­рермендер үшін Ұлттық ат спорты фес­­тиваліне кіру тегін болды. 

 «V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары барша жерлестеріміздің назарын аударып, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртуға, қызығушылықты арт­тыруға ықпал етті. Енді қалыптасқан жолды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Осы орайда заманауи «Қазанат» ип­подромында 2 күн бойы көкпар мен бәйге түрлерінен жарыс ұйым­дас­тырылды. Көкпардан жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге, бәйге түрлеріндегі жалпы жүлде қоры – 20 млн теңгені құрады», – деді Астана қаласы мәсли­хатының төрағасы, Ұлттық және олим­пиадалық ат спорты түрлері федера­циясының президенті Ерлан Қана­лимов.

 Сондай-ақ фестиваль аясында бәй­ге түрлерінен сайыстар өтті. Яғни,  құнан бәйге, жорға жарыс, топ бәйге, аламан бәйге ұйым­дас­тырылды. 

Солтүстік аймақтың шабан­доз­дарына арналған республикалық тур­нирдің қорытындысы бойынша, Қостанай облысы финалда Астана қаласын 4:2 есебімен жеңіп, чемпион атанса, Қарағанды қаласының спорт­шылары Қарағанды облысын басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ турнир барысында үздік номинация иегерлері де анықталды. Атап айтқанда, Астана қаласының спортшысы Александр Пупенко «Үздік шабандоз» атанса, «Үз­дік ат» номина­циясын Қостанай облы­сынан келген «Доллар» сәйгүлігі иеленді.

БӘЙГЕ ЖАРЫСЫНДА КІМДЕР ТОП ЖАРДЫ?

Республика күніне және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйгеден жеңімпаздар анықталды.

«Жалпы, бәйге бойынша бүгінде онлайн түрде 8 ат тіркелді. Оның ішінде «Аламан» бәйгеге – 5 ат, құнанға – 3 ат.

Бәйге жарыстарының жалпы жүлде қоры – 20 000 000 теңге. Соның ішінде «аламан» бәйге ғана 5 орынға дейін жеңімпаздарды анықтайды. Қалған бәйге түрлері үшін 3 орын ғана» – деді Астана қаласы бойынша «Бәйге» федерациясының төрешісі Гульнара Базарханова.

Бетті дайындаған Әсет ҚАЛИ