Бүгінде қыздар ойын еркін жеткізетін күйге жеткен.
17 жыл құлдықта болған апалы-сіңлі қыздар жаңа қамқоршының қарауына өтті
2,517
оқылды

Түркістан облысында 1991 жылғы Назгүл мен 1996 жылғы Құндызды туған ағасы 17 жыл бойы еңбек құлдығына жеккен. Былтыр Назгүл мен Құндыздың жантүршігерлік оқиғасы "Көреміз" бағдарламасында айтылды. 1 жыл бойы телебағдарлама редакциясының қарауында болған апалы-сіңліні жаңа заңды қамқоршы қамқорлығына алды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Зүлфия Төленова барлығы 37 балаға бас-көз болған. Оның 13-і отау құрған, бүгінде 21 немересі бар. 

"Қазір менімен 12 бала тұрады. Назгүл мен Құндызбен 1-2 ай шамасында бірге тұрдық. Қазіргі уақытта қыздардың заңды қамқоршысымын. Шаңырағымдағы әрбір баланың өмірде орнын табуына көмектесемін. Менің есігім 24 сағат бойы ашық", – деді ол.

Бүгінде қыздар ойын еркін жеткізетін күйге жеткен. 

"Қой бағып жүретін едік. Күн ыстықта тәтем үшеуміз тезек жасайтынбыз. Кейін ол тезекті жинаймыз, жаман, қап-қара боп кеттік қой. Мал бағып жүрген кезде шаршайтынбыз, қазір әдемі боп қалдық, аппақ боп. Шашым ол кезде қысқа еді, қазір өсті", – деді Назгүл.

Кейін  Назгүл бір күні қалай өтетінін айтып берді.

"Тәте тамақты өзі істейді. Мен үй жинауға көмектесемін. Құндыз жатады, мен оны жатқызамын, үстін жабамын. Сурет салғанды жақсы көремін. Таңертең оянғаннан кейін сурет салуға кетеміз. Түстен кейін сағат 16.00-де дайындыққа барамыз", – деді Назгүл. 

Бұдан әрі Назгүл мен Құндыз Таразда заңды қамқоршысымен бірге тұрады.

"Бұл қыздардың сыныптастарына, бағдарлама редакциясына алғысым шексіз. Халықтың, сіздердің алдарыңызда мен сөз бере аламын. Өйткені мен өзіме сенемін", – деді Зүлфия Төленова.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.