Баян Имашева өнер жолын Қарағанды облыстық драма театрынан бастаған.
Актриса Баян Имашева қайтыс болды
3,272
оқылды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының артисі Баян Имашева өмірден өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың баспасөз қызметі мәлімдеді.

– Бойындағы сахна шеберіне тән ойлылық пен даралық, театрға, өнерге деген адалдығы – қазақ театр өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасында жүзден аса рөл мен қазақ тарихындағы сан тағдырлы әйелдер бейнесін сомдатты.

Өнегеге толы өмірінде, өнерге арнаған саналы ғұмырында актрисаның қазақ театры мен киносына, мәдениетіне қосқан үлесі өлшеусіз деп білеміз.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы қайғыға ортақтасып, марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады, – делінген ресми ақпаратта.

1941 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы  Түлкібас ауданы Борсықсай ауылында дүниеге келген.

Өнер жолын Қарағанды облыстық драма театрынан бастаған. 1965 жылдан бері Қазақ академиялық драма театрының актрисасы болып қызмет атқарды.

Театр сахнасындағы Валя Панфилова (М.Әуезов пен Ә.Әбішев «Намыс гвардиясы»), Бибіш (М.Мұқашев «Дала дастаны»), Алма (Е.Домбаев  «Желіккен жеңгейлер»), Бөрте, Нұрғаным (И.Ғайып «Шыңғыс хан» мен «Мен ішпеген у бар ма?»), Полина Андреевна (А.П.Чехов «Шағала»), Рахия (Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейнесі»), Қара кемпір (М.Жұмабаев «Ғашықтық дерт»), т.б. секілді рөлдерімен жұрт жадында қалды. 

Сондай-ақ «Өмір жолы», «Көшпелілер», «Үзілмеген үміт», «Қазақстан» телеарнасының «Болашақ» сериалы,«Ел арнаның» «Тілашар» бағдарламасы – Мұғалім және т.б. фильмдерде негізгі рөлдерді сомдаған.