Жақында ғана «Астана Опера» труппасы М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсын Үлкен театр сахнасына ұсынды.
Үлкен театрды тамсандыртқан «Астана Опера»
1,095
оқылды

Бұл шараны ешқандай асыра сілтеусіз айтулы оқиға деуге болады. Гастроль «Музыканы көру» халықаралық фестивалінің бір бөлшегіне айналып, мәскеулік көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қалың көпшілік қазақстандық әртістердің өнеріне тік тұрып, қол шапалақтады. 

Сан ғасырлық дәстүрлерді сақтап келе жатқан Үлкен театр қабырғасы қазақ операсына құшағын кеңінен жайғандай көрінді. Бұл кеште «Абайдың» үні осында болған әрбір жанның жүрегіне жетті. Солистер мен хор әртістерінің әрбір музыкалық сөйлемінен, Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің әрбір дыбысынан дала үні, бай тарих пен көшпелі мәдениет даналығының лебі есіп тұрды. 

Біртуар шеберлер – дирижер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, режиссер Джанкарло дель Монако, сценограф Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино жасаған «Абай» қойылымы көрермендердің алдында бар сән-салтанатымен көрініс тапты. Үлкен театр үшін бұл өнер көрсету көрермендерге сан қырлы қазақ мәдениетіне жақындауға мүмкіндік берген нағыз тың дүние болды. Әрбір көріністен кейін қол шапалақтаулармен алмасып отырған залдағы мызғымас тыныштық жұртшылықтың таңданысы мен ризашылығын жеткізді. Көпшілігі орындаудың өте әсерлі болғанын және «Астана Опера» әртістерінің жоғары вокалдық тәжірибесін атап өтті. Орындаушылардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев (Абай), Салтанат Ахметова (Ажар), Мейір Байнеш (Айдар), көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Ғалеев (Жиренше), Бейімбет Таңарықов (Әзім), Татьяна Вицинская (Қарлығаш), Сұлтан Бақытжан (Көкбай), Валерий Селиванов (Сырттан), Рамзат Балакишиев (Нарымбет), Артур Ғабдиев (Мес) болды. 

10 жылға жуық уақыт бұрын осы спектакльді қойған италиялық режиссер Джанкарло дель Монакоға да спектакльде болудың сәті түсті. 

- Мен Мәскеуге Дж.Вердидің «Риголетто» операсының қойылымдық жұмыстарына орай келген едім, оның премьерасы 14 қарашаға жоспарланған. Газетті қарап отырып, «Абай» деген жазуы бар афишаға көзім түсті. Алғашқыда бұл Үлкен театрдағы жаңа қойылым шығар деп ойлап қалдым, кейіннен бұл Қазақстандағы «Астана Опера» труппасының гастролі екенін білдім. Мәскеуде жұмыспен жүргенімде осынау аңызға айналған сахнада біздің қазақстандық қойылымды көре алатыныма таңғалдым және ерекше қуандым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай әрі үлкен мәртебе, – деді режиссер өз әсерлерімен бөлісе отырып. 

Спектакльге көрнекті ресейлік өнер қайраткерлері келді. Сонымен, өнертану докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Николай Иванович Кузнецов «Астана Операның» Мәскеуге шынымен керемет спектакльді алып келгенін және бұл көрермендер үшін нағыз сый болғанын атап өтті. 

- Мен сіздердің опера театрларыңыздың ашылуында болған едім, сондықтан ол өз шығармашылығымен қуантып келе жатқан тамаша опера ордасы деп айта аламын. «Абай» операсының бүгінгі қазақ тіліндегі қойылымы – соның жарқын дәлелі. Сіздер ғажайып музыканы, нағыз әсерлі опералық музыканы жазған қазақ композиторының туындысын таңдапсыздар. Көрермендердің бұған қалай ілтипат білдіргенін қараңыздар, барлығының көңілдері елжіреп және қызығып отыр! Орындаудың қазақ тілінде болып жатқаны өте маңызды әрі керемет. Мен бұл туындымен бұрыннан таныспын, сондықтан көптеген орыс көрермендері секілді мен де оның аудармасын жақсы білемін. Біз қазақ операсын жанымызға жақын көреміз. Сіздердің солистеріңіз – жай әншілер емес, олар сахнада өмір сүретін нағыз опера әртістері. Олар ән айтып қана қоймайды, сондай-ақ әрекет етеді. Олардың әрбір эмоциясы көрерменге түсінікті. Қойылым тамаша, сол үшін сіздерді Мәскеудегі жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл дәстүр жалғасын тауып, сіздерді осында заманауи композиторлардың қазақ опера туындыларымен әлі талай көреміз деген сенімдемін, – деп қорытындылады профессор. 

Танымал ресейлік опера режиссері Михаил Панджавидзе «Абай» қойылымын бірнеше мәрте тамашалағанын атап өтті.

– Менің оның түпнұсқасын «Астана Операда» тамашалап, оның ауқымдылығына сол кезде-ақ таңғалған едім. Труппаның деңгейі әдеттегідей керемет, осынау ұжыммен жұмыс істейтін кез келген дирижер, режиссер немесе суретшіге қызығуға болады деп сенімді түрде айта аламын. Мұндай дарынды және өз ісіне берілген жандармен қызмет істеу – үлкен бақ. Абайдың тұлғасын сахнада жүзеге асыру – күрделі тапсырма, себебі бұл жерде әлемдік ауқымдағы тұлға жайлы сөз болып отыр. Мен оның өлеңдерін қайта қарап, туындыларын тыңдаған сайын «бұл адамның басына қалай келеді екен?» деп таңғаламын. Өзімнің туған Үлкен театрымда жаныма жақын «Астана Опера» театрының жұмысын тамашалап, тыңдағаннан зор рақатқа бөлендім. Бұл мен үшін екі есе қуаныш! 

Ресейдің Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Золотая маска» театр сыйлығының төрт мәрте лауреаты Александр Титель де спектакльге жоғары баға берді. 

– Өзім бұрыннан білетін, алайда жанды орындауда ешқашан естімеген туындыны тыңдау маған өте қызықты болды. Оның үстіне, мен Астанада ешқашан болған емеспін, тек жас кезімде Алматыға гастрольмен барғанмын. «Астана Опера» театрын сырттай ғана білетінмін, заманауи техникамен жабдықталған жаңа ғимарат салынғанын естігенмін. Бүгінгі көргенім маған қатты ұнады. Музыканы асқан қызығушылықпен тыңдап, сценографиялық шешімдерге тәнті болдым. Әрине, Э.Фриджерио – біртуатр театр суретшісі ғой. Ол ұлттық сарындарды сезініп және дәл жеткізіп, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тамаша жұмыс атқарған екен. Барлығы да талғаммен жасалған, костюмдер де жалпы идеяға мінсіз сәйкес келеді. Қойылымнан кейін 9 жыл өтсе де, мизансцена көріністері сақталған. Әртістер үйлесімді әрі тамаша ойнап шықты, ал ерлер хорының дыбыстауы керемет, әсіресе тенорлар ерекшеленіп тұрды. Жақсы солистер – бұл үлкен бақ қой, сіздерді құттықтаймын, – деп атап өтті А.Титель.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Линчевский де қорытынды сөзін айтты. 

– Бүгінгі шара – әдеттегіден асып түсетін ерекше оқиға. Сіздер кез келген әлемдік сахнада таныстыруға болатын жоғары сапалы қойылымды паш еттіңіздер. Өздеріңіздің тамаша дәстүрлеріңізді сақтап келе жатқандарыңыз мақтауға тұрарлық. Оркестр мен солистер тіпті ғажап! Сіздердің бай театр тарихтарыңыз жайлы сөз еткенде Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова сынды тұлғалар ойға оралады, олар Қазақстан мен Ресейге ғана емес, бүкіл әлемге сәулесін шашты. Мұның сыры неде екен? Себебі олар әнді жүрекпен шырқады. Құдайға шүкір, Бибігүл Ахметқызының көзі тірі. Егер мүмкіндіктеріңіз болса, оған менің құттықтауымды жеткізіңіздер, себебі бұл театрды осындай жандар жасаған. Бүгін біз олардың жетістіктерінің жемісін көріп отырмыз, бұл – олардың еңбегінің нәтижесі. Сіздер осы тамаша дәстүрлерді сақтап қалдыңыздар, оны ұсақ-түйекке алмастырмаңыздар. Бүгінгі жасап жатқандарыңыз сондай терең, байыпты және олардың философиялық мәні бар. Театрларыңызға сондай тәнті болып отырмын. Нағыз классика осындай-ақ болсын. Бүгін спектакльге келгеніме өте қуаныштымын. Көзі қарақты көрермендер де менімен келіседі, – деп пікірімен бөлісті Владимир Линчевский. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев, Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова, Ресей Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой және тағы басқалары кештің құрметті қонақтары болды. 

«Абай» операсы әлдеқашан Тәуелсіз Қазақстанның төл белгісіне айналды және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мәскеуде өткен гастроль бұл спектакльдің халықаралық маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.