Республика күні қарсаңында Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің атсалысуымен «Қазақ дастарханы – береке бастауы» атты дәстүрлі фестиваль өтті.
Қазақ дастарханы – береке бастауы
921
оқылды

Өткен жылдары ет асудан, қазақтың ұлт­тық тағамдарын әзірлеуден және ұлты­мыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен этнос өкілдері биыл қазақ тағамдарынан дастар­хан жайып, қалың көпшіліктің назарына ұсынды. Ортақ қазанда ет асып, әр үстел басындағы қонақтарға түрлі ұлттық тағам­дар мен табақ тарту арқылы қазақтың салт-­дәстүрі мен дастархан мәдениетін меңгер­ген­ін жұртшылыққа паш етті.

Этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, маңызды құндылықтарды дәріптейтін фес­тивальдің мазмұнын тілге тиек еткен Шым­кент қалалық Ішкі саясат және жас­тар істері жөніндегі басқармасының бас­шы­сы аталған іс-шараның жалпыұлттық құнды­лық­тарды өскелең ұрпақ жадында жаңғыр­туға септе­сетінін айтты.

– Өткеніміз бен бүгінімізді салыс­тыр­ған жанға бүгінгі іс-шараның мәнін ұғу аса қиын емес. Кеңестік дәуірде қазақ еліне жер аударылғандар алдыңғы буын­ның кең пейілі мен дархан дастарханының арқа­сында осы күнге аман-есен жетті. Сый­лас­тық, достық, қонақжайлық – бұл ұғымдар барша отан­дастарымыздың дү­ние­танымы мен өмір салтының негізінде жатыр. Осын­дай құнды­лықтардың арқа­сында біз­дің ортақ үйіміз – Қазақстанда бей­бітшілік пен қоғамдық келісім сақтал­ып отыр, – деді басқарма бас­шы­сы Айгер­ім Жұма­ғұлова. 

Дастархан басында бата берген қала­лық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі­нің төр­ағасы Орынбай Рахманбердиев:

«Қазақ дастарханы» фестивалінің мақ­саты – ас ішіп, ыдыс босату емес, бүгінде бар­­шамыздың Қазақстан деп аталатын мем­лекетте тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқа­ны­мызды жұртшылыққа жеткізу, бір қа­зан­нан ас ішіп, бір дастархан басында бас қосып, өзара сыйластықпен, татулықпен тұрып жат­қан­ымызды көрсету», – деді.

Фестиваль барысында қалалық Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының маман­дары ұлттық қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Биыл аталған іс-шараға алғаш рет қа­тыс­қан қалалық «Ассамблея жастары» ұй­ымы­ның өкілі Нурали Гусейнов «Қазақ дас­­тар­ханы» фестивалі көңілінен шыққан­ын айтты.

– Үлкен атам бізге қазақ халқына құр­мет көрсету туралы жиі айтатын. Жер аудар­ы­лып, Қазақстанға келгенде қазақ­тардың бауырына тартып, дастарханын­дағы нанымен, құртымен бөліскенін көп еске алатын. Ішіп-жеуден қиналғанда қазақ­тардың үйіне шақырып, мата дас­тарханын ашқанда әрқайсысымызға бір-бір құрттан немесе бір үзім наннан тиіп, бақыттан басымыз айналатын дейтін. Қазақ дастар­ханы – береке бастауы. Себебі қаншама ұлт пен ұлысты демеп, қолындағы барымен бөлісу кез келген халықтың қолынан келе бермейді. Өз басым қазақ еліне, қазақ хал­қына, қазақ дастарханына және қазақтың кең пейіліне айтар алғысым шексіз, – дейді Нурали Ахмадұлы.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған «Қазақ дастарханы» фести­валі алғаш рет 2015 жылы Шымкентте қала­сында бастау алған болатын. Жыл сай­ын түрлі форматта өтетін фестиваль қа­ла­лық ассамблеяның ұйытқы болуымен биыл тоғыз­ыншы рет ұйымдастырылды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы