Жарықтық Қожанасыр атамыздың да жүрмейтін жері жоқ. Көк есегіне көлденең отырып алып, жортқаннан жортып отырып Шымкентке де келіп жетті.
Қышыған жерден қол кетпес
323
оқылды

Шырайлы қаланың шамы жылт-жылт етіп, Қожекеңді қызықтыра түсті. Небір зәулім үйлер салыныпты. Көз тартар көшелер де көп. Осылай келе жатқанда алдынан бір топ әйел шулап шыға келді. Айтуларынша, көпқабатты үйлерден алған пәтерлерінің сапасы сын көтермейді. Абай ауданы «Шұғыла» шағынауданы Нұрлы жол көшесінің асфальті тозған. Ирригация жүйесі салынбаған. Бұл жөнінде көше тұрғындары былтыр ақпан айында тиісті органдарға шағымданған. Бірақ осы күнге дейін нәтиже жоқ. «Қатырамыз» деп жауап бергендер тым-тырыс жатыр.

– Япыр-ай, көлдей тасып келе жатқан көңілім судай басылды ғой, – деп Қожекең есегінен түсті. 

Тыңдап отырса, бұл Шымкентіңізде шылық та, былық та аз емес. Айталық, коммуналдық саласына жауапты шенеуніктер бірінен соң бірі заңды белден басып, айыппұлмен жазаланып жатыр екен. Мегаполисті жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің басшысы Асқар Булешовке кадр саласындағы былық-шылықтары үшін Еңбек инспекторы айыппұл салып кеткен. Ол аз болғандай, сол Булешовтің тікелей басшысы, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловқа антимонополия айыппұл салған. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Е. Қос­баевтың уәжін тыңдап көрелік.

– Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде заңбұзушылықтарға жол берген. Нәтижесінде, басқарма басшысына 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді ол.

Р. Меңдіқұлов осы қызметке биылғы қаңтар айында тағайындалған. Ал Шымкентте шырылдап сұйытылған газ іздеп жүрген жүргізушілердің жанайқайы көктегі Құдайға да жеткен болуы керек. Бірақ басқарма басшысы әкімшілік жазамен ғана құтылып, бүгінде жұмысын жалғастырып жатыр. Ол 1,1 миллион айыппұл төлеуі тиіс. Осы айыппұлды төлеп құтылды ма, жоқ па, бұл арасын тиісті орындар анықтай жатар.

«Қуатжылуорталық-3» мекемесі басшысы Асқар Булешовке қайта оралайық. Ол басшының міндетін атқарушы болып тағайындалған күннен өзгеше «өнер» ашты. Келген бойда кадрлық сапырылыс жасап, қаланы у-шу етті. Біліктілікті тексеру комиссиясы дегенді желеу етіп, биліктегілерді жаппай қудалай бастаған. Шағымданушылардың айтуларына қарағанда, жаңа басшы жұмысшыларға әртүрлі қысым көрсеткен. «Өз еркімен арыз жазып кетуден» бас тартқандарды біліктілікті тексеру комиссиясына салыпты. Ал босаған орындарға басқа адамдарды қабылдай қойыпты. Олардың Асқарға ағайындығы бар ма, жоқ па, мұны да бір тексеріп қойған артық болмайды дейді шағымданушылар.

Бір таңырқатарлығы әрі ең сорақысы сол, жаңа басшы бұған дейін прокуратура органдарында жұмыс істеп жүріп сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылған Данияр Толыбаевты кәсіпорында офицер-комплаенс лауазымына тағайындауында қандай сыр жатыр? Ал «комплаенс» деген лауазым антикордың ұсынысы бойынша соңғы жылдары кәсіпорындарда ашылған жаңа штат. Ол мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг жасаумен айналысады. Сонда Булешов жемқорлықпен сотталған адамға жемқорлықпен күресуді тапсырып тұр ғой.

Тағы бір таңырқатарлығы, Шымкент қаласының еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, арызда көрсетілген мән-жайларды растаған. Шырылдап шағымданушылар жұмыстан заңсыз шығарылыпты. Сондай-ақ жемқорлықпен сотталған Толыбаевтың жемқорлықтың алдын алумен айналысатын офицер-комплаенс лауазымына жұмысқа қабылдануы заңға қайшы екенін ескертіп, заңсыз бұйрықтың күшін жою жөнінде нұсқама берген. Бірақ бұған бағынатын Булешов пе, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағымданады. Әрине, соттағылар оның арызын қанағаттандырмаған. Бірақ Асқар апелляциялық шағым беріп, оңайлықпен есеп жібермейтінін дәлелдеуге барын салып жүрген көрінеді. Соттағылар соқыр болмаса, соңғы сөздерін айта жатар.

Осылай Шымкентіңізде озбырлық, өзімбілермендік өзеуреп тұр. Мемлекеттен бір тиын да алмай, жап-жақсы жұмыс істеп келе жатқан бір мекемені тартып алу күресі қызу жүріп жатыр. Құдай ақырын берсін, әкімшілік шабуылын үдеткені сонша, мәселені мәслихат алдына шығарып, өзіне жаққан блогерлерді, депутаттарды сайратып қойды. 

Тағы бір таңырқатарлығы, Асқар Булешов те, Рзабек Меңдіқұлов та Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековтың сеніп қойған кадрлары деседі. Сенген кадрлары ұятқа қалдырып жатқанда әкім мырза ойланар ма екен, әлде жаңа жүрістерін жалғастыра берер ме екен?

– Қазақ «қышыған жерден қол кетпес» деуші еді. Сіздерге қышыған жерді бірден басатын дәрі керек екен. Мыналарын шырайлы шаһар атына лайық емес екен, – деген Қожанасыр жарықтық есегін кілт бұрып, жөнеп кетті. 

Алған бағыты Астана жақ көрінеді...

Талаптан ТАЙЛАНБАЙҰЛЫ