24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымы күні. 1945 жылдың 24 қазанында осы ұйымның Жарғысы ресми түрде күшіне енген еді. Алайда жаһан халықтарының басын қосатын, жылағанның көз жасын сүртіп, зорлықшылды тежеуге тиіс деп танылған ірі ұйымның бас хатшысы «персона нон грата» деп танылып, бітімгерлеріне қарата оқ атылып жатыр.
БҰҰ: қауқары қайтты ма, әлде?..
1,165
оқылды

Әдетте, адамзат БҰҰ-ны хал­ық­аралық қауіпсіздік пен бейбіт­шілікті сақтау мақсатында құрыл­ған ұйым ретінде таниды. Барлық ұлтты тең көретін, баршаның ба­ла­сын бауы­рына басуға тиіс ұйым – бұл. Әр ұлттың өз тағдырын өзі айқындап, мемлекет құру құқын мойындайтын, сөйте тұра күні бүгінге дейін құрылған мемлекет­тердің аумақтық тұтастығының сақталуын жақтай­тын институт. Алай­да соңғы жыл­дары БҰҰ өз жар­­ғысында көрініс тапқан ере­же­лерді телі мен тентекке орындата алмай жүр. Өзге түгілі БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесі тұрақты мүшесінің өзі көршісін тарпа бас салып, аумақ­тық тұтастықтығын бұзғанынан соң, бұл ұйымның өзгеге сөзі өте­ті­ніне сену қиын. БҰҰ резолю­ция­лары жарияланып жатады, жинал­ғандар дауыс береді. Бірақ тү­бе­­гейлі орындалатын қарарлар саны көп емес. 

Орындалмайтын резолюциялар көп

Айталық, БҰҰ 1993 жылы Тау­лы Қарабақ аймағының Әзербай­жан жері екенін мойындайтын 4 бірдей резолюция қабылдаған. Олар 822, 853, 874, 884-ші резолю­циялар еді. Оларды Армения ор­ын­даған жоқ. Кейін өз аумақтық тұтастығын Әзербайжан қарудың күшімен қалпына келтірді. Тағы бір мысал айтайық, 2022 жылдың 12 қазанында БҰҰ Бас Ассамблея­сының төтенше мақсаттағы арна­йы сессиясында ES-11/4 резолю­ция­сы қабылданды. Онда Ук­раи­­наның Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарына қатыс­ты қабылдаған шешімнің күшін жою Ресейден талап етілген. Ук­раина­ның аумақтық тұтастығының сақталуына қатысты мұндай ре­золюциялар аз емес, бірақ орын­дал­ғаны жоқ. Ал Израильге қатыс­ты БҰҰ қабылдаған резолюциялар толып жатыр. Мәселен, тек 1979 жыл­дың өзінде – 7, 1980 жылдың алғашқы алты айында 8 резолюция қабылдады. Мысалы, 1980 жыл­дың 30 шілдесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған 480-ші резолю­ция Тель-Авивтен Палестина жерінен, соның ішінде Иерусалим­нен кетуді және БҰҰ-ның бұрынғы резолюцияларын орындауды тал­ап етеді. Бірақ бұл талаптарды Из­раиль орындамады. Биыл 18 қыр­күйекте де резолюция қабыл­даған. 124 ел жақтап, 43 ел қалыс қалып, 14 мемлекет қарсы болған жоба еді. Резолюцияда «12 айдың ішінде Израиль күштері өздері басып алған Палестина жерінен кетуі керек» делінген. Бірақ оған назар аударған Тель-Авив шенді­лер­ін көрмедік.

Керісінше, қазір Израиль пре­мьері Беньямин Нетаньяху БҰҰ Бас хатшысы Гутеррештен Оңтүс­тік Ливаннан халықаралық бітім­герлік күштерді алып кетуді талап етіп жатыр. Израиль БҰҰ бітім­герлерін «Хезболла» қалқан қыл­ып отыр деп есептейді екен. Яғни, атыс нүктелерін БҰҰ күш­теріне өте жақын етіп орналас­тыратын көрі­неді. Ал The New York Times болса, өз дереккөздеріне сүйене оты­рып, Израильдің де өз күш­терін БҰҰ бітімгерлері база­сына жа­қын орналастырып, бітімгер­лерге қауіп төндіріп жат­қанын жазғаны бар. 

Қазанның 13-і күні Израильдің екі Merkava танкісі Оңтүстік Ливандағы БҰҰ бітімгерлік күш­тері базалары бірінің дарбазасын бұзып кіріп, базадағы жарықты сөндіруді талап етіпті. Екі рет оқ атқан. Бірне­ше бітімгердің жара­лан­ғаны жайлы мәлімет тарап жатыр. Тель-Авив танктер дар­базаны бұзбағанын, базаға бұр­ынғы ұрыстарда жара­ланған екі жауынгерді алып кетуге келгенін, бір-ақ рет оқ атқанын мәлімдеді. Ливандағы БҰҰ бітім­герлік күш­терінің қолбасшысы Арольдо Ла­заро болса: «Ливанның оңтүстігін­дегі бітімгерлер қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. 

Жу­ырда маған позициясын ЦАХАЛ (Израиль мемлекетінің қарулы күштері) ат­қылап тастаған италиян­дық бітімгерлерге барудың сәті түсті. Әрі бітімгерлер позициясына жа­қын маңайда ЦАХАЛ мен «Хез­бол­ла» күштерінің қиянкескі шай­қасын көрдім. Мен бітімгер­лердің батылдығы мен өз ісіне берілгенін көріп, іштей мақтан­дым», – деп жазды Х платформа­сын­да. 

БҰҰ бітімгерлеріне шабуылдау миссия жұмыс істеп жүрген ай­мақ­тардың біразында болды. 1996 жылы Израиль UNIFIL күштері орналасқан кампусты атқылап, 106 бейбіт тұрғынды өлтірген еді. Сол кезде 4 бітімгер жараланған. 2017 жылы Конго демократиялық республикасында жұмыс істеп жүрген БҰҰ бітімгерлеріне ша­буыл жасалып, миссия құрамын­дағы 14 жауынгер қаза тауып, 44-і жараланған болатын. А.Гутерреш сол оқиғаны БҰҰ бітімгерлеріне жасалған тарихтағы ең ірі шабуы­лы деп бағалаған. 

Бас хатшының беделі қандай?

Бәлкім, бітімгерлерге шабуыл­ды ұрыс болып жатқан аймақтар­дағы оқыс оқиғалардың қатарына қосуға болатын шығар. Дегенмен әр шабуылдың астарына үңілген артық болмайды. Ал БҰҰ құрыл­ым­дары­ның шешімдерін мақсатты түрде орындамай, Бас хатшыға саяси қы­сым жасау – мүлдем бас­қа әңгі­ме. Айталық биыл 2 қазанда Из­раиль БҰҰ Бас хатшысы Анто­ниу Гутерришті «персона нон гра­та» деп жариялап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Біздің білуімізше, БҰҰ Бас хатшысын «персона нон грата» деп жариялаған оқиға ұй­ым­ның 80 жылға жуықтаған тари­хында алғаш рет тіркелді-ау шамасы.

Рас, БҰҰ тарихында Бас хат­шыға белгілі бір қысым жасау, үміт­кер ретінде аты ұсынылған дипломаттарға Қауіпсіздік кеңесі тұрақты бес мүшесінің вето қойған сәттері болған. Тіпті, БҰҰ екінші Бас хатшысы қаза тапқан. 

1961 жылдың 18 қыркүйегінде Африка құрлығында болған ұшақ апатынан сол кездегі Бас хатшы Даг Хаммаршельд мерт болған. Тергеу бастапқы кезде шынымен ұшақ апаты деп бағалағанмен, кейінгі жылдары, дәлірек айтқан­да, 2013 жылдан бері ол қастандық­пен өлтірілуі мүмкін дейтін бол­жам айтылып жүр. Тергеу де бас-тал­ған. Бірақ бірқатар мемлекет­тердің, соның ішінде АҚШ, Ұлы­британия, Бельгия қатарлы елдер­дің арнайы қызмет мәліметтерін бермеуіне байланысты Д.Хаммар­шельдтің өліміне қатысты іс алға жылжымады. 

БҰҰ тархындағы екінші Бас хатшының қызмет істеген жылдар ұйым біршама күшейген кез. Кореядағы соғыста тұтқындарды құтқару, бітімгерлер контингентін жасақ­тап, алғаш рет Суэц дағ­дарысы кезінде пайдалану, Аф­рика құрлығында тәуелсіздік алған елдерді қолдау, геноцидке жол бермеуге ұмтылу тәрізді әрекеттер Д.Хаммаршельдің хатшылығы кезінде жасалды. Орнынан кетуді талап кеткен КСРО басшысы Никита Хрущевке Даг Хаммер­шаль­дтің: «Мен орнымда қала­мын. Дәл қазіргідей турбуленттік кезде кету оңай. Күшті держава­лардың талабына бас ию өте оңай. Ал мені сайлағандардың, біздің көмегімізге мұқтаждардың игілігі үшін жұмыс істеу әлдеқайда қиын», – деп жауап бергені аңыз болып қалды.

Тағы бір Бас хатшы Бутрос Ғали қызмет еткен жылдар ком­мун­истік идеология күйреп, онда­ған жаңа мемлекет тәуелсіздік ал­ған тұс еді. Өткен ғасырдың 90-жылдары. БҰҰ Бас хатшысы ұйымның біршама тәуелсіз жұмыс істеуіне мүдделі болғаны бар. Түрлі қақтығыстарды тоқтатуға тырысқанмен, бұрынғы Югосла­вия жеріндегі соғысқа, Руандадағы гено­цидке тоқсауыл қоя алмады. Ұйымды біршама күшейтіп, ешкімнің ықпалында жүрмейтін құрылым ету идеясын жақтаған Б.Ғалидің екінші рет сайлануына АҚШ вето қойған-ды. 

Енді міне, әлемдегі ең ірі ұй­ым­ның Бас хатшысын «персона нон грата» деп жариялап жатыр. Шамасы, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін, бейбіт­шілікті сақтап, тұрақты дамуды қамтамасыз ететін ұйым қуатты мем­лекеттер үшін бақшаға орнат­қан қарақшы құрлы құны жоқ болып тұрған сыңайлы. Әйтпесе, дәл А.Гутерриштің мәлімдемесі бас жарып, көз шығаратындай емес еді. Ол Иран Израильге зым­ыран шабуылын жасаған кезде Х платформасында «Мен Таяу Шы­ғыстағы қақтығыстың кеңейіп, эксалация артынан эскалация бо­лып жатқанын айыптаймын. Бұл тоқтатылуы керек. Бізге сөз жоқ атысты тоқтату қажет» деген еді. Тель-Авивтегілер тулап шыға келген соң Бас хатшы: «Менің ке­шегі айыптау мәлімдеменің кон­тексінен түсінгендеріңіздей, мен Ир­анның Израильге жасаған жап­пай зымыран шабуылын қатаң айыптаймын», – деді. Әрі «Мен Бас хатшы қызметін атқарған жыл­­дар ішінде былтырғы қазан­нан бері Израиль Газа секторында өлім құсқан ең жойқын әскери кампания жүргізді. Сонымен бірге палестиналық қарулы топтар да зорлық-зомбылық жасап жатыр. «Хамас» зымыранмен атқылауын тоқтатар емес», – деп қосып қой­ған. Ал Тель-Авивтегі шенеуніктер БҰҰ Бас хатшысының Газа сек­торында былтырдан бері мыңдаған адамның қаза тапқанын жиі айт­қанына шамданатын сияқты. Содан да болар 13 қазанда Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Кац Бас хатшыдан «персона нон грата» алынбайтынын мәлімдеді. 

Қазақстан БҰҰ-ны реформалауды жақтайды

Қазақстан билігі ұйымның сақ­талып қалуын жақтағанмен, реформалауды қолдап жүр. Әсір­есе, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қыз­метіне біздің көңіліміз тол­майды. Мұндай пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтты. 2023 жылдың 3 қараша­сында Астанада өткен Түркі мем­лекет­тері ұйымы басшыларының саммитінде: «БҰҰ Қауіпсіздік кең­е­сінің қызметі тоқырауға түс­кені жасырын емес. Осындай кез­де Бас Ассамблеяның рөлін күш­ейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік кеңесін реформалау ісінде мейлін­ше сындарлы болу қажет. Біздің ойым­ызша, бұл маңызды орган әлемнің барлық аймағын қамти­тын мемлекеттермен толығуға тиіс. Әсіресе, жаһандық Оңтүстік елдері тыс қалмауы ке­рек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БҰҰ-да жұмыс істеген, ұйым қызметін сырттай бақылап қана қоймай, оған іштей араласқан кәнігі дипломат ретінде Қ.Тоқаев Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты бес мүшенің ықпалы зор екенін жақсы біледі. Қуатты елдердің БҰҰ-ның баршаның мүддесін тең қорғайтын ұйымға айналуына жол бермей отырғаны да оған таныс мәселе. Ал Қазақстан тәрізді «орта державалардың» БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі рөлі көп емес. Өйткені тұрақты 5 мүше бар. Қалғандары кезекпен айналып келеді. Сол себепті былтыр БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 78-сессиясында Қ.Тоқаев бұл мәселені ашық айт­қан. Тек дипломатқа тән рито­рикаға сүйенді.

«Кеңесте «орта державалар­дың» және барлық дамушы елдер­дің үні күшейетініне, анық естіл­етініне кәміл сенемін. Бай­қау­ым­ызша, Қауіпсіздік кеңесі тығыр­ықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіп­сіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құра­мын­да басқа елдер, соның ішінде Қазақ­стан да болуы керек», – деген бо­ла­­тын Мемле­кет басшы­сы. 

Ал биыл 18 қазанда өткен Astana Think Tank форумында Қазақ­­стан президенті: «Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көп­теген кем­шілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық ел­мен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық держа­валар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік кеңе­сінде естілуге тиіс. Қауіп­сіздік кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйт­кені ол, өкінішке қарай, тығыр­ыққа тірелді. Ал одан шығудың жолын бәріміз бірлесіп табуымыз керек. Біз келесі жылы 80-жыл­дығын атап өтетін Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымына қолдау көрсетуі­міз қажет», – деді.

Шынында да, халықаралық сахнада БҰҰ-на балама болатын ұйым жоқ. Шексіз ғарыш кеңіс­тігінде құм түйіріндей де болмай­тын Жер шарындағы біріге алмай жүрген ұлттардың басын қосып, кез келген мәселені диалогпен ше­шу­дің жолын осы ұйым ұсына­ды. Тек жаңғырып, қуатының артқаны керек. Әйтпесе, ірі ұйым­ды қуыршақ құрлы көрмейтін «алыптар» бар әлемде. Олардың астыртын текетіресі «екі түйе сүй­кенсе, ортасында шыбын өледі» дейтін жағдайды қалыптастырып келе жатыр.

Амангелді ҚҰРМЕТ