Ұлттық мерекелер барлық мемлекеттерде бар. Ол – ерекше маңызды тарихи оқиғамен байланысты атап өтілетін мемлекеттің ресми басты мерекесі.
Республика күнін әлемде қалай атап өтеді?
Фото: istockphoto.com/ru
1,993
оқылды

Aikyn.kz әлем елдерінде атап өтілетін ұлттық мерекелердің тарихы мен маңызын талдайды. Қазақ елінің ұлттық мерекесі Республика күнін – халықты бірлік пен ынтымақ негізінде дамуға шабыттандыратын идеологиялық тірек деп қарау ұсынылады.

Ұлттар мен ұлыстарды біріктірген қазіргі Наурыз мейрамы ежелден тойланатын санаулы мейрамның бірі. Фото-коллаж aiqara.kz сайтынан алынды

Ұлттық мерекелер ұлттық бірегейлікті нығайту, ұлт идеясының төңірегіне ұйыстыру міндетін атқарады. Ұлттық мереке – халық үшін ерекше маңызды тарихи оқиғамен байланысты атап өтілетін мемлекеттің басты ресми мерекесі. Маңызды оқиғаларға тәуелсіздік алу, отаршылдықтан құтылу, қайта бірігу немесе конституцияның қабылдануы жатады.

Халықтың басын біріктіретін ең көне мерекелер пұтқа табынушылық дәуірде пайда болды. Олар, мысалы, көктемнің келуі немесе егін жинаудың аяқталуымен байланысты мерекелер. 

Ұлттар мен ұлыстарды біріктірген қазіргі Наурыз мейрамы  – осындай мәртебеге ие болған, ежелден тойланатын санаулы мейрамның бірі. Оның бастауы зороастризм дәуірінде жатыр. Зороастризмнің қасиетті «Авеста» кітабында Наурыз мерекесі туралы айтылған. Авестаның іліміне сәйкес, адамдар әр көктемде жердегі тіршіліктің пайда болуын атап өтуі керек. Христиан әлемінде мұндай мерекелік рәсімдер негізінен Рождество немесе Пасха сияқты діни мерекелермен байланысты.

Кейінірек ұлттық мемлекеттердің құрылуымен бірге жаңа мейрамдарға негіз болатын оқиғалар тізбегі пайда бола бастады. Ондай мейрамдарға мемлекеттің құрылуына, колониалды бұғаудан азат болуына немесе ірі әскери жеңістерге байланысты күндер таңдалды.

«7 қараша – Ұлы Октябрь социалистік революциясына арналған» мерекенің бар болғанын менің замандастарым білмейді. Фото britannica.com сайтынан алынды

Ұлттық мерекелер бұрынғы дәуірлермен немесе саяси режимдермен байланысты болуы да мүмкін. Алайда билік ауысқан кезде бұрынғы мерекелерді тойлаудан бас тарту жағдайлары да кездеседі. Кеңестік дәуірде 70 жыл бойы тойланып келген мына мемлекеттік мерекелер бүгінде еске алынбайды:

23 ақпан – КСРО Кеңес Армиясы мен Әскери-теңіз флоты күні;

22 сәуір – Лениннің туған күні;

19 мамыр – Пионерлер күні;

7 қазан – КСРО Конституциясы күні;

29 қазан – комсомолдың туған күні;

7-8 қараша – Ұлы Октябрь социалистік революциясына арналған мереке;

5 желтоқсан – КСРО Конституциясы күні.

Бүгінде ұлттық және мемлекеттік мерекелердің мәртебелерін ажырата білу маңызды.

Мереке ұлттық болып есептелуі үшін үш түрлі шарт орындалуы тиіс:

1. Жылына бір рет қана тойланады.

2. Ұлттық мереке мемлекеттік деңгейде де, жалпы қоғамда да, жеке отбасыларда да кең ауқымда тойланады. Тойлаудың қалыптасқан дәстүрлері болады.

3. Ұлттық мереке діни емес – кезінде ол діни сипаттағы белгілі бір оқиғаға негізделсе де, уақыт өте келе ұлтты біріктіру мақсатына қызмет ететін зайырлы оқиғаға айналады.

Independence Day 1776 жылы АҚШ-тың Ұлыбритания Корольдігінен тәуелсіздігін жариялаған 4 шілдеде тойланады. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: David Longo аккаунты

Әлем елдеріндегі ұлттық мерекелер

Кейбір елдерде ерекше ұлттық мереке бар. Мысалы, АҚШ-та 4 шілде – Тәуелсіздік күні (Independence Day немесе Fourth of July). Бұл күні 1776 жылы АҚШ-тың Ұлыбритания Корольдігінен тәуелсіздігін жариялаған АҚШ-тың Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған. 

Ал Францияда 14 шілде «Ұлттық мереке» деп аталады. 1789 жылы осы күні Париждегі Бастилия түрме-бекінісіне шабуыл жасалды, бұл Француз революциясының басты оқиғасына айналды. Шабуыл кезінде ол жерде небәрі жеті тұтқын болғанымен, оқиғаның маңыздылығы тұтқындарды босатуда емес, абсолютті монархияның жойылуымен байланысты болды. 

Сен-Антуан Бастилиясы Людовик XVI-ның абсолютті және бөлінбейтін билігінің символы болған түрме болатын. Бүгінде Бастилия күні француздарды біріктіретін бостандық пен демократияның символы болып қала береді.

Ирландияда Әулие Патрик күні (17 наурыз) елдің өзінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдегі ирланд диаспоралары арасында, соның ішінде АҚШ пен Аустралияда да атап өтіледі.

Әдетте мемлекеттің бір негізгі ұлттық мерекесі болады, бірақ мысалы, Финляндияда бірнеше мереке тойланады, олардың ішінде Тәуелсіздік күні (6 желтоқсан) негізгі болып саналады. КСРО-да ұлттық мереке деңгейінде 7-8 қарашада Қазан төңкерісі тойланды. Бұл коммунистік федерацияның ең басты мерекесі болған. КСРО ыдырағаннан кейін әрбір жаңа мемлекет өзінің ұлттық мерекелерін бекітті. 

Ресейде 4 қарашаны ұлттық мереке ретінде Ұлттық бірлік күні ретінде бекіту әрекеті болды, бірақ ол сәтсіз аяқталды. Нәтижесінде, қазіргі Ресейде сөздің толық мағынасында ұлттық мереке жоқ.

Үндістанда үш ұлттық мереке бар – Республика күні, Тәуелсіздік күні және Махатма Гандидің туған күні (Ганди Джаянти). Фото world-card.ru сайтынан алынды

Үндістан

Республика күні – Үндістандағы ұлттық мереке, 1950 жылы 26 қаңтарда Үндістан Конституциясының қабылдануын және елдің британдық үстемдік мәртебесінен республикаға көшуін тойлайды. Конституцияны Үндістанның Құрылтай жиналысы 1949 жылы 26 қарашада қабылдады, бірақ 1950 жылы 26 қаңтарда күшіне енді. Осы мақсатта 26 қаңтар ұлттық мереке деп танылды. Өйткені 1930 жылы дәл осы күні «Үндістанның Ұлттық Конгресс» партиясы Тәуелсіздік Декларациясын жариялаған болатын.

Бұл Үндістандағы үш ұлттық мерекенің бірі, қалған екеуі Тәуелсіздік күні (Үндістанның тәуелсіздік күні) – 1947 жылдан бері тойланатын 15 тамыз – Британдық Үндістанның британдық отаршылдық жүйесінен шығуы және Гандидің туған күні (Ганди Джаянти) 2 қазанда тойланады. Ганди Джаянти мерекесі «Үнді мемлекетінің әкесі» атанған Махатма Гандиді еске алуға арналған. Ол Үндістанның барлық штаттары мен одақтық аумақтарында тойланады.

Қытай Халық Республикасы

1 қазанда «Қытай Халық Республикасының құрылған күні» бес күн бойы тойланады. ҚХР әлем картасында 1949 жылы пайда болды, «Республика күні» мерекесі кең ауқымда өтеді. Бейжіңнің басты көшелері мен алаңдары балғын гүлдердің алып композицияларымен безендіріледі. Үлкен мемлекеттік және мәдени шаралар ұйымдастырылады. Жүздеген мың жаңа гүлдер, әскери шерулер, халықтық фестивальдар, концерттер, викториналар, шерулер, салтанатты отшашулар – мұның бәрі Республика күнінің басты атрибуттары.

Түркия

29 қазан 1923 жылы осы күні мемлекеттің Конституциясына өзгертулер енгізіліп, ел республика болды. Бұл Осман империясының түпкілікті күйреуіне әкелді. Түркияда «Республика күнінде» түрлі-түсті таңғаларлық шоулар ұйымдастырылып, аспанда отшашулар атылады, әскери шерулер өтіп, азаматтар көшелерде серуендеп, мерекелік іс-шараларға қатысады.

2002 жылы Ресей Федерациясының жаңа Еңбек кодексіне енгізілген соң 12 маусым ресми түрде «Ресей күні» болып өзгертілді. Фото pnzgu.ru сайтынан алынды

Ресейде 4 қарашаны ұлттық мереке ретінде Ұлттық бірлік күні ретінде бекіту әрекеті болды, бірақ ол сәтсіз аяқталды. Нәтижесінде, қазіргі Ресейде сөздің толық мағынасында ұлттық мереке жоқ. Бірақ көпұлтты федерацияда «Ресей күні» (2002 жылға дейін – Ресей Федерациясының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн) Ресей Федерациясының басты мемлекеттік мерекесі болып саналады. Мереке 1990 жылы РСФСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн – 12 маусымда атап өтіледі. Ресей күні Кремльде Ресей президенті мемлекеттік наградалар тапсырады, Мәскеудегі Қызыл алаңда мерекелік шаралар мен отшашу болады.

1990 жылы 12 маусымда қабылданған Ресейдің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Ресей Жоғарғы Кеңесіне КСРО-дан көбірек билік алуға мүмкіндік берді. Ельциннің демократтары өздерінің саяси салмағын арттыра отырып, Горбачевті әлсіретіп, реформаларды тездетуге үміттенді. 

1991 жылы 12 маусым егемендік жарияланған мерейтойдың құрметіне, сондай-ақ осы күні өткізілген РСФСР президентінің сайлауына қатысушыларды ынталандыру үшін жұмыс емес күн болып жарияланды. Б.Н.Ельцин сайлауда жеңіске жетті. Бұл күн 1992 жылдан бастап Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Ресей Федерациясының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн» ретінде мерекелік күн болып бекітілді. 

1997 жылы 12 маусымда Борис Ельцин мерекенің атауын «Ресей күні» деп өзгертуді ұсынды. Ресми түрде мерекенің жаңа атауы 2002 жылы Ресей Федерациясының жаңа Еңбек кодексіне енгізіліп, мереке ресми түрде «Ресей күні» болып өзгертілді.

3 шілде «Беларусь Республикасының күні» және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс фашистерінен Беларусьті азат ету күні ретінде атап өтіледі. Фото akva-abaza.ru сайтынан алынды

Әзербайжан

28 мамыр «Әзербайжан Республикасы күні» 1918 жылы Әзербайжан Ұлттық Кеңесінің шешімімен Әзербайжан Демократиялық Республикасы (АДР) жарияланған күн. 2021 жылдан бастап Әзербайжанда «Республика күні» «Тәуелсіздік күні» деп өзгертілді.

Беларусь

3 шілде «Беларусь Республикасының күні», сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс фашистерінен Беларусьті азат ету күні ретінде атап өтіледі (осы күні Минск азат етілді). Бұл мереке туралы шешім 1996 жылғы күзгі референдумда қабылданды. Мереке «Тәуелсіздік күні» деп те аталады.

Армения

28 мамыр «Армения Республикасының күні» 1918 жылы 28 мамырда Бірінші Республиканың жарияланған күніне арналған. Әзербайжан Демократиялық Республикасы сияқты азамат соғысының шиеленісуі және Ресей империясының ыдырауы кезінде құрылған қысқамерзімді Закавказье ДФР ыдырағаннан кейін құрылды.

Молдова

1991 жылдың 27 тамызында Молдова Республикасының Парламенті Тәуелсіздік Декларациясын қабылдады. Осылайша, Республика күні Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келеді және ресми түрде «Молдавия Республикасының Тәуелсіздік күні» деп аталады.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің егемендігі мен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Фото ortcom.kz сайтынан алынды. Авторлығы: ашық дереккөздер

Қазақ елінің мерекелері

1990 жылы 25 қазанда «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ КСР-нің егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне 2001 жылы енгізілді. 2009 жылы мереке ресми күндер күнтізбесінен жойылды.

2022 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «25 қазан – Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесін қайтарған заңға қол қойды.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңында (2001 жылы желтоқсанда қабылданған) елімізде атап өтілетін ұлттық, мемлекеттік мәртебесі бар мерекелер, кәсіби және өзге де мерекелер бекітілген. Заңның 1-бабында оларға мынадай түсініктеме беріледі: 

Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. 

Қазақстан Республикасында жалғыз Ұлттық мереке бар. Ол – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні.

Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін. 

Қазақстанның мемлекеттік мерекелері:

1-2 қаңтар – Жаңа жыл;

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

21-23 наурыз – Наурыз мейрамы;

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;

7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

9 мамыр – Жеңіс күні;

6 шілде – Астана күні;

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні.

Кәсіби және өзге де мерекелер – ұлттық және мемлекеттік мерекелер мәртебесі берілмеген, азаматтардың жекелеген санаттары атап өтетін мерекелер. Кәсіби мерекелерді қоспағанда, мереке күндерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Кәсіби мерекелердің тізбесін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.

Ұлттық мерекелер ұлттық бірегейлікті нығайту, ұлт идеясының төңірегіне ұйыстыру міндетін атқарады. Фото informburo.kz сайтынан алынды

Биыл үшінші рет 25 қазанда тойланатын «Республика күні» 1990 жылы тәуелсіздікке жасалған алғашқы батыл қадам болған еді. Ұлттық мейрам қазақ халқының тарихи таңдауының маңызын, ұлттық бірегейлік пен өз еліне деген мақтаныш сезімін нығайтады. 

Енді қоғам алдында Республика күнін этностық және мәдени тегіне қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарын біріктіретін символға айналдыру міндеті тұр. Бұл мерекені халықты бірлік пен ынтымақ негізінде дамуға шабыттандыратын идеологиялық тірек деп қарауға болады. 

Республика күнін күздің ғажайып сұлу мезгілінде тойлай отырып, Қазақстан халқы елдің болашағына, оның дамуы мен өркендеуіне сенімін күшейтеді. Егемендіктің бағасын, оның тарихи маңызын да осы күні ерекше насихаттау қажет деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.