Еліміз егемендік алғалы бері паралимпиада ойындарында 18 медаль олжалаппыз.
Жігері мықты, рухы асқақ
779
оқылды

1994 жылы Лиллехаммерде өткен VI Қысқы паралимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы жүлдені шаңғышы Любовь Воробьева салған болатын. Ал биылғы паралимпиаданың жөні тіптен бөлек: ел тарихындағы медальдардың жартысын, яғни 2 алтын, 3 күміс және 4 қоланы биылғы Париждегі Жазғы паралимпиадада еншіледік. 

Паралимпиадашылардың бәсі биік болды

Жалпы, паралимпиада ойындарына қатысып келе жатқанымызға биыл 30 жыл толыпты. Әр дода сайын спортшылармыздың көбейіп, еліміздің туын желбіретіп жүргені үлкен мақтаныш сезімін тудыртады. Алайда паралимпиадаға қатысқан спортшыларамыздың қоғам назарында еленбей қалып жатқандығын көзіміз шалуда. Әртүрлі көзқарас арасында бұл спортшыларға нәтижеге қарамастан үлкен құрмет, сый көрсетілуі тиіс деген пікір бар.

Еліміздің олимпиада спортшыларын қалай қарсы алғаны бәрінің есінде шығар. Бас-басына су жаңа автокөлік, 2-3 бөлмелі пәтерлер, жылқы атағандар мен асфальт салғандар да табылып жатты. Бұның бәрі – кәсіпкерлер, қала-аудан әкімдіктерінің берген сый-сияпаттары. Атап өтсек, Елдос Сметовке Lexus LX 600 автокөлігі, 2,6 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы, одан бөлек үш бөлмелі пәтердің кілті берілді. Күресшіміз Демеу Жадраев – 10 миллион теңге, боксшымыз Назым Қызайбай – 2 миллион теңге ақшалай сертификат пен үш бөлмелі пәтердің иесі атанды. Тіпті, жүлдеге бір табан қалып жеңілген дзюдошы Абиба Абужақынова мен алғашқы белдесуінде жеңілген Эсмигүл Куюлова да сыйсыз қалмады.

Ал осы уақытта Париж төрінде паралимпиадашы­ларымыздың жұлдызы жанып, еліміздің көк туын желбіретіп жатты. Қазақстанның Париждегі Олимпиададан (бір алтын, үш күміс, үш қола) гөрі паралимпиададағы көрсеткіші жоғары болды.

«Әлемде дамыған елдер мүмкіндігі шектеулі жан­дардың қоғаммен бір болып, ешбір кемсітусіз өмір сүруі үшін паралимпиадада барын салады. Сол үшін біз де осы үрдістен қалмауымыз керек», – дейді Qazsport арнасында паралимпиада ойындарын жүргізген спорт комментаторы Олжас Байбосын.

Инклюзивті қоғам құрсақ игі

Рио–2016 Паралимпиадасы алдында Қазақстан паралимпиада комитетінің басшысы Қайрат Боранбаевтың ұсынысымен паралимпиада спорты олимпиада спорттарымен теңестірілген еді. Бүгінде елімізде паралимпиада жүлдегерлері олимпиадада медаль алған спортшылармен тең көлемде мемле­кеттен ақшалай сыйақы алады: алтын медальға – 250 мың доллар, күміс медальға – 150 мың доллар, қола медальға – 75 мың доллар, 4-орынға – 30 мың дол­лар, 5-орынға – 10 мың доллар, 6-орынға – 5 мың доллар тағайындалған.

– Ақшалай сыйақы параспортшыларға көбірек қажет. Жеңімпаз болған жағдайдың өзінде бәрібір олардың емделуіне қаражат керек. Бірақ мемлекеттің пара спортқа көзқарасы жақсара бастағанымен, қоғамның пікірі де маңызды. Біздің қоғам пара­спортшыларды толыққанды спортшы деп қабыл­дамайтындай көрінеді. Паралимпиададағы жетістік қоғамда көп айтылмағаны сәл қынжылтты, – дейді спорт комментаторы Олжас Байбосын.

Пауэрлифтингтен паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев паралимпиадашылардың жеңісі елену үшін қоғамның пікірін өзгерту керек дей­ді. Яғни, жастайынан бастап үйретуді құп санай­ды. 

– Параспортшыларға деген көзқарасты бала кезден бастау керек деп ойлаймын. Еуропа, Азия секілді құрлықтарда біз секілді адамдарға көзқарас мүлде бөлек. Яғни, біздің елдермен салыстырсақ, айырмашылық сезіледі. Қарапайым халық бұны түсінбеуі мүмкін, бірақ біз оны қатты сеземіз. Тіпті, кейбір кездері біздің санаттағы адамдар далаға шығуға да ұялып жатады. Сыртта арбамен немесе дефектісі бар адам жүрсе халық оған басқаша қарайды. Сол себепті де ата-аналар балаларына денсаулығында кемшілігі бар адамдармен дұрыс байланыс құру екенін көрсетсе, қоғам мүмкін жақсы өзгерер, – дейді параспортшы.

Осы орайда Токио мен Париж Паралим­пиада­сында жүзуден қола және күміс ме­даль иеленген Нұрдәулет Жұмағали да «Бірінші бол» подкасына берген сұхбатында: «Бізде тек бокс пен күрес спорты бар сияқты сезім болады. Халықтың қабыл­дауы сондай. Көп адам жүзу спортын түсіне бер­мейді. Мемлекет халыққа жүзу сияқты басқа спорт­тардың да барын көрсетсе дей­сің», – деп көкейде жүрген ойын айтқан болатын.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір елде 56 мың мүгедек адам спортпен жүйелі түрде айналысады, 925 адам – параспорт түрлері бойынша үлттық құраманың мүшесі. Үкімет 19 параспорт түріне (оның ішінде парадзюдо, бочча, голбол, отырып ойнайтын волейбол, үстел теннисі, 5х5 футбол бар) мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

Параспортқа қамқорлық балалардан басталады

Рио және Сочи Паралимпиадаларынан хабар таратқан спорт журналисі Аян Төлеген қоғам мен мемлекет параспортшыларға ғана емес, мүгедек адамдардың бәріне бірдей жағдай жасауға тырысса, ізгілікті қоғам құрылады деп санайды.

– Параспортты олимпиада спортымен теңестіру арқылы мемлекет алғашқы қадам жасады. Ендігі қадам – параспортты шын ниетпен насихаттау керек. Бұл жайлы Президент, Премьер-Министр, әкімдер жиі айтуы тиіс. Елдегі кез келген спорт кешеніне мүгедек адамдар келіп, спортпен айналыса алатындай жағдай жасауымыз керек. Ол адамдар жеті күн бойы спорт залда жүрмейді ғой. Сондықтан олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуі үшін қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, көшеде жүре алатындай инфрақұрылым жасау қажет, – деді ол.

Бұл тұста балаларды да ұмыт қалдырмаған жөн. Расында, параспортқа қамқорлық балалар парас­пор­тынан басталса игі.

– Елімізде паралимпиададан балалар спорты жоқ. Біздің елімізде балалар параспортынан елішілік жарыстар, өкінішке қарай жоқтың қасы. Жалпы, мемлекет осы мәселеге басты назар аударса деймін. Өз тәжірибемде дзюдоны паралимпиада спортшысы ретінде тек 2021 жылы ғана бастадым. Оған дейін көзіміз үйренген кәдімгі дзюдомен айналыстым. Оның өзінде ересектер тобында жүріп бастадым. Денсаулығында ақауы бар жас балалар­дың да спортпен айналысуға жігері өте көп. Соған жағдай жасау керек – дейді дзюдодан паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек.

Ақмаралдың сөзінше, соңғы жылдары паралим­пиада спорты біртіндеп дамып, параспортшылардың саны да тұрақты түрде өсіп келеді. Мысалы, парад­зюдо бойынша 2016 жылы небәрі 1 спортшы болса, биыл олардың саны 10-ға жетті. Парас­порттың да­муы­на үлкен ықпал етуші факторлардың бірі – медиа саласы. 

– TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілер арқылы біздің парақшаларымызға көп көрермен тартылады, ал бұл өз кезегінде параспорттың әр­түрлілігін көрсетіп, оқырмандардың қызығушы­лығын арттыруда, – дейді А.Науатбек.

Әсет ҚАЛИ