Күй арнау – ежелден келе жатқан мадақтаудың бір түрі. Қазақ күйшілік өнерінің тарихында хан мен батырға, өз заманының марқасқа тұлғаларына күй арнау дәстүрі көп кездеседі.
Кенесары ханға арналған күй
Фото: Р.Нүркеновтің жеке архивінен
3,752
оқылды

Мысалы, «Қос мүйізді Ескендір», «Абылай хан», «Қабанбай» сынды туындылар қазақ дәстүрлі музыкасының озық үлгілері болып саналады. Солардың қатарына «Бес төре»  деп аталатын күйді де жатқыза аламыз.

«Бес төре» – Тәттімбет Қазанғапұлының күйі. Тәттімбет күйші XIX ғасырда Қазақстанның орталық өңірінде өмір сүрген. Жастайынан әкесі күйшілікке баулып, бес саусағынан өнер тамған айтулы өнерпаз болып ер жетеді. Тек қана күйші ғана емес, сол уақыттың белгілі кәсіпкері де болған. Алтын шығарып, шет елдермен қарым-қатынас орнатқан.  

Бұл ретте Ақселеу Сейдімбектің мына бір пікірі күйшінің болмысын ашып бергендей: «Қазақ халқының күйшілік өнерінде күй тілімен өмір құбылыстарын бейнелеуден гөрі, сол өмір құбылыстары туралы ой толғап, тұжырым жасау дәстүрін орнықтырған ең ұлы тұлғаларымыздың бірі – Тәттімбет. Оның күйлері негізінен нақтылы өмір құбылыстарынан гөрі, сол өмір құбылыстарының нәтижесіне алдымен ден қояды. Яғни, әрекеттен гөрі пайым, сыртқы көріністен гөрі ішкі қасиет, фактіден гөрі постфактум – Тәттімбет шығармашылығының ең өзекті сипаты. Бұл орайда, Тәттімбетті күйшіліктің философы десе орынды».

Шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының бізге қырықтан астам күйі жеткен. «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Бозайғыр» сынды бірегей туындылармен қатар «Бес төре» күйі де бар. Бұл Кенесары Қасымұлына арналған күй. Нақтырақ айтсақ, Хан Кене және оның әкесі мен інілеріне. 

Бірақ, өкінішке қарай өткен ғасырдағы саяси жағдайға байланысты дәстүрлі мәдениетімізге қатысты көптеген мәлімет бұрмаланғаны белгілі. Соның ішінде аталмыш күй де бар. Кеңес кезіндегі сұрқия саясат хан ұрпақтарын, яғни «төрелердің» атын атауға, олар жайында жазуға рұқсат етпейтін. Тіпті қудалайтын да. Сондықтан ХХ ғасырдың зерттеушілері күй тарихының мынадай нұсқасын жазып кеткен: 

«Тәттімбет бір ауылда мәжіліс құрып, гулесіп отырған азулы билер мен төрелер ортасында өз кезегін алып, тыңнан бір күй толғайды. Тосыннан тартылған бұл күйге тыңдаушылар елеңдесіп қалады. Анықтап аңғарған адамға күй бойында шымшыма сықақ, әжуа күлкі бар екендігі байқалады. «Апыр-ау, мына бұрын естімеген күйді не оймен ортаға салып отыр екен?» деп ойлаған пысықтау біреуі күйдің шығу тарихын, мән-мағынасын сұрайды. Сонда Тәттімбет оған: 

Күйдің аты – «Бес төре»

Бесеуі де мес төре, 

Санаң болса кеудеңде, 

Жұмбағымды шеш төре, 

Өз еліне қасқырдай, 

Неге мұнша өш төре?! – деп жауап береді.

Сондағы бұл «төрелер» – Шыңғыс Уәлиханов, Құнанбай Өскенбаев, Мұса Шорманов, Ыбырай Жайықбаев, Ерден Сандыбаев».

Бұл аңыз ресми нұсқа болып барлық оқулықтарға енгізілген. Шәкірттер осы аңызды жаттап, айтып жүрді. Ғылыми-зерттеулер мен диссертациялық еңбектерде де мәлімет кеңінен таралып, сілтемелер беріліп жүрді. Кейін бірқатар ғалымдар осы аңыздың кейбір тұсын жоққа шығарып, «керісінше, осы адамдар (Шыңғыс, Құнанбай, Мұса, Ыбырай, Ерден) тура билігін айтқан үшін Тәттімбеттің арнау-мадақтау күйі» дегендер де табылды. Бірақ осы аңыздың жалған, мүлдем басқаша екендігі белгілі болды. 

 Аңыздың әдейі ойдан құрастырғандықтың өз себептері бар. Біздің ойымызша,  біріншіден, ел билігін айтқан азаматтарды мұқалту үшін, халық жадында сақталған есімдерді қаралау үшін арнайы ұйымдастырылған. Ал кейінгі, яғни екінші аңыз аты аталған саңлақтарды тәуелсіздік алғаннан кейін ақтап алу әрекеті деп білеміз. 

Енді өзіміздің «Кенесары Қасымұлына арналған күй» деген сөзімізге дәлел келтірейік.

Абай облысы Ақсуат ауданының тумасы, күйші Бағаналы Саятөлеков күй тарихын былайша жеткізеді:

«Тәттімбеттің Бес төре күйі деген бар. Бұл Қасым сұлтан мен оның төрт ержүрек ұлдары Кенесары, Наурызбай, Саржан, Есенгелді төрелерге қатысты. Бұлардың батырлығына, қайтпас жігеріне арналған. Ел арасында «Кенесары-Наурызбай» деген тағы бір атауы да кездеседі». 

Бағаналы ақсақалдың дала күйшілерінің соңғы өкілдерінің бірі, яғни ұстаздан шәкіртке жеткен кұй мұраның нағыз иесі болғандықтан бұл пікірді шындыққа жанасады деп есептейміз. Сондай-ақ күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов күй Абылайдың ұрпақтарына арналған деген. 

Кенесары мен Тәттімбет күйшінің кездесуі жайлы Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романында мынадай бір дерек бар. 

«Құнанбай төмен қарап сәл үнсіз отырып, сөзін сабақтаған.

– Кенесарыға кісі жіберуіміз керек. ...Енді ұлықтардың өтініші. Жіберген адамдарың айтып барсын, хан райынан қайтсын дейді. Егер, патша ағзамға мойынсұнып, әскерін таратса, соғыс ашқанын қойса, онда, әлі де кеш емес, Көкшетау округіне аға сұлтан қылып тағайындаймыз дейді. Қасында азын-аулақ төлеңгіті болады. Тек ақ патшаға адал болсын, бұлғақты тоқтатсын дейді. Және елшілікке ханменен екі арада жаулығы жоқ бейбіт рудың бір адамы барсын дейді.

Құнанбай өңменнен өтетін жалғыз көзін Тәттімбеттің жүзіне қадаған.

– Міне, Тәттімбет, мен сені сол себепті шақыртып едім...

... Тәттімбет кіріп келіп, оң қолын кеудесіне қойып сәлем бергенде төрде түнеріп отырған Кенесары селт еткен жоқ. Орданың ішінде жан күйзелткен ауыр үнсіздік орнады. Тәттімбет ханның жүзіне бажайлап қараған. Кенесарының сәл қуарыңқы жүзінен төгілген уыты оттай шарпиды екен... 

...Тәттімбет аз ғана кідіріп барып, барлық жайтты қысқаша айтып шыққан.

– Елдегі төрелерге мен не айтуым керек? – деді содан соң. – Жауабыңыз қандай?

– Жауабымды жазда естисіңдер, – деді Кенесары есіктегі жасауылға белгі беріп жатып». 

Міне, осы сапарында Тәттімбет Кенесарының өзі мен сарбаздарын көріп, әңгімелерін тыңдап, ер мінезіне іштей риза болған шығар. 

Ал, күйдің дүниеге келуі Хан Кененің қапияда жан тапсырып, жақындарының тегіс қырылуымен байланысты. Тәттімбет есіл ерлерді жоқтап, олардың ерлігіне, батырлардың жорықтарына арнайы күй шығарған деседі.

Күйдің құрылымдық ерекшеліктеріне қарасақ, бес бөліммен тұратынын көруге болады. Бұл Қасым, Кенесары, Наурызбай, Саржан, Есенгелді сұлтандарға әдейі арналғандай. Әр бөлім өзінше ерекше, біресе асықпай, біресе адуынды, өзіне ғана тән сарыны мен қағысын байқаймыз. Ал, арасындағы бір қайырым жеңіл, көңілді әуенге ұласып қырғыз күйіне ұқсас келеді. Бұл Тәттімбеттің «төрені қырғыз өлтірді» дегендей айтқысы келді деп топшылауға болады. 

Кеңес кезінде отарлау жүйенің ықпалымен ақиқаттың көбі айтылмады. Айтуға мүмкіндік те бермеді. Сол саясатқа тиімді, ойдан шығарылған жалған деректерді халық арасында кеңінен таралды. Көптеген күйдің шығу аңызы өзгертіліп, әндеріміздің мәтіндері қайта өңделді. Солардың ішіндегі «Бес төре» күйі қазақ музыка тарихындағы ең озық туындылардың бірі. Өкінішке қарай, күй аңызы бұрмаланып, халық арасында Алаш ардақтылары жайында теріс пікір қалыптасып, тәуелсіздік үшін күрескен асылдардың есімдері ұмытылуға шақ қалды. Егемендігіміз өз қолымызға келген кезде, бар шындықты айтып, халық мұрасын қайта қарау керек деп есептейміз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші