Сонымен, тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы бұл күннің тарихи маңызына тоқталса, тарихшы һәм саясаттанушы Сайын Борбасов республика күнінде идеологиялық сегмент болу қажет екенін айтады.
Республика күнінің тарихи мәні қандай?
Фото: akorda.kz. Алматы қаласындағы Республика алаңы
2,098
оқылды

25 қазан – Республика күні. Биыл да аталмыш ұлттық мерекені барша халық атап өтіп жатыр. Бірақ оның маңызы мен тарихы туралы мәліметтер әлі де аз. Бұл әлі көлемді зерттеуді қажет еді. Осыған орай Aikyn.kz сайты мерекеге қатысты саяси ғылымдар докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Сайын Молдағалиұлы Борбасов пен алаштанушы, ғалым Сұлтан хан Аққұлынан пікірін білді.

- Бұл күн – ұмытыла жаздап, қайта жаңғырған мереке. Желтоқсан көтерілісінен кейін, билік бұл күнді назардан тыс қалдырып, заңды бұрмалап жіберді. Шын мәнінде, Қазақстанның тәуелсіздігі 1990 жылғы 25 қазандағы Егемендік декларациясынан басталады. Декларация 14 тармақтан тұрады, әрі өте маңызды құжат. Онда қазақ халқының демократиялық мемлекет құру, тәуелсіздікке қол жеткізу, тіл мен мәдениетті дамыту сияқты өзекті мәселелері қамтылған. Декларацияда әлемдегі ең озық демократиялық тәжірибелер мен құқықтық қоғамды орнату жолдары көрсетілген. Біз – әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегіміз. Декларацияда айтылған идеяларды жүзеге асырмай, «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес, – дейді саясаттанушы С. Борбасов.

Одан кейін сарапшы егемендік декларациясы тәуелсіздігіміздің негізі екенін айта отырып, осы тарихи құжаттың ел тарихындағы рөлі туралы былай дейді:

– Декларацияның тәуелсіздік жолында маңызы зор. Сондықтан бұл күн басты мерекеміз болуы тиіс. Оның маңызын халыққа түсіндіру қажет. Декларацияның мазмұнын насихаттау, мектептер мен қоғамда кеңінен талқылау – біз үшін маңызды. Алматыда «Республика күні» тақырыбымен ақпараттар таратуы көңіл қуантады. Бұрын 16 желтоқсанға басымдық берілсе, енді егемендік пен тәуелсіздіктің құндылығын сезінуіміз керек, – дейді ол.

Десе де, аталған пікірге қарсы уәж айтатындар да жоқ емес. Соның бірі – алаштанушы, ғалым Сұлтан Хан Аққұлы. Оның айтуынша, егер бұл күн Алаш кезіндегі Қазақ Республикасының егемендігін қайта қалпына келтіру туралы декларация болғанда, оның тарихи да, саяси да маңызы зор болар еді.

– Негізі, Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының егемендігі туралы декларацияның екі қыры бар. Біріншісі – саяси қыры, екіншісі – тарихи қыры. Саяси қырына келсек, сол 1990 жылдың қазан айында Кеңес Одағының құрамында бар 15 одақтық республикадағы елдер, оның ішінде тіпті кейбір Қырым түбегі сияқты автономиялық облыстар мен республикалар да өздерінің егемендігі туралы декларация, құжат қабылдап жатты. Ол кезде ақпарат құралдары әлдеқайда еркін болатын. Өйткені қайта құру кезеңі еді. Бұл құбылысты сол кездегі ақпарат құралдары «егемендік шеруі» деп мазақ етті. Себебі оның ішінде Қазақстан қабылдаған егемендік туралы декларациясының аты бар да, заты жоқ. Мұның себебін былай түсіндірейін. «Егемендік» жайлаған барлық одақтас республика, шын мәнінде ресми түрде егемендігін жариялағанымен, ол Кеңес Одағының құрамдас бөлігі, субъектісі күйінде қалды. Олардың ешқандай егемендігі де, еркіндігі де болған жоқ. Басқаша айтқанда, 25 қазанда қабылданған декларацияның ешқандай саяси маңызы болған жоқ. Егер ол декларация, мәселен, тарихи жағынан қарасақ, Алаш кезіндегі Қазақ Республикасының егемендігін қайта қалпына келтіру туралы декларация болғанда, оның тарихи да, саяси да маңызы зор болар еді, – дейді тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы.

Сонымен қатар алаштанушы тарихты парақтасақ, кейбір ұят істердің де болғанын меңзеп отыр.

– Кеңес үкіметі құрамында есіңе сала кетейін. Қазанда Кеңес үкіметі одағы әлі орнында болды. 1920 жылдың 5 наурызында айырылған егемендігімізді қайта қалпына келтіру туралы декларация қабылдағанда, декларацияның тарихи да, саяси да аса маңызды болар еді. Мысалы, 1989-1990 жылдары Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония мемлекеттері өздерінің 1940 жылы Кеңес Одағы жаулап келгеннен кейін айырылған егемендігін қайта қалпына келтіру туралы декларация қабылдады. Былайша айтқанда, сол Балтық теңізі жағалауы мемлекеттерінің егемендігін қайта қалпына келтіріп, олар Кеңес Одағынан бөлінді. Сөйтіп, тәуелсіз елге айналды. Ал Қазақ Республикасы АКСР егемендік жариялағанымен, мұның ресми түрде тарихи да, саяси да маңызы болған жоқ.  Тағы қайталап айтамын, ол Кеңес Одағының құрамдас бөлігі, субъектісі күйінде қалды 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін. Сондықтан бұл мейрамды араға 7-8 жыл салып қайта орнына келтіруінің маңызы бар ма? Бұл декларацияның аты бар да заты жоқ. Осыдан екі жыл бұрын қайта қалпына келтіріп, мемлекеттік мейрам ретінде бекітті.  Оны көзі ашық көкірегі ояу бірде-бір азамат бұл мейрамның маңызын білмейді. 1991 жылға қарай Кеңес Одағының құрамында бар-жоғы 12 одақтас республика қалды. Балтық жағалауындағы 3 мемлекет бөлініп кетті. Ең соңында өз тәуелсіздігін жариялаған  Қазақстан болды. Оның себебі сол кездегі Президент Н.Назарбаев бастаған Қазақстан билігі Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін, халқының аңсаған арманы деп қабылдаған жоқ. Сол кездегі Кеңес Одағының бірінші және соңғы  президенті М.Горбачев Кеңес Одағының премьер-министрі қызметін ұсынған соң, Назарбаев сол Кеңес Одағын сақтап қалуға бар күш-жігерін салуға тырысты, – дейді ол.

Сонымен, тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы бұл күннің тарихи маңызы аса сезіле қоймағанын айтса, тарихшы Сайын Борбасов республика күнінде идеологиялық сегмент болу қажет екенін айтады.

 Мерекені атойлап өткізу шарт емес. Идеологиялық сегмент болуы керек. БАҚ-та тарихи оқиғаларға қатысты хабарлар мен пікірталастар ұйымдастырылуы қажет. Мектептерде, оқу орындарында кураторлық сағаттарда декларацияның маңызы айтылса, өте орынды. Мереке кезінде ұлттық тұлғаларды, Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаушыларын еске алу керек. Өзгерістер міндетті түрде жасалуы керек. Сайлау әділетті, уақытында өтпесе, қоғам да өзгермейді. «Кезектен тыс сайлау» біздің қоғамға теріс әсер етеді. Заңды бұзбау, әділетті сайлау өткізу – демократияның негізі. Сайлауға қатысатын кандидаттардың сапасы да маңызды. Нақты білікті адамдардың болғаны дұрыс, – деді ол.