Кенже баласы небәрі үш жаста.
Қызылордаға ер кісімен кетіп қалған: Түркістан облысы тұрғынын өзінен 23 жас кіші әйелі бес баласымен тастап кеткен
19,224
оқылды

Түркістан облысындағы Абай ауылының тұрғынын әйелі 5 баласымен бірге тастап, кетіп қалған, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сапарбек Ермахамбетов «Астарлы ақиқат» бағдарламасына әйелін тауып беруге көмек сұрап келген. 18 шілде күні үйінен шығып кеткен Нәзипа сол бойы оралмаған. Ерлі-зайыпты 2006 жылы отасқан. Екеуінің жас айырмашылығы  23 жыл, ортада бес бала бар. Сапарбектің айтуынша, әйелі Қызылордада тұратын 5 баласы бар, үйленген еркекке кетіп қалған көрінеді.

«Әйелім күйеуінен ажырасқан. Егіз баласы болған. Біреуі кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Ал біреуі үйге келгеннен кейін қайтыс боп кетті. Оның алдында үйленгенмін, балаларым бар. Мен далада көп жүремін. Үйге демалысқа 2-3 күнге келемін. Бір жаққа шықса, балаларға айтпа деп қорқытып қояды екен. Ол Қызылордаға барып келген. Сол жақта әйелі бар еркекпен кездескен. Соған кетіп қалған деген әңгіме бар», - дейді ер адам.

Сапарбек балаларының анасыз өсіп жатқанына көңілі қынжылатынын айтады. Енді ол әйелінен балалары үшін алимент өндіргісі келеді.  Үлкен қызы колледжде, ал қалған балалары мектепте оқиды. Ал кішісі балабақшаға барады.

Нәзипа Өмірбекова балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Алайда ісіне немқұрайлы қараған соң оны басшылық жұмыстан шығарып жіберген екен. Әйелдің үлкен қызы Ұлболсын бауырларының анасын іздеп сағынатынын айтады.

«Анам бұрын да үйден жиі шығып кететін. 2-3 күнге кетіп қалады. Сотталған інісі бар, соған барамын дейтін. Әкем мен анамның бір-біріне деген сыйластығы жоқ. Маған кеткенде «жұмыс істеймін, ақша алып барамын» деп айтатын. Шымкентте жұмыс істеп жүрген. Анам телефонмен сөйлесетін. Оның нөмірін алып, хабарласып көрдім. Бірақ ол «анаңмен сөйлеспегеніме көп болды» деп айтты. Содан кейін нөмірін өшіріп тастаған. Оны тикток-тан да тауып алдым. Бірақ мені ол жерде блокқа қойды», - дейді қызы. .

Ұлының айтуынша, мектепте оларды «сені тастап кеткен» деп мазақ қылатын көрінеді.