Жақын айларда ЖИ үлгілерінің келесі толқыны – тапсырмалар мен жұмыстарды толық автономды түрде қабылдап, орындайтын модельдер жасалады деп болжануда. Олар адамдарға қандай қауіп төндіруі мүмкін?
AI агенті компьютеріңізді жаулап алса не болады?
ЖИ агенті тапсырмалар мен жұмыстарды толық автономды түрде қабылдап, орындайтын болады. Иллюстрация computerhoy.20minutos.es сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ
1,504
оқылды

Aikyn.kz жақын болашақтағы ЖИ агенттері адамның рұқсатымен несие картаны пайдаланып, қызметке кіріскенде қауіпсіздіктің сақталуын newatlas.com сайтындағы материалға сүйеніп талдайды.

ЖИ агенттері адамдардың рұқсатымен олардың несие карталары мен компьютерлерін басқарып, өмірін жеңілдетеді. Иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды

ЖИ нарығында енгізілетін агенттер адамдардың рұқсатымен олардың несие карталары мен компьютерлерін басқарып, өмірін жеңілдетуі мүмкін. Енді бір-екі жылда жасанды интеллект үлгілерінің келесі толқыны – тапсырмалар мен жұмыстарды толығымен автономды түрде қабылдап, өзі орындай беретін ЖИ агенттері шығарылмақшы. 

Anthropic компаниясы ұсынған ең жаңа ЖИ моделі сіздің компьютеріңізді басқара отырып, қандай қызметтерге бейім екенін көрсетеді. Егер бұрын ЖИ агенті туралы идея көп айтылмай келді. Көпшілік тұтынушылар Claude және GPT сияқты үлкен тіл үлгілерін (LLM) негізінен чат-бот қызметтері түрінде қарап келді.

Бірақ ЖИ технологиясы өзінің басқа да қолдану мүмкіндіктерінің кең екенін дәлелдеуде. Оны OpenAI бас директоры Сэм Альтманның ЖИ перспективалары туралы ойларынан көреміз. Альтман өзінің компаниясы ЖИ-дің дамуын бес деңгейге бөліп қарайтынын мәлімдеді.

Біріншіден, чат-боттар – көпшілігіміз соңғы бірнеше жылда олардың ұсынатын керемет мүмкіндіктермен таныспыз. Екінші деңгейде, «ойлауға» бейім модельдер жасалуда, Альтманның айтуынша, OpenAI-дің соңғы o1 моделі солардың алғашқысы. Үшінші деңгей – «агенттер» – адамдардың тапсырмасын қалай орындау керектігі туралы шешімдерді өздері қабылдайтын, адамның атынан іс-әрекеттер жасайтын адамның сеніміне кірген ЖИ болады.

ЖИ агенттеріне адамдар банк картасын және оны пайдалануға рұқсат беретіндей сенім орнайды. Олар интернетке қосылып, адамның атынан веб-сайттармен және басқа технологиялық құралдармен өзара әрекеттесетін болады. Адамдар оларға күрделі жұмыстарды сеніп тапсырып, машина бәрін сапалы жасайтынына сенеді. Мұндай машиналармен адам тек қажет болған жағдайда ғана хабарласып, жұмыс барысын қадағалайды.

Альтманның пікірінше, төртінші деңгей жаңа білімді құруға қабілетті «инноваторлардан» тұрса, бесінші деңгейде адам аз немесе мүлдем араласпай жұмыс істейтін «толық құқықты ұйымдардан» құралған интелектуалды жүйелер болмақшы. Бірнеше жыл бұрын бұл тұжырымдама көпшілікке күлкілі болып көрінетін, бірақ қазір адам өмірінен болған ЖИ үлгілері батыл гипотезаның мүмкін екенін мойындатып отыр.

Claude компьютерлерді адамдар сияқты пайдалануға үйретілген – экранға қарау, курсорды жылжыту, түймелерді басу және теру сияқты іс-әрекеттер жасайды. Фото Anthropic сайтынан алынды

Барлық бес деңгейдің мысалдары бүгінде бар және көптеген жылдар бойы болды деп айта аламыз. Бірақ ірі ЖИ компаниялары жаппай қолжетімділік тұрғысынан әлемдік деңгейде мұндай өнімдерін әлі көрсеткен жоқ. Бұл үрдісті Anthropic компаниясының агент деңгейінде жұмыс істейтін алғашқы моделі бұзған сияқты. Жаңа Claude 3.5 Haiku және жаңартылған Claude 3.5 Sonnet нұсқаларының бөлігі ретінде ұсынылған модель туралы компания мынадай мәлімдеме жасаған:

«Біз жалпыға қолжетімді бета нұсқасында жаңа мүмкіндікті енгіземіз: модельді компьютерді пайдалану. Бүгінгі күні модель API-де қолжетімді. Claude компьютерлерді адамдар сияқты пайдалануға үйретілген – экранға қарау, курсорды жылжыту, түймелерді басу және теру сияқты іс-әрекеттер жасайды».

Компьютерлерді пайдалану – ЖИ-дің дамуындағы басқа деңгей, мүлдем басқа көзқарас. Осы уақытқа дейін LLM әзірлеушілері модельді бейімдеп, ЖИ әртүрлі тапсырмаларды орындау үшін арнайы әзірленген құралдарды пайдаланатын, реттелетін орта түрінді жасап келді. 

«Енді біз модельді құралдарға сәйкестендіре аламыз – Claude біз күнделікті қолданатын есептеу орталарына ұқсайды. Біздің мақсатымыз Claude-ті компьютерді адам сияқты пайдалануға үйрету», – деп жазады Anthropic командасы.

ЖИ-дің компьютерді өз бетінше пайдалану мысалы мынадай. Anthropic зерттеушісі Пуджаа Раджан Claude-қа Алтын қақпа көпірі арқылы серуендеу кезінде күннің шығуын тамашалағысы келетінін айтады. Ол Claude-тан көпірге баратын жолды таңдауды, бұл саяхат туралы күнтізбеге ескерту жазып, үйден қашан шығуға байланысты кеңес беруін сұрайды. 

Claude браузерді ашып, күннің шығу уақыты мен серуендеу орындарын табады, Раджанның үйінен Алтын қақпаға дейінгі саяхат уақытын есептейді, содан кейін компьютердің күнтізбесін ашып, тиісті ескерту жазбасын жасайды.

Claude сияқты LLM үлгілеріне үйретілген чат-боттар да жақсы бағдарламашыларға айналды. Енді Computer Use (компьютерді пайдалану) мүмкіндігінің көмегімен Claude моделі код жазып, оны өңдеп және түзетіп қана қоймай, сонымен қатар браузер терезесінен шығуға, серверлерді іске қосуға және кодты іс жүзінде орналастыра алады.

Бұл жаңа мүмкіндік қазіргі уақытта жаңадан іске қосылуда және оны қолдану шектеулі. Функция, әзірше, тек API интерфейсі арқылы Claude-қа кіретін әзірлеушілерге ғана қолжетімді. Ол сонымен қатар мониторда не болып жатқанын тек скриншоттар сериясы ретінде көріп, суреттерді курсорды қаншалықты жылжыту керектігін және қандай түймелерді немесе пернелерді басу керектігін анықтау үшін пайдаланады.

Сондықтан Claude агенті визуалды динамикалық қолданбаларды талдай алмайды. Дегенмен Google DeepMind ойын ойнай алатын ЖИ жасауда айтарлықтай ілгері алға кеткен.

Google Deepmind ойын ойнай алатын ЖИ жасауда айтарлықтай ілгері алға кеткен. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: AI Revolution каналы

Anthropic инженерлерінің айтуынша, Claude агенті кейде жұмыстан жалығып, ғаламторды шарлап кетеді екен. Бұл шынымен-ақ таңғалатын әрі ойлантатын сипат екен, әрине, егер бұл Anthropic-тің бізді қызықтыру үшін тапқан әдісі болмаса. Модельдің компьютерді пайдалану қабілетін бағалайтын OSWorld тестінде адамдар әдетте шамамен 70-75% жинайды, бірақ Claude бар болғаны 14,9% жинаған. Бірақ бұл бүгінде өз санатындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сарапшы мамандар ЖИ үлгілерінің компьютерлерді басқаруын баршаға қолжетімді жасау қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан Anthropic компьютерді пайдалану мүмкіндігін әзірше қарапайым форматта шығарғанын айтады.

GPT-4-ті жасаған OpenAI сияқты, мұндағы идея ауқымды аудиторияға Claude агентін ұсынудың алдында Anthropic барлық қауіпсіздік тәуекелдері мен бұзу әрекеттерінің алдын алып, жаңадан үйретілген модельдің қауіпсіздік мүмкіндіктерін жақсартуға негізделген. Сондықтан Anthropic тәуекелдері әлдеқайда жоғары болатын күрделі модельге жаңа мүмкіндіктерді қоспай, әзірше тәуекелдер аз кезде қауіпсіздік мәселелерін шешіп алмақшы.

Алдағы бір жылдың ішінде компьютерлерді басқаруға алып, барлық тапсырмаларды орындай алатын жоғары құзыретті агент үлгілеріне қол жеткіземіз. Иллюстрация note.com сайтынан алынды

Әрине, бұл Anthropic үшін OpenAI-дің алдын орап өтіп, жаңа модельді нарыққа шығаруға жақсы мүмкіндік. OpenAI болса ЖИ-ді агент деңгейіне жеткізу туралы біраз уақыттан бері айтып келеді. Бұл компанияның жаңа өнімдерінде міндетті түрде Claude агентіне ұқсас жаңа құрылғылар болады, GPT агенттерінің алғашқы үлгілерін алдағы апталарда немесе айларда шығады деп күтілуде.

Алдағы бір жылдың ішінде біздің компьютерлерді басқаруға алған, барлық тапсырмаларды орындай алатын жоғары құзыретті агент үлгілеріне қол жеткіземіз деп болжау да орынды.

Мұндай мінсіз технология адамдарға қиындықтар да туғызады: тапсырмаларды сіздің компьютеріңізді қолданып орындайтын ЖИ агенті чат-боттан гөрі қызметкерге ұқсай бастайды. Оның өнімділігі адаммен салыстырғанда мыңдаған есе жоғары болып, адамдардың жұмыс орындарын тартып ала бастайды. Жұмыссыздық өседі.

Ал 5-10 жылда бұл ЖИ агенттері цифрлық әлемдегі негізгі жұмыс күшіне айналу ықтималдығы да жоғары. Компьютерде жұмыс істеу, пернетақта мен тінтуірді пайдалану, ақпаратты ғаламдық желіден іздеп, компьютерге орналастыру, оны өңдеу. Осының бәрін ЖИ агенттері ең жоғары сапамен орындайтын болады. Мұндай адам мен машина арасындағы трансформация сізді әлі қорқытқан жоқ па?! 

Қауіпсіздік белбеуін тағып, терең дем алыңыз, бұл көлікте тежегіш жоқ. Claude агенті туралы толығырақ Anthropic сайтында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.