Жасанды зерде – Үкімет төрінде
Жасанды зерде – Үкімет төрінде
635
оқылды
Әлем «5 джиге» толық көшіп үл­герген жоқ, ал ға­лым­дар 6G әлеуетін жария­лады. Соны­мен, алтыншы буындағы желі 5G-ден 8000 есе ұтқыр және жыл­дам­дығы секундына 1 тера­битке жетпек. Егер осын­ша ақ­паратты қағазға басып шы­ғарсақ, 200 беттен тұратын 520,3 мың кітапқа немесе сон­дай көлемдегі бума-бу­ма құ­жатқа тең болар еді. Яғни, 6G-де тек 1 секундта ғана зу ете қа­латын ақпарат 6 мың ағаш­тың тір­шілігін сақтайды. Ғалымдар алтыншы буын­ды жасанды зерде (ЖЗ) бас­­қаратынын айтады. Адамның қабілеті оған аздық етеді. Пен­денің шаршауы, басқа істерге алаң­дауы, ойнап-кү­луі, ауырып-сырқауы, сондай-ақ ұйқы, демалу, тамақ ішу секілді өмір қажеттігіне «уақыт жоғал­туы» секілді адами факторлар 6G-ге тек кедергі келтіріп, ісіне тұ­сау бо­лады. Демек, жасан­ды ин­­теллект кемелдене келе: «Аяқ­қа оралғы болмай, былай тұр­шы!» деп адамдарды екінші орынға ысыруы, жер-жаһанды бас­қаруды өз қолына алуы әбден мүмкін. Адам қолынан шық­қан жасанды ақыл-ой ақыры адам­заттың өзін құл етіп, материал­дық ресурсқа айналдыратыны ту­­ралы талай кинотуынды тү­сірілді. Күні кеше фантастика көрінген жаңа әлем енді табалдырықтың ар жағында тұр. Сидней универси­те­тінің ғалымы Махьяр Ширвани­могаддам 6G-ге құрылған байла­ныстың жаңа стандарты халықара­лық қауымдастық алдынан жаңа көкжиектер ашатынын, техноло­гия­­лардың жаңа түрлері туын­дайтынын, техникалық прогресте төңкеріс болатынын болжады. Оның айтуын­ша, адам миы мен техниканың ин­теграциялануы жоғарғы деңгейге жетеді. Бұл жағ­дайда адамдар бір-біріне қонаққа баруды қоюы ық­тимал, себебі арнайы VR-көзілдірік кию арқылы бір-бірінің қасында отырғандай сезіне алады. Алты джи небәрі бір секундта 142 сағат видеоны жүктеп алуға мүмкіндік бермек. Рас, бұған қол жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Мысалы, инженерлер ком­пьютерлік архитектураны өзгертуі, материалдардың жоғарғы қуат пен жүктемеден қызып кетуі проблема­сын шешуі, бұрын-соңды болмаған 6G инфрақұрылымын түзуі керек. Оны айтасыз, тіпті «бес джи» мұ­наралары да соған шыдамай, өзді­гінен өртке оранғаны бейне­ленген видеороликтер интернетте қаптап жүр. Дегенмен 2020 жылғы ақпандағы жағдай бойынша 5G коммерциялық пайдалану үшін жеткілікті жаһандық инфрақұры­лымға ие. Ал алтыншы буын желісі алғаш рет 2030 жылға қарай Жа­понияда іске қосылады деп жос­парланған. Оған әзірлік басталып кетті.  

ЖЗ институты және заңы болады

Қазақстан жасанды интеллектті кіріс әкелер «сауынды сиырға» ай­налдыруға болады деп санайды. «Digital Almaty: жаһандық эконо­миканың цифрлы болашағы» халықаралық форумында Үкімет басшысы Асқар Мамин Artificial intelligence арқасында респуб­ликамыз 25 миллиард доллар пайда таба алатынын мәлімдеді. Осы мақ­сатта инновациялық техно­логия­ларды дамытуға баса мән берілмек. Премьер-Министр осынша табыс негізінен қай са­лаларда күтіліп отырғанын да атады, бұлар – көлік, логистика, тау кен, мұнай-газ өндіру сектор­лары. Оларда инновация ендіру 2050 жылға қарай 5 триллион теңге экономикалық тиімділік әкеледі екен.

– Ғасыр ортасында дамыған 30 ел қатарына қосылу мақсатына жету жолында біз экономиканы жыл сайын 5-6% өсіріп отыру мін­детін қойдық. Бұл өсімнің елеулі бөлігі еңбек өнімділігінің артуы арқылы қамтамасыз етілуге тиіс. Осы орайда, жасанды зерде ен­гізудің зор әлеуетін көріп отырмыз. Қазақстанда жасанды ақыл-ойды қолданудан болатын жалпы эконо­микалық тиімділік жылына ша­ма­мен 25 миллиард долларды құ­райды. Ең үлкен нәтиже жылына 15 млрд долларға дейін табыс әке­летін қызмет көрсету мен 9 млрд долларға дейін пайда түсіретін тау-кен өндіру саласынан күтіліп отыр, – деді Асқар Мамин.

Елімізде инновациялық эко­жүйе­ні өркендетуге бағытталған іс-шаралар кешені жүзеге асы­рылып жатыр. «Екі жыл бұрын Astana Hub халықаралық ІT-стартаптардың технопаркін аштық. Оның негізінде «Alem» ІТ бағдарламалау мектебі оқытудың заманауи тәсілдері мен әдістерін қолдана отырып жұмыс істейді. 2019 жылдың қыркүйегінде инновациялық ІT-университетті аштық. Қазіргі уақытта оның Amazon және UNICEF секілді алдыңғы қатарлы ІT компаниялармен және даму институттарымен ынтымақ­тастық жасауы мәселесі пысық­талуда. Дүниежүзілік экономика­лық форуммен бірлесіп, «Астана» қаржы орталығы негізінде Төртінші өнеркәсіптік революция орталы­ғын құруға уағдаластық. Ол биылғы жыл соңына дейін іске кіріседі. Qwazar компаниясымен бірге ин­но­вациялық бағдарламалау мек­тебін ашу жоспарлануда», – деді А.Мамин.    width= Ол сондай-ақ Қазақстанда жасанды зерде ұлттық кластерін құру қолға алынғанын жеткізді. Мұнымен Назарбаев Университет айналыспақ. Кластерге зертха­налар, деректерді өңдейтін зерттеу орталығы және жасанды интел­лекті дамыту ұлттық паркі кіреді. Бұл ретте мемлекеттің серіктесі Дүниежүзілік банк болады. Бұдан бөлек, ЖЗ Үкіметке кіреді: Smart Data Ukimet атты қолданыстағы үкіметтік базада қол­данылады. «Бұл үлкен деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабыл­дауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Назарбаев Университеті базасында смарт-жүйелер мен жа­санды зерде институты құрылады. Жалпы, барлық салада жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттырудың маңызды фак­торы. Осыған байланысты бүкіл Еуразиялық одақта ЖЗ техно­ло­гияларын үдемелі дамыту және қолайлы жағдайлар жасау бойынша бірқатар шара қабылдауымыз қажет!» – деп нықтады Үкімет басшысы. ЕАЭО шаралар кешені ортақ стандарттар түзуді, деректерді ин­теграциялау мен алмасудың бірың­ғай саясатын әзірлеуді, ғылыми-зерттеу қызметін өркендету бойын­ша өзара әрекеттесуді қамтиды.  

Әзірге табыс емес, тек үнем

Мамандардың түсіндіруінше, Премьер айтып отырған $25 млрд – таза табыс емес. Бұл – эко­номи­калық тиімділік, яғни басым бөлі­гінде кіріс әкелуге емес, ақша үнем­деуге қатысты. ЖЗ эко­номи­кадағы көптеген сала қыз­метін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік және логис­ти­ка сала­сында ЖЗ қолдану тран­зит­тік бағыт­тардың ұтымдылығын арт­тыруға ықпал етеді. Кеденде – шека­радан өту уақытын жедел­детеді. Саудада – көлеңкелі және контрафакт айналымы көлемін азайтады. Бұл ойды халықаралық ұйым зерттеулері растайды. PwC дерегін­ше, жасанды интеллекттің жаһан­дық ЖІӨ-ге үлесі осы онжылдықта 15,7 трлн долларға жетеді. Оның 6,6 триллионы – бизнес процес­тер­ді автоматтандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру, ал 9,1 трлн-ы – сауданың жалпы аудиторияға емес, енді әр адам сұранысына қа­рай дербестенуі арқасында тұтыну­дың өсуі есебінен болады.

«Қазақстан жасанды ақыл-ой­ды жаппай енгізуге әзір емес. ЖЗ тіпті 4G-де тұсаулы аттай тапы­рақтайды. Ал еліміздің басым бө­лігінде 2 не 3 джи. Үкімет 2020 жылы интернетпен ел халқының 93%-ын қамтитынын мәлім етті. Бірақ «қосылды» деген елді мекен­дерге барсаңыз, көбінде ұшқыр интернет жоқ. Видео түгіл, бір су­реттің жүктелуін минуттап күтіп отырады. Кейбір жерге кең жолақ­тысы келді, әйткенмен оған тек мектептер, әкімдік және бірлі-жа­рым мекеме филиалы қосылған. «Қазақтелеком» ол кент-аудандағы қарапайым тұрғындар үйлерін қосуға бас қатырмайды. Ендеше Үкімет көзбояушылықты тоқтатып, АҚШ-тағыдай ауыл-аймақты ғарыштық интернетпен жабдық­тауды жолға қоюы тиіс. Әйтпесе, бюджет қаржысына дотация­ла­натын ЖЗ ел игілігіне айнал­майды, тек алпауыт зауыт, цифрлы фаб­рика, автоматтандырылған кеніш инвесторлары мен қожайындарын кіріске кенелтер өнім болады», – дейді ІТ маманы Руслан Ермеков.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев 2019 жылы «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасын іске асыруға бюд­жеттен 18,7 млрд теңге шығындал­ғанын хабарлады. 2018-2019 жыл­дары цифрландыру іс-шаралары 802,5 млрд теңге көлемінде эко­но­микалық тиімділік әкеліпті. Ин­новациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды және іргелес сала­лар­ды ескерсек, барлығы 120 мың жұмыс орны құрылды. «ЖЗ саласында жұмыс бас­талды. Ол үшін арнайы заң жобасы әзірленді. Назарбаев Университеті Дүниежүзілік банкпен бірге ЖЗ институтын құрып, оның бағдар­ламасын жасауда. Біз 2020 жыл бойы осы жоба аясында жұмыс істейтін боламыз. Бұл жаңа эко­но­микалық модельдерді құруға мүм­кіндік береді. Жасанды зерде тех­но­логиясы бар Smart Data Ukimet жобасы 180 млрд теңгеден астам сомадай жанама әсер береді», – деп сендіреді министр.   Айхан ШӘРІП