Биыл Ақтауда 50 жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған магистралдық жылу желілері қалпына кел­тірілді.
Ақтау қысқа дайын
562
оқылды

Жылу және ыстық сумен үздіксіз қамтама­сыз ету үшін 11,3 шақырым құбыр ауыстырылды. Бұл жұмыстарға 17 млрд теңге бөлінді. Ақтауда жылу беру маусымы 15 қазанда басталды. Бұған дейін облыс әкімдігінің  Telegram арнасында тұрғындардың жылу жоқтығына қатысты пікірлері көбейіп кеткен еді, ал қазір тұрғындар коммуналдық қызметкерлерге алғыс айтуда.

Төрт баланың анасы Тілектес Ибр­а­ева облыс орталығындағы 28-шағынауданда тұрады. Оның айтуынша, үйге 16 қазанда жылу берілген.

«Үй жылы. Мен басқа аудандарда тұратын достарымнан сұрадым. Барлығында жылу бар. Иә, кейбір үй­лерде адамдар әлі күтіп отыр, бірақ коммуналдық қызметкерлер тұрғын­дарды жылумен толықтай қамтамасыз ету үшін күні-түні жұмыс істеп жатыр, меніңше, бүгін-ертең жылу беріледі. Сондықтан мен қаладағы тұрғындардың бәрі жылусыз отырғаны жөніндегі ақ­параттың шындыққа жанаспайтынын айт­қым келеді», – деді Тілектес Ибраева.

«Мен 5-шағынауданда тұрамын. Біздің үйге 19 қазанда жылу келді. Бұған дейін ақаулар болды. Ол кезде апаттық бригадалардың оларды жою үшін жұмыс атқарып жатқанын бәріміз көрдік. Менің анам көрші үйде тұрады, оған жылу бізден де ерте берілді», – деді Ақтау қаласының тұрғыны Алев­тина Головина.

«19-шағын ауданға жылу берілді, біз оны бір аптадай күттік. Тұрғындарға ақаулар жойылған бойда үйлеріне жылу бірден келетінін үнемі айтып отырды. Енді пәтеріміз жылы емес, қат­ты ыстықтан терезелерді ашып отырмыз. Коммуналдық қызметкер­лерге қажырлы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді», – деді зейнеткер Гүлмира Исаева.

Қала әкімдігі 26 қазанға қарай әлеуметтік нысандардың 97%-ы (115-тің 112-сі) жылумен қамтамасыз етіл­генін, ал қаладағы 1 500 тұрғын үйдің 34-інде жылу жоқ екенін ха­барлады.

«Жаз бойы негізгі жылу жүйелері ауыстырылды. Бұл өткен жылдар­дағыдай жылу мен ыстық су беруде үзіліс болмауы үшін жасалды. Желі­лердің әбден тозуы салдарынан жөндеу емес, толық ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ауқымды ауыстыру қазан айында аяқталды, одан кейін гидра­вликалық сынақтар басталды. 

Осы уақытқа дейін құбырлар құрғақ болғандықтан, сынақтарды өткізу мүмкін болмады. Су берілісімен ішкі желілердің тозуы 79% болуына бай­ланысты жарылыстар басталды. Әлеу­меттік желілерде қаланы суық алып жатыр деген шағымдарды жиі естимін. Бұл – дұрыс емес, өйткені үйлердің басым көпшілігі жылумен қамтамасыз етілген. Апат болған үй­лерде қазіргі уақытта жедел топтар ақау­­ларды жою жұмыстарын жүргізу­де», –  деп атап өтті Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Жылыту маусымы басталғалы ша­ғынаудандардағы желілерде 121 жар­ы­лыс тіркеліп, оның 100-і жөнделді. Бүгінгі таңда ақауларды жою үшін 110 адам мен 49 техника жұмыс істеп жа­тыр. Ақтау қаласының коммуналдық қызметкерлеріне көмек ретінде Жаңа­өзен қаласынан 8 бригада келді. Тұр­ғындардың үйлеріне жылу жеткізу үш­ін төтенше жағдай бригадалары күн­діз-түні жұмыс істеуде. Ал қалалық кәсіпкерлер коммуналдық жұмыс­шыларды қолдау мақсатында ыстық шай мен бәліш ұсынып жатыр.

«Ақтауға Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайсервис» компаниясының сегіз жұмыс тобы келді. Ақтаудағы құбырлар тозған, жергілікті мамандарға әр шағынаудандағы жарылған жерлерді жоюға көмектесеміз», – дейді «Өзен­мұнайсервис» мекемесінің дәнекер­леушісі Қазихан Байбозов.

Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram арнасы тұрғындар үшін желідегі ақаулар мен олардың жойылу жұмыстары туралы ақпарат алуға арналған алаңға айналды. Тұрғындар өздерінің маңайындағы ақаулар туралы ақпаратты жедел жіберу арқылы ком­муналдық қызметкерлерге көмектеседі. Кейбір тұрғындар үйде жылу берілгенін, бірақ кейбір пәтерлерде, тіпті бөлме­лерде жылу жоқ екенін жеткізуде. Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының мамандары қазір ішкі жүйелерді реттеуді қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері – ОСИ немесе КСК жүргізетінін атап өтті.

Сағындық РЗАХМЕТОВ,

Маңғыстау облысы