«Кісен ашқан» – күйдің аты, Күй иесі – Құрманғазы. «Кісен ашқан» – сыйдың аты, Сый иесі – Құрманғазы. Жұбан Молдағалиев
Күйші Құрманғазы Сағырбайұлының үш шәкірті
Фото Рүстем Нүркеновтің жеке архивінен
2,801
оқылды

Қазақтың әрбір баласы Құрманғазы Сағырбайұлы жайлы біледі. Өмірбаянын толық айта алмаса да әйтеуір есімін естіген. «Адай» мен «Сарыарқа» секілді күйлері де құлағында жүр. Құрманғазының осы және басқа да күйлері өз бетінше нота түрінде жетпегені анық. Олар бізге шәкірттері арқылы жетті. Сондықтан осы мақаламыз күй атасының көзін көріп, күйлерін тыңдап, үйреніп, осы заманға аманаттап табыстаған үш шәкірті жайлы болмақ. 

Құрманғазының шәкірті десек алдымен еске түсетіні – Дина Нұрпейісова (1861-1955). Ол жайлы көп жазылды, ғылыми-зерттеулер арналды. Сондықтан біз қысқа ғана қайырайық. Дина 9 жасынан бастап күйші Құрманғазыдан сабақ ала бастаған. Динаның өзі айтқан деген келесідей сөз қалған екен. «Құрманғазы бізге жақын ағайын болатын. Біздің үйге жиі келіп жүргенде күйлерін талай тыңдадым. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қол ұшын беруін өтінді. Осыдан кейін той-думан, жиындарда онымен жиі кездесетін болдым. Әрине, бала кезімнен Құрманғазының өнеріне тәнті болып, ерекше еліктегенмен, сол кезде оның күйшілік құдіретін, асқақ шабытын түбегейлі түсініп, тереңіне бойладым деп айта алмаймын».

Дина Нұрпейісова Құрманғазының «Адай», «Төремұрат» (Батыр қыз) секілді бірнеше күйін жеткізді.

 

Ел ішінде есімі белгілі тағы бір Құрманғазының шәкірті болған деседі. Ол – Мәмен күйші. Мәмен (1868-1931) жайлы азды-көпті мәліметтер белгілі. Мысалға Өтепберген Әлімгереев өзінің «Дүлділдер дүбірі» еңбегінде Мәменнің әкесі Мұрат дейді. Ал Ерғали Мұраттың әкесі, яғни Мәменнің атасы деп жазады. Ел арасында Мәмен күйші небір марқасқа азаматтармен сыйлас болған дейді. Мысалы, Алаш қозғалысының белді өкілі Бақтырегей Құлмановпен кездескен күйші оған Құрманғазының «Адай», «Байжұмай», «Терісқақпай», «Төремұрат» сынды күйлерді тартып берген екен.

Зерттеушілер Мәмен күйші өз жанынан бірнеше күй шығарған дейді. Олар «Ақшолпан», «Қайғылы қара», «Қаражан ханым», «Он жетінші жыл», («Дүрбелең») секілді авторлық күйлері бізге жеткен. Ел арасында «Қайғылы қараның» мынадай аңызы бар дейді.

Мәмен мерген аңшы болған дейді. Күндердің күнінде мылтығын майлап, аң аулаймын деп, ауыл сыртына жаяулатып шығып кетеді. Қырсыққандай қыбырлаған түк жоқ. Әншейінде аяқ астынан пырылдап көтеріліп, ат үркітетін бөдене де жоқ. Күзгі ор қоянның өзі түгілі ізі де жоқ. Сөйтіп, күн де өтеді. Салы суға кетіп, қарауылға ештеңе іліктірмеген мосқал күйші үй маңына жақындап қалғанда, іргедегі төбеде жалбаң ете түседі. Жалт қараса  өлексе күткен құра құстан аумаған бірдеңе көреді. 

«Құр қайтқанша, осыны алайын» деп мылтығын түзейді. Асықпай көздеп, демін тартып шүріппені басып қалады. Осы мезгілде әлгі құс дегені адамға ұқсап, шар ете құлап түседі.

Аңшы жүгіріп, әлгі жерге барады. Бұл өзінің жалғыз ұлы Кәрім екен. «Әке» дейді де үнсіз қалады. Мәмен мылтығын тізесіне бір салып, екі бүктеген күйі басынан асыра лақтырып жіберіпті. Тәлтіректеген қалпы «Әке» деп үзіліп кеткен ұлының үстіне құлайды.

Сөйтсе осыдан аз ғана бұрын Мәменнің жары Жәниба «ұлым, кеш батты,  төбеге көтеріліп әкеңді қарап келші» деген екен. Күні бойы үйде іші пысқан бала лезде жүгіріп барады. Төбенің басына шығып, әкесін ары-бері қарап іздейді. Ешкім жоқ. Не болса да күтейін деп, шоқиып отыра қалған екен. Ақыры ажал құшты.

Ұлы Кәрімнің өлімінен кейін Мәменнің өмірінің мәні кетеді. Анда бір сандалып, мында бір сандалып жүрді екен. Ермегі шер тарқатып домбыра тарту ғана. Өзінің «Қайғылы қара» атты күйі осы уақытта дүниеге келсе керек.

 

Бүгінде Құрманғазының шәкірті ретінде аты қалған Ерғали Есжанов (1864-1949) та бар. Ол Құрманғазыны алғаш рет жас бала кезінде көрген екен. Күйшінің домбыра тартқанына құмартқан бала Ерғали «Аға, мені өзіңізбен ала кетіңізші» деген екен. Қыс айлары болса да Құрекең баланың бетін қақпайын деп, қасқыр ішікті беріп, шанасына отырғызып алып кетіпті. Осылайша, бірнеше апта Құрманғазының жанында жүрген жас Ерғали күйлерді үйренген екен.

Ондаған жыл өтеді. Бірде Құрманғазы түрмеден серіктесі қалмақ Саранжаппен бірге қашып шығады. Әупірімдеп бір үйді көріп, ішіне кіреді. Үй иесі баяғы Ерғали екен. Жас емес, қарасақал атанған Ерғали. Ол Құрманғазыны бірден танып, қуанышпен қарсы алған екен. Қонақ қылып күтеді. Бұл Астрахандағы Құмөзек мекені екен (Бүгінгі «Камызяк» деп жүрген жер).

Бұл жайында Өтепберген Әлімгереев келесідей жазады: «Құрманғазы Ерғали үйінен аттанарда үй иесіне ақтық рет домбыра шалдырып, тарту шеберлігіне қанығады. Содан соң «Балам, енді саған домбыра қонды, бұдан былай хан ордасында да қысылмай тарта беруіңе болады. Бердім батамды, енді сен менің сүйікті шәкіртімнің бірі бол» деп бата беріп, біраз жыл жолдас болған домбырасын ұсынады».

Ерғали Есжанов бірер жылдардан кейін Маңғыстауға көшіп барады. Орысша сауаты бар, балық аулаудың шебері ол бірден елге сіңісіп кетеді. Десе де туған жеріне деген сағынышы басылмай жүрсе керек. Отырыстарда жаңа бір күй тартып жүреді. Көз көрген қариялар домбыра «елге кетем, елге кетем» деп тұр ғой, Ерғали туған жерін сағынған болар деп, қамдануға бұйырады. Осылайша екі жылдан кейін қайта Құмөзекке оралады. Ал күй халық арасында Ерғалидің «Ел сағынған» немесе «Бозашы» күйі деп аталып кетеді. 

Ерғалидің сегіз ұлы, үш қызы болған деседі. Балаларын білімді болсын деп оқуға беріп, сауатты қылдырады. Сапиолла ұлын Уфа медресесіне берсе, екінші ұлы Шарапиді өзі оқыған Астрахандағы гимназияға береді. Тағдырдың тәлкегімен медресені әні-міне тәмамдайды деген Сапиоллаға суық тиіп қайтыс болады. Аз уақыт өткенде 5-сыныпта оқып жүрген Шарапи де көз жұмады. Ол аз дегендей «өнерімді жалғайды» деген Хабиболла атты ұлы да қайтыс болады. 

Үш қайғы қатар келіп, Ерғали төсек тартып жатып қалған екен. «Топырағы құрғамай, томпайған күйі қызарып жатқан екі арысының жанына үшіншісін қойып қайтқан ол үш күн бойы төсегінде нəрсіз жатып, тек төртінші күн дегенде ғана бас көтеріп, қолына қоңыр домбырасын алса керек. Бар-жоғы жарты аптада сақал-шашы селеуленіп, өңі өзгерген өрелі күйші осы кезде əлі ешкім естімеген жаңа күйді толғай ала жөнеледі. Тартушы түгілі, тыңдаушысын мұңға батырып, еңсе езетін бұл күй кейіннен «Сапи», уақыт өте «Қоштасу» деп аталып кетеді».

Бізге Ерғали Есжановтың күйлерін жеткізген – оның немере інісі Ғылман Қайрошев. Ахмет Жұбанов «Ғылман тартқан Құрманғазы күйлері оған Ерғалидың қолынан өтіп келген» дейді. Осылайша осы заманға Құрманғазының «Назым», «Айда бұлбұл, Айжан-ай», «Бұлбұлдың құрғыры», «Арба соққан», «Маната» сынды ондаған күйі бізге жеткен.

Бұған дейін Құрманғазы мен Лавочкиннің түрмеден қалай қашып шыққаны туралы жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі